Белгілі тілшілер Қымбат Досжан мен Мақпал Жұмабай жаңа қызметке тағайындалды

2457
Adyrna.kz Telegram

«Қазақстан» телерадиокорпорациясында кадрлық ауыс-түйіс болды. Бұл туралы телерадиокорпорацияның баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Бүгін «Қазақстан» телерадиокорпорациясы басшылығының шешімімен журналист Мақпал Жұмабай «Қазақстан» телерадиокорпорациясы Басқарма төрайымының орынбасары қызметіне тағайындалды.

Мақпал Жұмабай Корпорацияда 13 жылдан бері қызмет етіп келеді. Qazaqstan телеарнасының Таңғы бағдарламалар бірлестігінің шеф-редакторы, Balapan телеарнасының шеф-редакторы, продюсері міндеттерін атқарды. 2018 жылдан бүгінге дейін Balapan телеарнасының директоры қызметін атқарып келді.

Balapan Телеарнасының директоры болып журналист, тележүргізуші Қымбат Досжан тағайындалды. Қымбат Досжанның Қазақ телевизиясында 40 жылға жуық уақыт тәжірибесі бар. «Qazaqstan» телеарнасы Жаңалықтар қызметінің продюсер-жүргізушісі, Қазақ радиосының жүргізушісі, Қазақ радиосының Бас редакторы міндеттерін атқарды. Қазіргі уақытта Qazaqstan телеарнасындағы «Қымбат жандар» авторлық әлеуметтік бағдарламасының жүргізушісі.

«Телерадиокорпорация салада, оның ішінде, Корпорация құрамындағы теле және радиоарналарда ұзақ уақыттан бері қажырлы еңбек етіп келе жатқан мамандарға үнемі басымдық береді. Бүгінгі тағайындаулар да осы ұстаным бойынша жүзеге асып отыр», – деді Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай» делінген баспасөз хабарламасында.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер