«Nur Otan» партиясының өңірлік жол картасының орындалысы талқыланды

526

Атырау облысының әкімі, «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Махамбет Досмұхамбетовтің жетекшілігімен Саяси кеңес Бюросының және Атырау облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының бірлескен мәжілісі өтті.

Күн тәртібінде «Nur Otan» партиясының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Жол картасының» орындалысы және Атырау облысында инклюзивті білім беруді дамыту мәселелері талқыланды.

Партияның 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Жол картасының» орындалысы туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Нариман Таушов баяндады.
«Облыстың Жол картасында 7 басым бағыт бойынша 128 іс-шара жоспарланған. Аталған іс-шаралардың 34,7%-ы «әлеуметтік қызметке бағдарланған аймақ», 26,6%-ы «экономикалық тұрақты аймақ», 15,3%-ы «жайлы аймақ» бағытына тиесілі. Қалған 23,4%-ын басқа бағыттар құрап отыр. Осы негізде ағымдағы жылы Атырау қаласында 560 орындық 2 балабақшаның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Атырау қаласында 2610 орындық 9 балабақшалардың құрылысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүргізілуде. Жыл аяғына дейін 4 балабақша құрылысы аяқталады»,-деген Н.Таушов, жол картасындағы кейбір шаралардың орындалмай қалу қаупі де бар екеніне назар аударды.

Жиында инклюзивті білім беруді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиев ақпарат берді.

«Облыстың 159 мектебінде инклюзивті біліммен 1040 ерекше білімді қажет ететін оқушының даму деңгейі мен жас ерекшелігі ескеріліп, білім берілуде. Барлық білім беру ұйымдарында балаларды инклюзивтік біліммен қамту үшін мектептерді арнайы жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда инклюзивті білім беруді қолдау бағытында аутистік спектрі бұзылған балалар үшін қоғамдық қорлардың бастамасымен 6 мектепте инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды»,- деді С.Есенғалиев.
Сондай-ақ, басқарма басшысы ерекше білімді қажет ететін балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында 400 орындық коррекциялық орталық ашылу жоспарлануда екенін де жеткізді.


Жиын соңында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы, аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов талқыланған мәселелер бойынша жұмысты жандандыру қажеттігін айтып, жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берді.

«Жергілікті атқарушы органдар облыста инклюзивті білім беруді дамыту бойынша қажетті шараларды қабылдасын. Партияның облыстық филиалы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, «Кедергісіз келешек» жобасы аясында кедергісіз орта қалыптастыру жұмысына талдау жасап, ол «Әлеуметтік осал топтарды қолдау жөніндегі» аймақтық Кеңес отырысында қаралсын»,-деген М.Досмұхамбетов, облыс әкімінің орынбасары Н.Таушовқа партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Жол картасының» орындалмау қаупі бар тармақтары бойынша қосымша шаралар қабылдау қажеттігін ескертті.

Сондай-ақ, облыс әкімінің бірінші орынбасары С.Айдарбековке, салалық басқармалар, қала, аудандар әкімдеріне орындалмау қаупі бар инвестициялық жобаларды, жұмыс орындарының құрылуы бойынша көрсеткіштерді жеке бақылауға алып, индикаторлардың толық орындалуын қамтамасыз етуді, қажет жағдайда оларды алмастыру жөнінде нақты шаралар алуды тапсырды.

Жиынға облыстық партия филиалы Саяси кеңесі Бюросының және облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері, облыс әкімінің орынбасарлары, жергілікті атқарушы органдар басшылары, аумақтық партия филиалдарының төрағалары қатысты.

Пікірлер
Редакция таңдауы