ҚУАНЫШ ЕДІЛХАНТЕГІ: Құрметтің еңбегін қаржысы барлар пайдаланып кетпесін

3558
Adyrna.kz Telegram

Ойыңдағы бір сөзді түсіндіру үшін тым әріден бастауға тура келеді, екі ауыз сөзбен қалайша жеткізерсің. 1986 - 1993 жылдар аралығында Сайөтес поселкелік Кеңесінің төрағасы болып жасадым. Бұл СССР-дың ыдырау алдындағы қиын кезеңдер еді. Ақша көз алдымызда құнсызданып, арты гиперинфляцияға ұшырады. Дүкендерде киім-кешек былай тұрсын, азық-түліктің өзі тапшы еді.

Поселкенің ерекшелігі - халқы негізінен ЛПДС (Самараға айдалатын мұнайды қыздыру пеші), темір жолға қарасты мекемелерден тұрды. Бұлардың әрқайсысының өз дүкендері бар, тізіммен солар келген азық-түлікті бөліп беріп отырады. Одан бөлек үшінші топ бар - олар көбіне жан-жақтағы совхоздардан пенсияға шығып, енді отын-суы бар поселкеге келіп орныққан шопандар, механизатор, мұғалім, дәрігер, клуб меңгерушісі, кітапханашы, т.с.с., бір сөзбен айтқанда төрағаға қарасты бірқауым халық. Бұларда дүкен жоқ, ешқайдан тауар келмейді, сондықтан жоғарыдағы дүкені барлардан кейде күшпен, кейде алдап-сулап, жоғарыдағы бастықтарымен ымыраға келіп дегендей... қамтылып отыратын. Бір сөзбен айтқанда, біз осы жұмыстармен тәңертеңнен кешке шейін айналысумен болдық. Жағдайы қиын, күнелтісі төмен талайлардың сауабын да алдық.

Жарайды, енді негізгі айтпақ ойымызға келейік. Қазір Оңтүстіктен Құрмет деген баламыз Маңғыстау үшін деп шөп шауып, енді оны вагонмен жеткізуді ұйымдастырып жатыр екен. Ақтөбе облысынан да Маңғыстау үшін тегін шөп келгелі жатыр дейді. Айталық, Маңғыстау ауданының орталығы Шетпеге 5 вагон шөп келді делік. Мұны бұрынғы 7 совхоз, 2 поселке (біреуі Шетпенің өзі), барлығы 9 ауылға теңдей етіп кім бөліп береді? Жәрайды, бөліп берді делік. Сайөтес поселкесі өзіне бөлінген 5 машина шөбін тасып алды делік (кім тасиды - көліктің бәрі жекеге өтіп кеткен, бұрынғыдай АТП дегендер жоқ?). Енді ауылға келген шөпті бөлу керек. Біреудің үйір-үйір жылқысы, отар-отар қойы, сиыр-түйесі бар, екіншісінде оншақты жандық қана бар.

Тағы да күштілер мен пысықтар алға түсіп, әлсіздер шеттеп қалмай ма? Құрмет баламыз сонша еңбектенгенде сол еңбегін ақырында онсыз да ақшасы жеткілікті біреу пайдаланып кетсе, бар шөпті оптом сатып алса әділдік қайда қалады? Сонда ол не үшін жұмыстанды? Жәй тек, осындай жұмыстардан хабарым болғандықтан айтып жатқаным, әйтпесе менің ақылым кімге керек, пенсияда жатқан бір шал...

Қуаныш ЕДІЛХАНТЕГІ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер