Студенттердің онлайн форматта оқуы әлем экономикасына 2 млрд доллар шығын әкелмек

2367
Adyrna.kz Telegram

Covid-19 пандемиясы кезінде зиян шеккен студенттердің болашақта алатын табысы 2,9% қысқаруы мүмкін деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "informburo.kz-ке" сілтеме жасап.

"ЕРДО" АҚ директоры Александра Молчановскаяның айтуынша, бұл жағдай студенттердің локдаун кезінде онлайн форматта білім алып, көптеген ақпараттың қолжетімсіз болуымен байланысты.

"Алдағы уақытта 85 миллион жұмыс орны арнайы мамандар көмегімен автоматтандырылатын болады. Бұл автоматтандыру процесі өңдеу, көлік және банк қызметіне байланысты. Бүгінгі таңда қарапайым банкомат пен ұялы телефон банк операторының міндетін алып отыр. Мамандар санына қатысты қысқару болады десек те, жаңадан құрылатын жұмыс орындарының саны олардан да көп болады. Бірақ бұрынғы жұмыстарға қарағанда әлдеқайда қиын. Өйткені, қызметкерден басқа дағдылар талап етіледі.  Жалпы сұранысқа ие маман болу үшін үздіксіз білім алуға дайын болу қажет. Тіпті, өмір бойы білім алуға десек те болады. Ал кейбіреуінің мамандығын түбегейлі ауыстыруына тура келеді", – деді Александра Молчановская.

Әрі қарай орталық директоры әлемде және Қазақстанда жастар санының артып келе жатқанына тоқталды.

"Қазіргі дағдарыс жағдайында жастар жағы пандемияның таралуына қарсы шектеу шаралары, оқу, оқытудың жаңа форматына бейімделу жəне білім беру ресурстарына қолжетімділік тұрғысынан үлкен қиындықтарға тап болды. Оларға қатысты "локдаун ұрпағы" деген халықаралық ұғым пайда болды. Пандемия кезінде жастардың алдынан шыққан қиындықтар болашақта олардың еңбек нарығында жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін шектеуі мүмкін. Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, болашақта Қазақстанда Covid-19 пандемиясынан зиян шеккен студенттердің кірісі шамамен 2,9 пайызға қысқарады. Бұл 1,9 миллиард АҚШ доллары көлемінде жалпы жылдық экономикалық шығындарға алып келеді", – деді Александра Молчановская.

 

 "Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер