Жетім балалар үшін тігіншілік курсы жұмысын жалғастыруда

2174
Adyrna.kz Telegram

«Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ қолдауымен, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Нұр-Сұлтан қаласы филиалының ұйымдастыруымен  «Интернаттан кейінгі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды бейімдеу және қолдау» жобасы аясында атқарылып жатқан істер көп. Соның бірі балалар үйі түлектеріне «Балық берме, қармақ бер» принципі негізінде білім беру курстары ұйымдастырылған болатын. Бүгінгі күні осы бағытта ағылшын тілі, түрік тілі, колористика, СММ және копирайтинг негіздері тәрізді курстар өз жұмыстарын бастап кетті.

Сонымен қатар, жастар тарапынан сұранысқа ие курстардың бірі –тігіншілік өнерін үйрету курсы болатын. 2021 жылдың 18 қыркүйегінде жоба жетекшісі Лариса Алдабергенова мен жоба координаторы Ахметова Әлия осы курсқа қатысамын деп қызығушылық білдірген түлектерді елімізге танымал дизайнер, «Zeken moda» отандық брендінің негізін қалаушы Әбішев Қайролланың дизайн студиясына апарып, жұмыс барысымен танысуына мүмкіндік жасады. Өйткені, танымал дизайнердің орталығында шеберлік курсынан оқып, білім алуңа деген жастардың ынтасы зор. Қызығушылы мол, ынта-пейілі қызу жастар өздеріне болашақта тігіншілік пен дизайнерліктің қыр-сырын үйрететін тігін орталығы мамандарымен кездесіп, пікір алмасты.

Кездесу барысында Лариса ханым аталған жоба аясында жастарға үш айлық курс қарастырылғандығын, алайда осы бастамаға деген жастар тарапынан үлкен қолдау, қызығушылық болатын болса, болашақта жалғастыру жолдарын қарастыратындығын тілге тиек етті.

Кездесуге қатысқан Жұмағазина Ажар тігіншілік курсының жұмыс уақытынан тыс және демалыс күндері ұйымдастырылуы ыңғайлы болатындығын, өздерінің күндізгі уақытта жұмыста екендігі туралы тілегін білдірді. Тігіншілікті үйретуші мамандар жастарға мүмкіндігінше көмектесіп, кешкі мезгілде, демалыс күндері де үйретуден жалықпайтындықтарын жеткізді.

Жунусова Альмира болса, бұрын тігіншілікпен айналысқандығын, бірақ өз бетінше үйренгендіктен, кәсіби деңгейге жете алмағандығына тоқталып, еліміздің танымал дизайнерінен кәсіби тігін өнерін үйрену мүмкіндігін жасаған жоба ұйымдастырушыларына жылы лебізін білдіріп, алғысын айтты.

Осыған орай, «Қазақ тілі» қоғамы Нұр-Сұлтан қаласы филиалының жұмысы да жетім балаларды көптеп тарту. Сол негізде жастардың ынтасын артту мақсаттар көптеген жұмыстар жүргізілуде.

Жалпы алғанда, жастардың алға қойған мақсаттары орындалып, еліміздің мықты киім брендтерін қалыптастырып, өз кәсіптерін дөңгелетіп әкетіп жатса, аталған жобаның алға қойған мақсаттарының бір парасының орындалғаны. Ал біз жастарға жол көрсетіп, қолдаудан шаршамайық!

Пікірлер