Қарағанды облысынан шыққан 9 атақты тұлға!

4034
Кең-байтақ қазақ даласының қай қиыры болсын халқымыздың әдебиеті мен өнерінен, мәдениеті мен тарихынан, ғылымы мен білімінен ешқашан кенде болған емес. Соның ішінде Алтайдан Атырауға созылып жатқан киелі Арқа топырағы, Қарағанды облысы - алуан-алуан жүйріктердің қадамына қуат, қиялына қанат байлап, мыңдаған дарынды ұл-қыздарды сыйлаған қасиетті өңір. Бұл өлкеден талай-талай ел бастаған көсемдер, от ауызды, орақ тілді шешендер, ел бастаған батырлар, ақын-жыраулар, халық қамы үшін бастарын бәйгеге тіккен ұлы тұлғалар шыққан. Бүгін біз, дәл осы киелі топырақтан түлеп ұшқан, Арқа төрінен қанат қаққан айтулы тұлғалар жайлы сөз етпекпіз...
1. ӘЛИХАН НҰРМҰХАМЕДҰЛЫ БӨКЕЙХАН
Қазақ халқының тағдыр – талайын ерте түсініп, ел тарихында өлшеусіз із қалдырған, өз елінің тәуелсіздігі үшін күресіп, қалайда дербес мемлекет бола алатындығына қалтқысыз сенген, өзінің барлық саналы ғұмырын жұрт ісі, ел қамына бағыттаған – Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан еді.

Алашорда үкіметінің төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері, энциклопедист ғұлама ғалым, ұлттық және әлемдік ой-сана биігіндегі алып тұлға - Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан 1866 жылы наурыз айының 5-ші жұлдызында Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Шабанбай би ауылдық округінде дүниеге келген.

Соңғы демі біткенше саналы ғұмырын ұлтына арнап, қарақан басының қамынан гөрі ел мұратын жоғары қойып, халқының кемел келешегін ойлаған, әрі сол жолда басын бәйгеге тіккен Алаштың шоқтығы биік тұрар арысы - Әлихан Бөкейхан бабамыздың жанкешті ғұмыры мен қайраткерлік тұлғасы жайлы қанша ой өрбітсек те, аздық етері сөзсіз...
2. ЖАҚЫП АҚБАЕВ
XX ғасырдың басында саяси қызметтерге араласып, қазақ халқының мүддесі жолында отарлаушы мемлекет мінберінде тайсалмай сөз сөйлеген қайсар рухты азамат, өз ұлтының жағдайы жөнінен көп толғанатын ғұлама, ұлтының ертеңін ойлаған қайраткер, Алашорда үкіметінің мүшесі әрі оның бас прокуроры – Жақып Ақбаев еді...

Есімі алты алашқа мәшһүр болған қазақ халқының азаттығы үшін күрескен атақты заңгер, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, әмбебап тарихшы, этнограф, «Алаш» қозғалысының көшбасшысы, «Алашорда» үкіметінің мүшесі, ұлт зиялысы, қазақтың тұңғыш құқық магистрі Жақып Ақбаев 1876 жылы 7 қарашада Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Қараменде би ауылдық округіне қарасты Ақбай қыстағында өмірге келген.

Саяси күрес қазанында қайнап, нәтижесінде халқының ар-намысы боларлық дәрежеге көтеріле білген ұлттық интеллигенция өкілінің өзі айтпақшы, рухы ешқашан өлмейді! Қазақ халқы барда, Тәуелсіз еліміз тура жолға түсіп, ұлттық ұлы мұраттарымыз алдыңғы қатарға шығып жатқан алмағайып кезеңде ұлтын, елін, жерін сүюдің, соған қалтқысыз қызмет етудің қапысыз үлгісі болып, мәңгі жасай бермек...
3. ӘЛІМХАН ӘБЕУҰЛЫ ЕРМЕКОВ
Еліміздің XX ғасырдың басындағы небір зобалаңдарды бастан кешіріп, басынан бақ тайған зұлмат жылдарыңда телім-телім боп бөлшектеніп кеткен жерлерін қайтаруда В.Ленинмен қазақтың қасиетті жері үшін сағаттар бойы сағы сынбастан пікір таластырған Алаш ардақтысы - Әлімхан Әбеуұлы Ермековтың төрт ай бойғы тынымсыз еңбегінің арқасында қазіргі Қазақстанның территориясының негізі қаланған еді...

Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, «Алаш» партиясы мен «Алашорда» қозғалысы жетекшілерінің бірі, қазақтың тұңғыш математигі, профессор, ғұлама ғалым, белгілі ағартушы - Әлімхан Әбеуұлы Ермеков 1891 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Қызыларай ауылдық округіндегі «Бөріктас» деген жерде дүниеге келген.

«Ұқсайды ұшқыр қыран қаршығаға»,- демекші өткен ғасырдың басында Отанымыздың ұшса құстың қанаты талатын, шапса тұлпардың тұяғы тозатын Алтай мен Атырау арасындағы шексіз де шетсіз жеріміздің бүтінделіп, біріктірілуіне өлшеусіз еңбек сіңірген, тұңғыш қазақ математикасының терминдер сөздігін жазған, өмірінің 18 жылын жаламен қапаста өткізген біртуар дарын иесінің тағдыры осындай болған…
4. СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН
ХХ ғасыр басында Қазақ Автономиялық Кеңестік Республикасы Халық комиссарлар Кеңесінің төрағасы болып, Жазушылар одағын құрған, ұлт болашағына, қоғамның, әдебиеттің, мәдениеттің дамуына айрықша еңбек сіңірген аса бір ғажайып тұлға – Сәкен Сейфуллин еді.

Қазақтың сыршыл ақыны, жалынды жазушысы, мемлекет қайраткері, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі - Сәкен (Сәдуақас) Сейфуллин 1894 жылы 15 қазанда Қарағанды облысы, Шет ауданы, Қарашілік қыстағында дүниеге келген.

Тарихы терең қазақ ұлты «қырғыз» деп аталып жүргенде «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деп жарияға жар салған намысты ұлдың батыл қадамы Сәкенді – ақын, жазушы ретінде әдебиеттің барлық жанрына қалам тартып қана қоймай, қазақ әдебиетінің тарихын да түгендеуге атсалысқан тұлға ретінде көрсете білді...
5. ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ
Өзінің батыл ойлы, шыншыл да терең сырлы, дауылды поэзиясымен әр буын оқырмандарының сүйіспеншілігіне ие болып, қазақ поэзиясына өзіндік өршіл үнімен, сыршыл жырларымен келген ұлттық әдебиетіміздің заңғар аспанындағы жарық жұлдызы, мәңгі сөнбес шамшырағы - Қасым Рахымжанұлы Аманжолов еді.

Төл шығармаларымен, аудармаларымен қазақ әдебиетінде, бүкіл әлемдік поэзияда өзіндік із, стиль қалдырған, көркемдік, мазмұндық жағынан қазіргі қазақ өлеңін байытқан ірі талант, "өзге емес, өзім айтам өз жайымда" - деп жырлаған дауылпаз ақын - Қасым Аманжолов 1911 жылы 10 қазанда қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қызыл ауылында дүниеге келген.

Қасым Аманжолов поэзиясы – дауылдай екпіннің, өткір ой, отты сезімнің поэзиясы. Ақын шығармаларын дәл бүгінгі егемен ел мүддесі тұрғысынан қайта оқысаң, оның сол тәуелсіздікті аңсап өткен арманын, заманынан оза шапқан қиялының биіктігі мен көрегендігін айқын көресің. Осылайша, Қасым ақын – азғандай ғана өміріңде артынан мол мұра қалдырып, қазақ халық поэзиясы аталатын сәулетті сарайдың берік бір іргетасы, биік бір діңгегіге айналды...
6. НҰРКЕН ӘБДІРОВ
«Егер фашистерді біз жоймасақ, олар біздің түбімізге жетеді. Сөйтіп, қуанышты, бақытты өмір қайтып оралмайтын болады...»,- деп ел басына күн туған қиын сәтте, майданға аттанып, сұрапыл соғыс заманда жаумен жағаласып, ел іргесін қорғауда қаһармандық пен қайсарлықтың қайталанбас үлгісін көрсеткен қазақ топырағынан шыққан Ұлы даланың біртуар ұланы - Нұркен Әбдіров еді...

Бейбіт өмір мен ел бірлігін аңсап, өзіне тапсырылған ең қиын деген тапсырмаларды сәтті орындап, он алты мәрте әуе шайқасына кіріп, жаудың 12 танкісін, 28 жүк автомобилін, оқ-дәрі тиеген 18 машинасын, жанармай құйылған 3 цистернасын, 3 зеңбірегін жойып, 50-ден астам неміс солдаты мен офицерін жер кұштырған әскери ұшкыш-штурмовик, сержант, Кеңес Одағының батыры - Нұркен Әбдіров 1919 жылы 9 тамызда Қарқаралы өңірінде бұрынғы бесінші ауыл, қазіргі Нұркен атындағы ауыл округінде дүниеге келген.

Осылайша, қазақ топырағынан шыққан Кеңес Одағының Батыры, Сарыарқаның сұңқары - Нұркен Әбдіровдің шүйілген қырандай тұлғасы, ерлігі мен өжеттілігі талай қазақ ұлдарына үлгі болып, жаһан халқының алдында еліміздің қаншалықты өр рухты от кеуделі екендігін көрсеткендей. Ол жайында, оның ерлігі жайында айтып тауысу мүмкін де емес. Сұрапыл соғыс заманында көрсеткен теңдесі жоқ ерлігі ғасырдан-ғасырға дастан болып қала бермек...
7. ТОҚТАР ӘУБӘКІРОВ
Осыдан тура 30 жыл бұрын, 1991 жылы 2 қазан күні аспан әлемін, ғарыш кеңістігін бағындырып, Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшқан қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, әскери ұшқыш - Тоқтар Әубәкіров еді.

Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының батыры, ҚР Халық Қаһарманы - Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, 1-ші Май ауылында дүниеге келген.

Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа сапары бүтіндей түркі әлемінің, әрі күллі қазақтың тарихындағы толағай оқиға іспеттес. Ол – ең қуатты кеңестік 50 әскери ұшақтың тұсауын кескен атақты сынақшы-ұшқыш. Әскери авиациядағы айрықша жетістігі үшін Гиннестің рекордтар кітабына һәм Дүниежүзілік авиация мұражайына да енген.
8. АҚАН САТАЕВ
Тәуелсіздік алған жас мемлекетіміздің отыз жылдық дәуірі аралығында қазақ киносына шоқ жұлдыздай жарқырап бір шоғыр кинорежиссерлер легі келді. Солардың алдыңғы қатарында шынайы өмірдің шытырман оқиғаларына құрылған «Рэкетир», «Бизнесмендер», «Жаужүрек мың бала», «Томирис», « Анаға апарар жол» сынды көптеген фильмдерді түсірген Ақан Сатаев есімі тұр.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі кинорежиссер, сценарист, продюсер, актер - Ақан Сатаев 1971 жылы 23 желтоқсанда Қарағандыда дүниеге келген. Актер ретінде екі көркем фильмге түскен, ал режиссер ретінде 300-ден астам жарнама роликтерін түсірді.

2003 жылы Sataifilm кинокомпаниясының негізін қалады. Бірнеше рет «Алтын Жұлдыз» жүлдесінің иегері атанған. 2014 жылдың қорытындысы бойынша – халық таңдауы арқылы «Халық сүйіктісі» Ұлттық жүлдесінің лауреаты атанып, Қазақстан киноөндірісінің үздік маманы деп танылды.
9. ГЕННАДИЙ ГОЛОВКИН
«Әкем - орыс, анам - кәріс, мен – қазақпын»,- еліміздің көк туын барша әлемге желбіреткен, Қазақстанның кәсіпқой бокстағы «алтын» сақасы, болмысынан жеңімпаз, табиғатынан чемпион атанып келе жатқан мақтанышымыз - Геннадий Головкин.

2003 жылы әлем чемпионы, 2004 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, 7 рет Қазақстан Республикасының чемпионы, бірқатар халықаралық турнирлердің жеңімпазы, 2006 жылы кәсіпқой боксқа бет бұрып, бүкіл әлемге танымал қазақстандық былғары қолғап шебері, кәсіби боксшы - Геннадий Геннадиевич Головкин 1982 жылы 8 сәуірде Қарағанды қаласында шахтердің отбасында дүниеге келген.

Головкиннің мансабындағы ең жарқын сәттердің бірі – нокауттар сериясы болды. GGG рингтен қарсыласын сұлатпай кетпейтін. Ал қарсыластары оның жойқын соққыларынан сасқанып, оны "жыртқыш аңға" теңеген. Гена жеңіске жеткен 39 жекпе-жегінің 35-ін (89,7%) уақытынан бұрын аяқтаған. Осы көрсеткішімен ол орта салмақтағы ең мықты нокаутер атанған. Сонымен бірге, Головкин 2008 жылдың 22 қазанынан 2016 жылдың 10 қыркүйегіне дейін өткізген жекпе-жектерінің бәрінде қарсыластарын нокаутқа жіберген екен. Ол қатарынан 23 боксшыны рингте сұлатқан...
Зарина ӘШІРБЕК,
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар