Ерқосай Әбілев: Жасаған әр бұйымым ұлттық өнерге қосқан үлесім деп білемін

750

Қазақтың зергерлік өнері — тамырын тереңнен алатын дәстүрлі мәдениеттің көрікті және көрнекті бір саласы. Зергер болу — киелі де қасиетті өнер. Оған ең алдымен табиғаттан дарыған тума талант керек. Екіншіден, ол — атадан балаға немесе ұстаздан шәкіртке ауысып отыратын, халықтың дәстүрлі дүниетанымымен, тарихи болмыс-бітімімен, салт-дәстүрімен байып отыратын қастерлі кәсіп. Ақтөбелік қолөнер шебері, зергер Ерқосай Әбілевтің осы салада еңбек етіп жүргеніне көп жыл болды. Қызықты да, қиын саланы меңгеріп,  ұлттық өнерімізді насихаттап жүрген зергермен әңгімелескен едік. Әлқисса...

— Аға, қолөнермен, зергерлік өнермен қай кезден бастап айналысасыз? Бұл қасиет сізге кімнен дарыған? 

— Мен Ақтөбе облысының Мәртөк ауданы Жаңатаң ауылында туғанмын. Бұл салаға еліміз егемендік алғаннан кейін бет бұрдым. Негізі еңбек жолымды Мәртөктегі аудандық шеберханада бастадым. Одан кейін біраз жыл Ақтөбе ферроқорытпа зауытында суретші болып еңбек еттім. Кішкентайымнан өнерге, әдебиетке жақын болып өстім. Менің  бойымдағы асыл қасиеттердің бәрі әкемнен дарыды десем болады. Ол кісі сондай еңбекқор, шебер еді. О баста мен бұл салаға өзімнің әуесқойлығымның арқасында келдім. Сол әуесқойлығым бүгінде мені кәсіби деңгейге көтеріп отыр. Бұл да әкеден балаға қалған мұра, өнер деп білемін.

Менің жасаған бұйымдарым туралы айтсақ,  ең алғашқы жасаған бұйымым — домбыра. Одан кейін қобыздың түр-түрін, атап айтсақ, музейлік қобыз, қыл қобыз, прима қобыз, шертер, қару-жарақ түрлерін, сондай-ақ дауылпаз, дабыл, контрабас сияқты музыкалық аспаптар, ат әбзелдері мен сүйек сапты қамшы, қылыш жасадым. Ал  соңғы 2-3 жылда зергерлікке бет бұрып, күмістен әртүрлі әшекей бұйымдар жасап жүрмін. Оның ішінде ер адамдарға арналған балдақ сақина, әйелдерге арналған алқа, сырға, жүзіктер бар.

Мен зергерлік бұйымдар жасағанда олардың ою-өрнектеріне ерекше назар аударамын. Ер адамдардың немесе әйелдердің әбзелдерінде ою-өрнек әр түрлі болады. Себебі әр ою, әр өрнектің өз орны, өз мәні бар. Жалпы әшекей бұйым болсын, қару-жарақ, ұлттық аспап болсын, барлығына өз қиялымнан ою-өрнек жасап, ерекше безендіргенді дұрыс көремін. Осы тұста айта кету керек, алдағы уақытта осыған дейін жасаған дүние, бұйымдарыма қолданып, бейнелеген ою-өрнектерімді жинақтап, үш томдық альбом-кітап шығаруды жоспарлап жүрмін. Әрине, оны жинақтауға біраз уақыт керек.

— Екі жылда қанша әшекей бұйым жасадыңыз? Олардың бағасы қандай? Тапсырыс көп түсе ме? Күмісті қайдан аласыз?

— Зергерлік бұйымдарды күмістен құйып, қақтап, соғып, шекімелеп, үстіне небір тамаша ою-өрнектер салып, жасаймын. Бір әшекейді жасауға кемінде екі-үш күн кетеді. Бір айда шамамен 10-15 бұйым жасаймын. Көп жағдайда басқа жұмысқа, үйдің шаруаларына уақытым кетіп, таңнан кешке дейін отыруға мүмкіндік бола бермейді. Дегенмен бар мүмкіндікті пайдаланып, қазір біраз дүниелер әзірлеп жатырмын. Ал бағасына келсек, ер адамдарға арналған балдақ сақиналар 35-40 мың теңге тұрса, әйелдердің күміс әбзелдерінің орташа бағасы — 15-25 мың теңге аралығында. Көбіне тапсырыспен жасаймын. Таза күмісті тапсырыс беру арқылы алдырамын.

                     

 

Осы тұста айта кету керек, зергерлік суретшілікті, дәлдікті, икемділік пен ептілікті қажет етеді. Халық арасындағы «Зергердің көзі өткір, қолы ұсынақты, ойы жүйрік» деген сөз тіркесі зергерлікті құрметтеуден туған. Сол сияқты біз бір дүниені жасау үшін қаншама маңдай тер төгіп, уақытымызды жұмсаймыз. Бір тапсырысты жасап шығару үшін оны жүз өлшеп, өрнегін саларда әрбір детальға мән береміз. Көп адам бұл өнерге қызығушылық танытқанымен, оның бейнеті көп. Кейде сол бейнеттің «құны» өз бағасын да өтемей қалады. Дегенмен өз басым әр бұйымды жасағанда ерекше ынтамен, сүйіспеншілікпен жасауға тырысамын. Себебі мұның бәрі менің ұлттық өнерге қосып жатқан үлесім деп білемін.

