Бесте тұрып, түндік ашамыз: Әр өңірдің келіндері әр басқа

13998
Adyrna.kz Telegram

«Келіні жақсы үйдің – керегесі алтын» дейтін халықпыз. Еліміздің әр өңірінде қалыптасқан салт-дәстүрге байланысты келіндерге қойылатын талаптар да әр қилы келеді. «Еуразия» бірінші арнасының тілшілері әр аймақтың келіндерінің бір күнін назарларыңызға ұсынады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Қазіргі келіндерге, түскен өңіріне байланысты заман ағымына сай қойылатын талаптар әр қилы келеді. Мәселен батыстың келіндеріне ақ жаулығы мен камзолын тастамау міндет болса, сыр өңірінде келіннің енеге деген құрметі бірінші орында. Ал кей жерлерде келіндер енелерімен құрдасындай сырласып, әзілдесіп жүре беретін көрінеді.

Маңғыстаулық келіндердің таңдары сағат 5-те атып, түйе сауумен басталса, Қызылорда келіндері таңдарын ешкі сауумен атырады екен.

«Біздің өңірдегі келіндердің барлығы да 5-те тұрады. Ол міндет. Киіз үйі бар үй, тұра сала түндікті ашады. Ол тек біздің өңірде ғана емес, «түндік ашу» қазақтың ежелден келе жатқан ырымы. Таңғы сағат 5-те тұрып, түйе сауамын. Үйде төрт түйе бар. Оны абысыным екеулеп сауып аламыз. Сиырға қарағанда түйе сауған жеңілдеу. Мысалы мына түйенің аты Индира. Енем солай деп қойған. Өте асау болғандықтан аяғын арқанмен байлап сауамын. Әйтпесе теуіп жібереуі мүмкін. Батыстың келіндері ешқашан ер адамның алдынан кесіп өтпеген. Күнделікті таңертең ата-енеге, көршіңді көріп қалсаң ол үйдің адамдарына сәлем салады. Еншісін алып, бөлек шыққан келін үлкен шаңыраққа келгенде, есіктен кіре сала, үйде адам болсын-болмасын үлкен үйге құрмет ретінде сәлем салып кіреді. Ол шаңыраққа сәлем дегенді білдіреді»,- деді Маңғыстау облысының келіні Бибігүл Аманқосова.

Маңғыстаулық келіндердің басқа өңірлерге қарағанда ерекшелігі – алғашқы бір жыл бойы ақ киім киіп, ақ орамал тағып, осы аралықта төркіндеп қыдырмайды. Жаңа түскен келіннің киімі мен жасауындағы түстерге қатты назар аударылады. Мысалы жас келіннің киімі мен жасауына сары түсті мүлде қолданбайды. Ол сағыныштың белгісі деп саналады. Төркінін сарғайып сағынбасын, жолдасы аман жүрсін деген ырыммен бұл түсті қолданбайды. Егер жолдасы өмірден өтсе, келін ақ орамал тақпайды. Оның түсін өзгертеді. Келіндер ата-енеден бастап, көрші-қолаңға, ағайын-туысқа, үлкен үйдің босағасына міндетті түрде сәлем салады. Жолдасы өмірден өткеннен кейін, келін сәлем салуды тоқтатады.

«Жаман келін деген болмайды. Енесі жақсы болса барлық шаруаны үйретіп, келінді өзі баптауы тиіс. Сен тамақ жасай алмайсың, түйе сауа алмайсың деп түртпектеудің қажеті жоқ. Ондай үйде береке болмайды. 50 жылдан бері келіндерімнің қолынан шәй ішіп келемін. Барлығына да үй шаруасын өзім үйретіп, тәрбиелеп алғанмын. Жаман емес. 4 келінім, 41 немерем, 6 шөберем бар. Барлығының аттарын атап шығуға шамам келмейді. Шатасып қаламын»,- дейді Ажархан Сарғожаева.

Маңғыстау өңірінің келіндеріне тек ақ түсті киім кигізілсе, қызылордалық келіндерді бастан аяқ қызыл түсті киіммен киіндіреді. Бұл жас келін тіл-көзден аман жүрсін, сол үйдің жаңа түскен келіні екені байқалып тұрсын деген ырым екен. Араға жыл салып, келін сәбилі болып, ана келін атанған кезде, басындағы орамалын ақ түске ауыстырады екен.

«Таңертең ерте тұрып, ешкі сауып, тауықтардың жұмыртқасын жинап, малды өріске айдап, ата-енеміз тұрғанша ыстық бауырсағымызбен шәйіміз дайын тұрады. Әулеттің үлкендеріне, ауылдың қарияларына, жасы үлкен абысындарымызға міндетті түрде сәлем саламыз. Бұл біздің дәстүр!»,-дейді сыр өңірінің келіні Жанерке Әбілда.

Бүгінде арқаның келіндеріне бұл салт-дәстүрді қатаң ұстану міндетті еместей көрінді. Әзілі жарасып жатса, атасымен әзілдесіп, құп көріп жатса, енесімен құрбыдай тату тұрамыз деді Астаналық келін Ұлданай Байбақова.

«Басында келгенде біраз дүниелер жат көрінгенімен тез сіңісіп кеттім. Өйткені менің енем өте жақсы адам. Маған келін ретінде емес өз қызындай қарайды. Еркелетеді, бірге дүкен аралап, сән салондарға да бірге бара береміз. Менің мінезім енеме қатты ұқсағандықтан болар, бізге тіл табысу жеңіл болды. Сәлемді тек беташарда ғана саласың, орамалды да тек ас үйде тағасың болды. Басты талап еттті мүшелеп асу керек. Басқа ешқандай талап болған емес. Маған осылай ұнайды!»

«Әр жақтан келін келер, әр түрлі ырым етер» демекші, жас келіннің жаңа түсіп, сол әулеттің ана келіні атанғанынша, үлкендер тарапынан тоқтаусыз қолдау мен көмек қажет екенін ұмытпайық.

 

Пікірлер