Ақберен Елгезек Аягүлдің жұмбақ өліміне қатысты айыптауларға жауап берді

2982

Қазақстан жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек қаламгер Аягүл Мантайдың жұмбақ өліміне қатысты Жазушылар одағына кінә таққандарға жауап берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталының тілшісі. Бұл туралы ақын өзінің Facebook парақшасында жазды. 

БІРІНШІ АЙЫП: ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ АЯГҮЛДІҢ ҚАЗАСЫНА КӨҢІЛ АЙТУҒА ЖАРАМАДЫ!

- Жауап: Аягүл қайтыс болғанда Жазушылар одағына қарасты сол аптадағы «Қазақ әдебиеті» газеті көңіл айту берген. Одан бөлек өзім құрып, жүргізіп отырған «Ұлт» порталының атынан да көңіл айту берілді. Менің өтінішім бойынша Жазушылар одағының белді қызметкері Қайырниса апай Аягүлдің сіңлісіне хабарласып, бізден қандай көмек деп сұрағанда, ештеңе қажет емес деген жауап алды. Біз қолымыздан келгенше ақша құрап (одақтың есебінен емес) туған-туысына азғантай болса да көмек көрсетпек ниетте едік. Алайда, жауап әлгіндей болды.

ЕКІНШІ АЙЫП: АЯГҮЛГЕ ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ КӨМЕКТЕСПЕДІ, ЖҰМЫСҚА АЛМАДЫ, ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙЫНА БЕЙ-ЖАЙ ҚАРАДЫ!

- Жауап: Біріншіден, Аягүл Жазушылар одағына, оның Төрағасы Ұлықбек Есдәулет ағамызға немесе маған тікелей шығып, «жағдайым қиын, маған көмектесіңіздер» деп өтініш жасамаған еді. Екіншіден, Одақ мүшелерінің өзіне біздің ұйым тікелей материалдық-қаржылық көмек бере алмайды. Себебі түсінікті шығар. Жазушылар одағы өз күшімен қалт-құлт етіп, жұмыс істеп келе жатқан көп үкіметтік емес ұйымдардың бірі ғана. Тарихи атағы зор болғанмен, қазіргі жағдайы ондай мәз емес. Пандемия кезінде тіпті титықтап қалдық. Қаншама қызметкерімізді ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр болдық. Олардың көбі әлі күнге дейін жұмыссыз үйінде отыр. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауының арқасында ғана газет-журналдарымыз («Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз» және «Простор» журналдары) үздіксіз шығып келеді. Сондықтан, әр қаламгерге ақша үлестіріп я басқаша көмек беруге бәзбіреулер ойлағандай бізде ондай қауқар жоқ. Есесіне, Алматы қаласының, Ақтөбе облысының әкімдіктеріне шығып, осынау қиын шақта Жазушылар одағының мүшелеріне әкім гранттарын беруге ұсыныс жасағанбыз. Аталған әкімдіктер көмектесті, қалғандары әлі қарастыруда. Алдын ала айта кетейін: Аягүл Жазушылар одағының мүшелігіне Түркістан облысынан қабылданатын жастардың тізімінде тұрған. Алайда, әрі пандемияның кесірінен, әрі Түркістан облысы әкімдігінің жергілікті қаламгерлердің жиынын өткіземіз деген жауабын күтумен уақыт өтіп кетті. Біз әлі де Түркістан облысында (Нұр-Сұлтанда, Талдықорғанда, Ақтөбеде, Павлодарда, Таразда, Шымкентте, Өскеменде, Қарағандыда өткен болатын) жаңа мүшелерді қабылдау рәсімін өткізу үшін өңір басшылығының жауабын күтіп отырмыз.

ҮШІНШІ АЙЫП: ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ АЯГҮЛДІҢ ТАЛАНТЫН БАЙҚАМАДЫ!

