Біздің ұлт ретінде жұтылып кетуімізге қазақтың өзі үлес қосуда!

12974
Adyrna.kz Telegram

«Ел болам десең – бесігіңді түзе!». Мұхтар Әуезовтың ұлттың қамын жеп, келешегіне алаңдап айтқан осы бір ауыз сөзі жылдар өткен сайын өзектеле түскендей. Әсіресе, оның маңыздылығы «жаһандану дәуірі» деп айдарланған қазіргі кезеңде анық аңғарылуда.

Дәл осы жаһандану дәуірінде тапқанымыз көп, алайда жоғалтқанымыз да аз емес. «Өзгенің қаңсығын таңсық көріп», елп еткіш, еліктегіш жұртқа айналдық. Дамудың даңғыл жолына түсеміз деп жүріп, атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрлерімізді түрлендіріп, ұлттық құндылықтарымызды ұмыт қалдырдық. Болмысымыздан ажырап бара жатқандаймыз...

Қазақ қазақ болғалы әдет-ғұрпы мен ата дәстүрінен қол үзген емес. Бізді өзгелерден айшықтап тұратын да осы қырымыз. Бірақ, соңғы кездері оның өзін «ескілік», «кертартпалық» санайтындардың қарасы көбейіп келеді. Ежелгі нағыз қазақы тәлім-тәрбие көріп, ата-дәстүрді қатаң ұстанып, үш айға дейін құрсағын сырт көзден жасырған үлгілі келіндеріміз, қазір іші білінер-білінбестен «гендер пати» тойын дүрілдетіп өткізуде.

Бұл дәстүр бізге қайдан келген? Мағынасы не? Маңыздылығы қандай? Жалпы әлемде «Gender Reveal Party» деп аталатын су жаңа дәстүр үлгісі жыл сайын танымалдылыққа ие болуда, аталмыш мерекені ең алғаш рет 2008 жылы Еуропада атап өтіпті, содан бері қалың көпшілік арасында сұранысқа ие.

Бұл мерекеде – болашақ ата-ана өзінің жақын адамдарының арасында әлі тумаған баласының жынысын анықтайды, осыған орай арнайы кеш өткізеді. Соған алдын-ала ұқыпты дайындалып, әр түрлі әдістердің көмегімен: күлгін, көк түсті бисквиті бар торттарды кесіп, арнайы шарлар әзірлеп, кеш соңында сәбидің жынысын біледі. Гелий толтырылған сәйкес түсті шарлар жақын арада қыз немесе ұл туылатыны туралы хабарлайды. Міне, бар болғаны осы!

Бірақ, бұл мереке – жастардың арасында өте маңызды әрі қажетті дүниеге айналуда. Жастардың ұғымында бұл маңызды қуанышты атап өтудің еш әбестігі жоқ шығар, әрине қуаныштың да көп болғаны жақсы... Дегенмен де, шетелден келген дәл осы гендер-патидің ата-бабаларымыздан қалған тәлім-тәрбиеге, ұлттық ұстанымымызға мүлдем кереғар екендігін неге түсінгіміз келмейді?

Мемлекетіміздің мықтылығы тек іргелі экономика, сындарлы саясатта ғана емес қой... Жер бетіндегі ешбір ел ұлттық құндылықтарын ұлықтамай жетістікке жеткен емес. Тілі бүтін, діні берік, ділі мығым, салт-дәстүрі дәріптелген жұрт қана көштен қалмайды. Ана тілі, ата дәстүр өзінен өзі жалғаспайды немесе біреу сырттан келіп сен үшін көсегеңді көгертіп сақтап та бермейді...

Бұрындары ұрпақ тәрбиесін, перзент қамын өмір тәжірибесі арқылы бұлтартпай болжаған, көпті көрген алтын құрсақты аналарымыз, әжелеріміз келінінің жүкті болғанын сезсе де, оны жалпақ жұртқа жария етіп, сүйіншілемеген.

Күндердің күнінде келіннің асқа тәбеті болмай, қалтарысқа барып лоқсып жүргенін көрген ауылдағы жаңашыр абысын-ажындары, «Балам – балым, баламның баласы – жаным» - деп, еріні тұшынып немере сүюді аңсап жүрген енесіне келіп: «Келініңіздің құрсағы аққа жарыпты», «Келініңіз ақ алғысты болыпты»,- деп келіннің аяғы ауырлағанын әдемеліп, астарлап жеткізген.

Жүрекжарды қуанышты хабарды естіген жақсы ене ебін тауып, сәтін келтіріп, оның анық-қанығына толық сенімді болған күні ақ орамалды сол әулеттің қара шаңырақ деп аталатын үлкен үйінің оң босағасына байлаған. Бұл өмірге жаңа бір адам әкелуші ананы ата-баба рухы қолдап-қорғап жүрсін деген ізгі ниетпен, адал тілекпен туған ырым. Әрі келіннің «ақ алғысты» болғанын көпшілікке осылай жеткізіп, жақсылыққа жорыған.

Осылайша, болашақ салиқалы, саналы ұрпақ қамын ойлаған көргенді ене арнайы дастарқан жайып, ауыл-аймақтағы барлық абысын-ажындарын, келін-кепшіктерді шақырып «құрсақ шашу» - деп аталатын дәстүрлі тойды ерекше атап өткен. Ер азаматтардың қатысуынсыз шақырылған сыйлы қонақтар құр қол келмей, болашақ ананың не нәрсеге жерік екендігін табуға бірге жәрдемдесіп, үйлерінен түрлі дәмді тағамдар мен тәттілерді дайындап әкелген. Міне, құрсақ шашу деп аталатын дәстүрдің негізгі мәні де, мақсаты да осында...

Өйткені, бойына алғаш бала біткен тәжірибесіз жас келіншік бұрын-соңды өзінде болмаған түрлі сезім-түйсіктерді басынан кешіреді. Көңілінің не нәрсеге соғып тұрғанын, тәбетінің қандай тағамға ауатынын дөп басып айта алмай, не екенін анық түсінбей аласұрып қиналған... Осы бір аса жауапты, маңызды кезеңде болашақ анаға демеу білдіріп, ақыл-кеңес айтып, жерігін табуға көмектесіп, шын жүрекпен мейірім таныту – сауабы мол қасиетті іс саналған.

Осындай сан ғасырлар бойы сыннан өтіп, қазақ қоғамының болашақ өміріне өшпес үлгі-өнеге болып, керектеріне жараған ұлағатты да қастерлі рухани мұрамыздың бүгінгі күндегі жағдайы қандай?

«Бай Құдай болғысы келетін, кедей бай болғысы келетін» мына бір қиын заманда, ертеңгі болашағын ойламай, айға түкіріп, ақшаларын оңды-солды шашып, көңіл көтерудің жаңа бір түрлерін ойлап табуда... Үлкен мейрамханаларға аз дегенде жүздеп қонақ шақырып, әріге аса алмайтын әншісымақтардың тұмсығынан ұстап, тамақ пен ішімдікке әбден мастанып, өңештері толғанша тост сөйлеп, аяғы талып, тізесі бүгілгенше селкілдеп билеп, «құрсақ шашу» тойын жасайтын болыпты.

Халқымызда «Батпандап кірген дерт, мысқылдап шығады» деген тәмсіл бар. Жаман дерт қашанда жұқпалы! Күні ертең жаппай үрдіске айналып кетпесіне кім кепіл? Біз тым еліктегішпіз, елпілдек, қызарғанға қызыға қарайтын, «анау сөйтіпті, мынау бүйтіпті, менің олардан қай жерім кем?»,- деп кеуде қағып шыға келетін мақтаншақтығымыз, көрсе қызар тәкәппарлығымыз жетіп артылады...

Түпкі мән-мағынасынан жұрдай, болашақ ұрпаққа көрсетер үлгісі де, берер тәлім-тәрбиесі де жоқ мұндай даңғаза-тойлар, гендер-патилер жастарға не береді? Олар бұдан не ұтады? Онсыз да бірі – Шығысқа, бірі – Батысқа табынып, демінің соңына дейін еліктеп, ұлттық құндылықтарымызға мұрындарын шүйіріп жүрген талай шала қазақ жастарды одан әрі адастырамыз ғой...

Тәуелсіз, демократиялы елдегі әр адам өз қалауынша ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты белден асып, мың өзгерте берсе, қазақтың оңсыз да жұлмаланып жатқан ұлттық болмысынан не қалады? Құрдымға кетуімізге аз қалды ма? Әлдекімдерге мүмкін осы да қажет шығар... Кім білсін. Уақыт көрсетеді. Қазақтың «тал бесіктен жер бесікке» дейінгі ғұмыры - өз тіліңді білуде, төл тарихыңды құрметтеуде, салт-дәстүріңді дәріптеуде, дінің мен діліңнің дәрежесін көтеруде екендігі бәрімізге бұрыннан белгілі ақиқат екендігін неге ұмыта береміз. Әлде қазақ болудан жалықтық па?...

Зарина ӘШІРБЕК, 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket