Бүгін 2021 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстанда жалпыұлттық халық санағы басталды. Тәуелсіздік алған сәттен бастап елімізде халық санағы үшінші рет өтпек, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
«Шара алғаш рет цифрлық технологияларды қолдану арқылы өтпек. 1 қыркүйектен 15 қазанға дейінгі аралықта sanaq.gov.kz сайтында онлайн режимде халық санағынан өтуге болады. Сайт 24 сағат бойы қол жетімді», – деп хабарлады Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов.
Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, онлайн режимде санақтан өтпеген азаматтарды қамту үшін 1-30 қазан аралығында қажетті санитарлық нормаларды сақтай отырып интервьюерлердің сауалдарына жауап беру мүмкіндігі болады.
Интервьюерлердің электрондық планшеттерді пайдалануы дәстүрлі кезеңнің басты жаңалығы болмақ. Орташа есеппен санақ сауалдарына жауап беруге 20-25 минут қажет. Азаматтардың белсенділігі мен шынайы жауаптары халық туралы сапалы деректерді алуға негіз болады.
Айта кетейік, елімізде жалпыұлттық халық санағы 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қазаны аралығында өтеді. Санақ «Қазақстанда әркім маңызды! В Казахстане каждый важен!» ұраны аясында ұйымдастырылады.
"Адырна" ұлттық порталы