- Жауап: Аягүл – таланты ерте танылған қаламгер. Соның арқасында кезінде Ұлықбек Есдәулет ағамыз оны «Қазақ әдебиетіне» жұмысқа алған болатын. Кейін Мәскеуге оқуға барам деп Аягүл өзі газетімізден кетіп қалды. Ұлыағаң Аягүлді өзі ұсынып, «Серпер» сыйлығын (бұрынғы әйгілі Комсомол сыйлығының мұрагер премиясы) алуына дауыс беріп, жәрдемдескен еді. Одан бөлек, Ұлықбек аға Аягүлден өзге де әдеби-рухани қолдау-көмегін аяған емес. Мәселен, Ұлықбек аға Аягүлдің «Гауһар» атты әңгімесін түрік тіліне аудартып, Анкарада шығатұғын «Кардаш каламгерлер» журналына түріктің жазушысы, осы басылымның редакторы, қазақтың үлкен досы Якуб Омероғлы мырзаға айтып жүріп, жариялап берген. Оған марқұм Аяш балаша қуанып, рахметін де айтқан. Маған Ұлыағаңның өзі «осы Аягүл жақсы көретін қарындастарымның бірі» деп талай айтқан болатын. Ұлықбек ағаның Аягүлге жасаған қамқорлығына риза болған қазақтың классик жазушысы Дулат Исабектің өзі қоңырау шалып: «қарындасыма жасап жүрген жақсылықтарыңа көп рахмет» деп алғыс айтқан кездері де болған. Бұған Құдай да, көзі тірі ағаларымыз да куә. Ұлықбек аға Аягүлдің қазасына баршамыз сияқты қатты қайғырды. Сол күндері Аягүлдің барлық шығармаларын жинақтап, бір кітап қып шығару керек деп қазақтың аяулы ақыны Қасымхан Бегманов ағамызға өтініш жасады. Ол кісі бірден елең етіп, Аягүлдің кітабын «Дәстүр» баспасынан шығарып беруге уәде берді. Алайда, марқұмның қолжазбалары тергеуде жатқандықтан, ол шаруа әзірге тоқтап тұр. Бірақ, болашақта бұл дүние іске асады деп сенеміз. Жағдайдың осындай деректерін зерттеп-білмей жатып, «Аягүлдің талантын ешкім елеген жоқ! Аягүлге ешкім көмектескен жоқ! Анадан садаға кет, мынадан садаға кет» деп айту дұрыс па, дұрыс емес пе, өзіңіз шешіңіз, ағайын!

ТӨРТІНШІ АЙЫП: АЯГҮЛДІҢ ЖАНАЗАСЫНА, ҚЫРҚЫНА ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНАН ЕШКІМ БАРҒАН ЖОҚ!

- Жауап: Біріншіден, біз барған күннің өзінде бәрібір марқұмның жаназасына үлгермес едік. Оның үстіне, қазіргі карантин жағдайында өз денсаулығын қатерге тігіп барудың өзі қаншалықты ақылға сыятын іс?! Ешкімге сен барасың деп біз тапсырма бере алмаймыз. Қазір кез келген қазада өте шектеулі адам қатысатынын бәрі біледі. Сондықтан бұл айып негізсіз деп білемін. Аягүлдің қырқына Түркістан облысы бойынша филиалымыздың директоры Әлібек Шегебайға қатысшы деп өтініш айтқан едік, ол Алматыдамын деп, өз кезегінде Шымкенттегі жазушы ағамыз Момбек Әбдәкімұлына өтініш жасады. Момбек ағамыз келісім берген еді, таңда жолға шыққалы тұрғанда ауырып тұрғанын сезіп, тоқтағанды жөн көріпті. Ол кісіге еш реніш жоқ. Жағдайдың түрі мынау. Басқа қаламгерге біздің өкіліміз ретінде Аягүлдің қырқына қатысып, анасына, туған-туысына көңіл айтып барыңыз деп айтуға мүмкіндігіміз болмады,- деп жазды Ақберен Елгезек.

Ақын жеке басына қатысты айтылып жатқан кей пікірлерге де тоқталды. Ақберен Елгезек Аягүл Мантайдың өзін ақын ретінде мойындамағанын растады.

- Ол рас әңгіме. Онда тұрған ештеңе жоқ. Әркімнің өзінің дербес әдеби-көркем талғамы болады. Әдебиетте “сен нашарсың”, “мен ұлымын” дейтұғын пікірталастар болып тұрады. Ол қалыпты нәрсе. Ондай сөзді Аягүлдің өзі де аз естімеген болар. Оған бола ол жазуын тастап, әдебиетті тәрк етіп кеткен жоқ қой. Әркімнің өз оқырманы бар. Ұнатқандар - оқиды, ұнатпаса - кітабыңды жаба салады. Проблема жоқ!, - дейді Ақберен Елгезек.

Еске салсақ, 29 шілде күні жазушы Аягүл Мантай Түркістан облысына қарасты Жетісайдағы туған үйінде қайтыс болды. Жазушының өліміне қатысты қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр. 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар