Қалекеңсіз қырық күн… немесе қос дүлдүлдің бір сәті

2001
Adyrna.kz Telegram

Қазаққа қадірлі Қалыбек ағамыз өмірден өткенде Ришат Асқарбекұлы өз парақшасында жып-жылы жазба қалдырып, ғаламат сурет жариялады. Бұл тегеурінді журналист Қалыбек Атжан мен оның теңдессіз операторы Ағабек Қазанбайдың елорда көшесінде түскен суреті еді. Кім түсірсе де, қолына талай рет фотоаппарат ұстап көрген кәнігі маманның қолтаңбасы екені анық. Екеуінің төбе тұсынан әріректе біздің қаланың бәйтерегі айқын көрініп тұр. Бүгінде ұлт журналистикасының шыңдағы шынарына айналған екі ағамыздың қатар тұрған кейпі де сондай жарасымды. Тылсым сурет... Қос майталман... Бәлкім, кездесу... Бәлкім, қоштасу... Үш бәйтерек... Екеуінің бұдан басқа бірге түскен суреті бар ма екен, өзі? 

Ришат інімнің осы жазбасы «Брендке айналған бір ауыз сөз» деген мақаламызды, дәлірек айтқанда, осыдан он-он бес жыл бұрын жарияланған ой-пікірімізді өңдеп-жөндеп, қайта жаңғыртуымызға түрткі болды. Сол мақаламыздың соңында Қалекеңнің туыстарына, сондай-ақ қос дүлдүлдің сыңары, ардақты Ағекеме де көңіл айтқанбыз.
Ертеңіне көңілі жүдеу, дауысы бәсең Ағабек Қазанбай ағам хабарласты. «Жігіттер суретті қайдан тапқан десейші, менде де сақталмапты, тіпті қашан түскенім де нақты есімде жоқ-ау» дейді. Сөйтіп, Ришат бауырымыз қазақ журналистикасында қолтаңбасы қалған елеулі екеудің тарихи бейнесін қатарға қосты.
Бүгін қадірлі ініміз, әлеуетті әріптесіміз
Оралхан Дәуіттің парақшасынан оқыдым, Қалекеңнің қырық күндігіне орай ас беріліпті. Елордадан Ағабек Қазанбай арнайы келіпті. Рухы шат болсын Қалыбек ағамыздың!
Атжанынан айырылса да, ат-жалынан айырылмаған Ағабек Қазанбай ағам, енді сіз аман болыңыз, сау жүріңіз!
"Қалыбек Атжан, Ағабек Қазанбай..."

(Сурет Ришат Асқарбекұлының парақшасынан алынды).

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер