12 млн теңге айыппұлы төленбеген көлік жүргізушісі ұсталды

2960
Adyrna.kz Telegram

Атырауда 12 млн теңге айыппұлы төленбеген көлікпен жүрген әйел ұсталды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "ҚазАқпаратқа" сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, патрульдік полиция қызметкерлері мен жеке сот орындаушылар палатасының жеке сот орындаушыларының бірлескен рейдтік іс-шарасында төленбеген айыппұлы бар 30-дан астам автокөліктің иесі анықталған.

«Бұл автокөліктердің иелері жылдамдықты асыру, жол белгісі талаптарын орындамау, бағдаршамның тыйым салынған түсінен өту қағидаларын бұзғаны үшін «Сергек» камераларына түскен. Патрульдік полиция қызметкерлері Абай көшесі мен Азаттық даңғылының қиылысында «Toyota Camry» автокөлігін тоқтатты. Тексеру кезінде 41 жастағы әйелдің басқаруындағы көлік иесінің 12 миллионнан астам теңгені құраған айыппұлы бары анықталды. Жеке сот орындаушысының көлік құралын ұстау туралы қаулысымен автокөлік арнаулы тұраққа қойылды» - дейді облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда бір аптада айыппұлы төленбеген 42 көлік тұраққа қойылған болатын.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер