Облыс әкімі Қазақстан Жазушылар одағының мүшелеріне сыйақы табыс етті

2281
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин ҚР Жазушылар одағының мүшелерімен кездесті деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

"Сіздермен кездесіп тұру дәстүрге айналғанына қуаныштымын. Соның арқасында рухани-адамгершілік мәдениеттің дамуына қатысты өзекті сұрақтар талқыланып, шешілуде, осы бағытта көптеген жобалар жүзеге асырылды",- деді өңір басшысы.

Соңғы жылдары өңір мәдениетіне ерекше назар аударылуда. Мәселен, екі жыл қатарынан Ақтөбе облысында республикалық әдеби форум өткізіліп келеді, сондай-ақ, жеті атаулы стипендияға қосымша 1 млн теңге көлемінде Өтежан Нұрғалиев, Бәкір Тәжібаев және Қажығали Мұхамбетқалиев есімді жазушылар атындағы тағы үш стипендияны тағайындау жоспарланып отыр. Бұдан өзге, Ақтөбе өңірінің фольклорлық музыкасының антологиясы шықты, кітапханалардың материалдық-техникалық базаларын нығайту, олардың қорын молайту, жас жазушылардың кітаптарын шығару жұмыстары жүргізілуде.

Былтыр қаламыздың орталығында ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбаевқа ескерткіш тұрғызылған болатын, жыл соңына дейін ақын Төлеген Айбергеновке, композитор Шәмші Қалдаяқовқа ескерткіштер орнатылады, сонымен қатар, Алаш қайраткерлеріне арналған «Тәуелсіздік ақ таңы» мемориалдық кешені ашылады.

Оңдасын Оразалин ақтөбелік ақын-жазушыларға Алғыс хаттар мен 160 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы табыс етті. Сондай-ақ ақын, көсемсөзші, республикалық "Адырна" әдеби журналының редакторы Мейірхан Ақдәулетұлын мерейлі 70 жасымен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

 

​"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер