Жылы сөз бен қолдау да волонтерлікке жатады - ВОЛОНТЕР

6289
Adyrna.kz Telegram

Соңғы жылдары еріктілер қатары көбейіп, волентерлік қызмет жанданып келе жатыр. Қазақстанның әр аймақ, облысында волонтерлер клубы бар. “Адырна” ұлттық порталының кезекті сұхбаты Назарбаева университетінің магистратура түлегі, Атырау облысы Құрманғазы ауданының тумасы еріктілер қатарына өз еркімен қосылып, игі істер атқарып жүрген Джумагалиева Айдана ханыммен болды.

-Ең алдымен өзіңіз туралы баяндап өтсеңіз?

-Мен Джумагалиева Айдана, Атырау облысы Құрманғазыауданының тумасымын. Мамандығым – екі шетел тілінің мұғалімі. Жуырда Назарбаев университетінде «Көптілдікбілім беру» бағдарламасы бойынша магистратура аяқтадым.

Белсенді өмір салтын ұстанамын, қоғамдық ұйымдардың мүшесі болып, көпшілікпен жұмыс жасағанды ұнатамын.

-Сіздің есіміңізді “Біз біргеміз” волонтер командасының тізімінен көргем. Волонтерлік қызметке қалай келдіңіз?

-Менің волонтерлік туралы жалпы түсінігім, оған деген қызығушылығым бірте-бірте дамыды.

Алғашқы волонтерлік қызметім сонау 2014 ж. басталған еді. Сол жылы Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының XI форумы өткен болатын.

Форумға Атырау қаласы бойынша оқу орындарының студенттерін еріктілер (волонтерлер) ретінде қатысуға щақырды. “Атырау Волонтерлер Корпусы” құрылып, үлкен командаға айналдық.

Ол жердегі қызметіміз көбінесе бізге жүктелген іс-шаралар аясында болған еді: форумдар, жиын-кездесулерде көмекшілер ретінде қызмет атқардық.

Осы топта 2 жылдай мүше болып, кейін көпшілік студенттердің оқуы аяқталып, жұмысқа орналасып, жаңа еріктілер легі келді.

Ал “BizBirgemiz” волонтерлар тобына 2018 жылы өз еркіммен қосылдым. Олардың қыркүйек айында ұйымдастырған үстел теннисі бойынша қайырымдылық турниріне қатысушы ретінде барып, кейін команда мүшесіне айналдым.

Маған ұнағаны – бұл волонтерлер топ ретінде өз еріктерімен жоспар құрып, шараларын ұйымдастырады.

Басты жұмыс бағыты – жағдайы нашар отбасыларға  әлеуметтік көмек көрсету. Күні бүгінге дейін топ мүшелерінің саны артуда.

Кейде біздің топты Республикалық «Біз біргеміз» жобасымен шатыстырады.

Алайда, біз оларға жатпаймыз, жеке волонтерлік топ болып табыламыз.

-Өз еркіңізбенерікті волонтер” атандыңыз. Бұл сауапты жолдан не үйрендіңіз?

-Жалпы волонтерлік қызметтің берері мен үйретері көп.

Біріншіден, топ мүшесіне айналған соң таныстар мен достардың қатары көбейеді.

Екіншіден, іс-шара өткізген сайын адамдармен қарым-қатынас жасау, келісөз жүргізу және ұйымдастыру секілді дағдылар дамиды. Соның нәтижесінде үлкен өмірлік тәжірибе жиналады.

Үшіншіден, біздің топтың негізгі жұмыс атқаратын бағыты – әлеусеттік көмек. Осы жолда жағдайы ауыр отбасылармен, қиын жағдайға тап болған жандармен кездесетін жағдайлар болады.

Осы жолда «эмоционалды интеллекттің» рөлі зор, себебі біз тек өз эмоциямызды танып-біліп қана қоймай, басқалардың сезімдеріне, жағдайына ортақтасып, мән беруіміз керек.

Ең маңыздысы, жалпы волонтерлерді «еріктілер» деп атаған соң, өз еркіңмен қоғамда белгілі-бір үлесіңді қосып, жақсылық жасайтын қабілетіңнің болғанына ризашылық пайда болады.

-Пандемия кезінде волонтерлардың қызметі он есеге көбейді. Қандай қиыншылықтар кездесті? Ауру өршіген уақытта өз денсаулықтарыңызға зиян келді ме?

-Әрине, пандемия кезінде еріктілерден көп көмек күтілді. Осы кезеңде жағдай қиын болғандықтан, мүмкіндіктер де шектеулі болды. Біз көбінесе шаралар ұйымдастырып, содан жиналған қаражат арқылы көмек беретін едік.

Алайда, көпшілік қатысатын жиындар жасауға тиым салынғандықтан, біздің жұмысымыз бәсеңдеп қалды.

Сондықтан, көмек берудің жаңа жолдарын табуға тырыстық.

Мысалы, көмек бере алатын жандар мен көмекке мұқтаж жандар арасындағы көпір болуға тырыстық, материалдық немесе заттай көмек.

-Атырау облысында өзіңіз секілді ерікті жастар көп пе? Және еріктілердің көмегіне зәру адам қатары ше?

-Менің айналамда волонтер достарым көп.

Көпшілігі әлеуметтік көмек бағытымен айналысады.

Волонтерлік тәжірибемнен айтарым, кез-келген өңірде көмекке зәру жандар әрдайым болады.

-Жастарды волонтерлікке тәрбиелеу үшін не істеу керек?

Қазіргі таңда ең күшті құрал – әлеуметтік желілер / интернет болып табылады.

Жастардың назары сонда болғандықтан, неге сол ресурсты пайдаланбасқа?!

-Волонтер болу үшін “жұмсақ жүрек, мейірімді көңіл” қажет пе?

Менің ойымша волонтер - жақсылық жасауға, қол ұшын созуға дайын тұратын жан. Ол өз еркімен уақытын бөліп, басқаларға көмегін бергісі келеді.

Алайда, “жұмсақ жүрек, мейірімді көңіл” ең басты критерий емес деп ойлаймын. Кез келген адам волонтер бола алады.

Волонтер ол тек қоғамға, мұқтаж жандарға көмек беру емес, сонымен қатар туған-туыстарыңа қамқор болу, жылы сөз айту, қолдау арқылы да көріне алады деп ойлаймын.

Сондықтан, ресми атауынан бөлек әрқайсысымыз жасқа, жынысқа, ұлтқа, мүмкіндікке қарамастан волонтер бола аламыз.

Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Інжу ӨМІРЗАҚ,

”Адырна” ұлттық порталы

 

 

 

Пікірлер