— Қазір елімізде зергерлік өнерге деген көзқарас қандай? Қолдау танытып, жұмыстарыңызды насихаттайтындар бар ма? Жасаған бұйымдарыңызды жарнамалайсыз ба?  

— Бұрын халық арасында зергерлік өнерді дәріптейтіндер көп болатын. Соңғы кезде елімізде ұлттық құндылықтарды насихаттау жағы төмендеп кетті. Халықтық өнерді дәріптемейтін болдық, ақша ғана рөл «ойнап» тұр қазір. Одан бөлек, пандемияға байланысты ел ішінде өтетін бірқатар конкурстар мен іс-шаралар да кейінге шегерілуде. Мәселен, жыл сайын өтетін республикалық «Шебер» байқауы биыл да өтпеді. Ал  ЮНЕСКО-ның «Сапа белгісі» конкурсы биыл күзге жоспарланып отыр. Оның да нақты өтетіні-өтпейтіні әзірге белгісіз. Бірақ, біз, зергерлер мен қолөнер шеберлері, конкурсқа  өз жобаларымызды әзірлеп жатырмыз. Мен осы конкурсқа ерекше бір дүниені жасасам деймін. Қазір ізденіс үстіндемін. Негізі бұл конкурс екі жылда бір рет өтеді. Бұған дейін 2012 жылы осы конкурсқа қатысып, арнайы сертификатты иелендім. Ал жалпы мен өзімді жарнамаламаймын, жұрт өзі естіп, біліп, тапсырыс береді.

Менің ойымша, қазір қоғамда халықтық өнер бағаланбағанымен, болашақ ұрпақ біздің қалдырып жатқан бұл мұрамызды дәріптеп, бағалайды деп ойлаймын. Біз, қазақ халқы, қашан да қолда бардың қадірін білмейміз ғой. Сондықтан біз сияқты қолөнерді, зергерлік өнерді насихаттаушылардың еңбегі босқа кетпейді. Менің бір өкінетінім, қазір елімізде ұлттық құндылықтарды өзгелерге емес, өз арамызда ұлықтау жағы кеміп барады. Бұл жерде бәрі  идеологияға келіп тіреледі. Осы жағы бізде ақсап тұр.

Былай қарағанда, біз кеңес заманында туып, өскен адамдармыз. Алайда біз қанымызда бар дүниені әрі қарай дамытуға бар күш-жігерімізді салып, нәтижесінде бүгінде ұлттық өнерді дәріптеуге атсалысып жүрміз. Ал бүгінгі тәуелсіз елдің ұрпағы осы бастан-ақ ұлттық дүниелерімізді дамыту, дәріптеу жағына мән берсе нұр үстіне нұр болар еді. Дегенмен бұл жерде де бәрі тәрбие мен талапқа байланысты.

Шеберханаңыз шағын болғанымен, мұнда көп дүние жасапсыз. Қайталанбас жобаларыңыз туралы айтып берсеңіз.     

— Менің осы жылдар ішінде жасаған бұйымдарым халықаралық, республикалық байқаулардан жүлде алып, облыстағы 13 музейге қойылды. Жуырда Әйтеке би аудандық музейінің тапсырысымен бесік және садақ жасадым. Бұған дейін жасаған ЮНЕСКО-ның сапа белгісі сертификатын иеленген шүмегім мен республикалық «Шебер» байқауында жүлдеге ие болған тұяқ дауылпазым — осы салада кәсіби маман екенімді дәлелдеген ерекше туындыларым. Ал көпшілікке ұсынған «Орда» атты киіз үйім — қайталанбас тың жоба. Бұл киіз үйімдің шағын макетінде арнайы тұғырға қондырылған Орданың айналасына шағын жеті киіз үй орнатылған. Сол киіз үйлер арқылы Ордаға кірудің мүмкіндігі қарастырылған. Бұл жобам, өкінішке қарай, әзірге тек макет күйінде тұр. Оны жүзеге асыру үшін көп қаржы керек. Қолдау танытып, қаржы құйып, жобаны жүзеге асыратын адам болмай тұр. Дегенмен алда әлі де тың жобалар мен ерекше туындыларды «дүниеге» әкеліп, қолөнер саласына, зергерлік өнерге өз үлесімді қосамын деп ойлаймын.

Өнер деген қашан да бағалы дүние ғой. Осы орайда қазір еліміздегі қолөнер шеберлерінің одағы қарқынды жұмыс жасап жатқанын айта кеткім келеді. Өкінішке қарай, соңғы уақытта шеберлердің жағдайы мәз емес. Себебі бүгінге дейін қаншама шеберлер мен зергерлердің жасаған бұйымдары мен заттарын қоятын қойма немесе көрме жасақтайтын ғимараттар қарастырылмаған. Демеушілер көмектескенімен, мемлекет тарапынан ешқандай қолдау болмай тұр. Көрші мемлекеттерді алып қарасақ, мәселен, Иранда туризм мен қолөнер саласы өте жақсы дамыған. Тіпті шеберлер сол арқылы күн көріп отыр. Бұл мемлекетте шеберлерге арнайы қаржы бөледі. Біз ЮНЕСКО-ның «сапа белгісін» алғанымызбен, қолдау, көмек болмай отыр. Тіпті Өзбекстан мен Қырғызстанда да бұл сала жақсы дамуда.

— Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Данагүл БАЙМҰҚАШ,

«Адырна» ұлттық порталы.

 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар