500 адамға той жасаған шенеунік қызметінен босатылды

7133
Adyrna.kz Telegram

Қарағанды облысында карантин кезінде той өткізуге тыйым салуды елемеген шенеунік жұмыстан босатылды. Бұл туралы өңір басшысы Жеңіс Қасымбек онлайн режимінде өткен аппараттық кеңесте мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Бүгінгі күннен бастап жер қатынастары басқармасының басшысы Мақсұтов Қалел Мұқатайұлы карантинді өрескел бұзуы, яғни пандемия кезінде той шараларын ұйымдастыруына байланысты қызметінен босатылды. Тағы да ескертемін: мұндай заңсыздықтар үшін жаза өте қатал болады. Бұл жерде мемлекеттік қызметшінің қызметтік этикасының барлық нормасы бұзылған. Облыста коронавирустық инфекцияға қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан үлкен жұмысты құнсыздандырмаңыздар. Тұрғындардың көңілін қалдырмаңыздар. Мәртебелеріңіз немесе жұмыс орнына қарамастан әрекеттеріңізге жауап бересіздер!»— деді облыс әкімі.

Айта кетейік, 7-тамызда Қарағанды облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Қалел Мақсұтов санитарлық нормаларды бұзып, "қыз ұзату" тойын өткізген еді.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер