Түркістандық кәсіпкердің туыстары Президенттен араша сұрады

548

Өткен жылы қамауға алынған түркістандық кәсіпкер Хали Сармановтың туыстары ҚР Президенті Қ.Тоқаевтан араша сұрап, бейнеүндеу жолдады деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

— Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, сізге үндеу жолдауға мәжбүрміз. Себебі менің қария, денсаулығында сырқаты бар, үш рет инсульт алған әкем Хали Сармановты Түркістан облысының полициясы және прокуратурасы заңсыз қылмыстық қудалауда. Әкем бас бостандығынан айрылып, зардап шегуде. Сізді біздің мәселемізге құлақ асуыңызды бір жыл бойы өтініп келеміз. Көптеген хаттар, бірнеше рет 500-ден аса қол қойған петиция жолданған болатын. 200-дей ызаланған Хали Сармановтың жанашырлары Түркістан облыстық сотына және прокуратура ғимаратына келіп, заңсыздықтарды, қудалауды тоқтатуды талап етті. Алайда қысым артып, заңсыздықтар жалғасын табуда. Әкемді бас бостандығынан айырудан басқа рейдерлік тәркілеу әрекеттері күшеюде. Еститін мемлекет қағидасы туралы айтылып келеді, бірақ жүз мыңдаған адам заңсыздыққа желіде куә болуда. Сізге өтініп, жалынуға мәжбүрміз.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, сізді Жоғары Сотқа және Бас прокуратураға Түркістан облысындағы заңсыздықтарға арнайы тексеру жүргізуді талап етуіңізді  сұраймыз, — деді кәсіпкердің ұлы.

Айта кету керек, түркістандық кәсіпкер Хали Сарманов бір жылдан бері қамауда отыр. Ол 2020 жылдың 2 қазанында Түркістан облыстық тергеу судьясының санкциясымен қамауға алынған. Сеніп тапсырылған басқа тұлғаның мүлкін иеленді деген күдікке ілінген кәсіпкерді тергеуші мен судья сот ісін жүргізуге кедергі келтіреді немесе тергеуден, соттан жасырынады деп күдіктеніп, кепіл түріндегі бұлтартпау шарасының орнына қамауға алған.

Хали Сарманов қазір 69 жаста. Кәсіпкер «Қайнар Астық» өндірістік кооперативінің басшысы болған.

Бұған дейін Түркістандағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте кәсіпкер кезінде ауыл ақсақалдарының өтінішімен кооперативке жерлерді кіргізіп, ауылдың әл-ауқатын көтеруге күш салғанын, сол өндірістік ұжымға қатысы жоқ азаматтар бірнеше жыл бойы біріккен шаруашылықтың жылжымайтын мүлкін иеленді деп өзіне жала жапқанын айтқан болатын.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

 

Пікірлер
Редакция таңдауы