Т. Кәкішұлы мен Ғ.Мүсіреповтің рухани үндестігі: ұлт тарихы мен мұра мәселесі

2865
Adyrna.kz Telegram

 

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Алаш Орда»: ұлттық идея және дін мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға жолданған жас ғалым Шынар Жеңісқызының материялын назарларыңызға ұсынамыз.

«Әр шығармасын зарықтыра жазатын қаламгер – Ғабит Мүсірепов. Әдебиетшіл әлеуметтің үмітін үзіп алмайын деп анда-санда газет-журнал бетінде асылдың сынығындай аз дүниесін жариялап қойып, айызы қанбай қалған оқушысын айлап, жылдап тостыру бойға сіңген әдет. Аз жазса да мәз жазатын жазушының шығармасы өз еншісіне тиген кезде оқырман қауым сөз өнерінің тұнығынан шайқап ішіп, ләзаттанады. Ақталған үміт жазушы абыройын еселей түседі» деп басталатын Тұрсынбек Кәкішұлының «Ақынның асқақ арманы» мақаласы алыптар тобының зергері болған Ғ.Мүсіреповтің ойлы да өрнекті шығармашылығы мен көркемдік шеберлігі туралы өрбіген. Ұстаз, ғалым, қайраткер, академик Т. Кәкішұлы мен суреткер жазушы Ғ.Мүсіреповтің арасындағы ағалы-інілі рухани байланыс жібі берік болған. Ғалымның «Ақынның асқақ арманы» [1, 254], «Әдебиетіміздің Қазбегі мен Эльбрусы» [1, 223], «Ғабеңмен құпия сұхбат» [1, 245], «Алыптар тобының зергері» [1, 235] сынды т.б.мақала-сұхбаттары бар.

1974 жылы 25 шілдеде магнитофон арқылы үш жарым сағаттай сөйлескен сұхбаты – журналистерге үлгі болса, ғалымдарға ізденіс тудырды, оқырманға ой салды. Сұхбатта Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров т.б. туралы қызықты да ғибратты деректер, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сынды тұлғаларымыздың әдеби мұраларының халыққа жетпей жатқандығы айтылған. Архивте шаң басып жатқан мұралардың көптігі, оларды жоқтау, оларды іздеу, оларды жинақтауға назар аударылған.

shyinar-3

Ғ. Мүсіреповше айтсақ, «Тарих, әрине, өзі айтады. Біржола ұмытылып кетпейді ғой енді. Дүниеде бір ой айтылу қиын, айтылған ой өлмейді. Бірде болмаса бірде шығады» [1, 253]. Осы сұхбаттан бері арада 40 жылдан астам уақыт өтті. Талай дүниелер зерттелді, тарихтың талай парақтары ашылды. Озбыр саясаттың кесірінен «Халық жауы» деп тұтқындалған, бірақ жау емес, керісінше «халық жанашыры» болған аяулыларымыз жарыққа шықты.

Сұхбаттың барысында басты назар әдебиетіміздің ірі өкілдеріне, олардың шығармашылығына, жазушының шығармашылық лабароториясына аударылған. «Сөз зергері» деп тегін атанбаған жазушының артық сөйлем, артық дерек тұрмақ, артық сөзді қолданбағанын көзі қарақты оқырман байқайды. Ғалым бұл тұста ең маңызды, ең өзекті деген сұрақты қойса, жазушы ең маңызды, ең өзекті деген жауапты берген. Бұл жауап берушінің де, сұрақ қоюшының да білім аясының кеңдігін көрсетеді. Сондықан әдетте жақсы сұраққа жақсы жауап беріледі. Ал жақсы жауап тұсында жақсы деректер айтылады. Сұхбаттағы сондай есімдердің бірі – А. Алекторов.

Назар аударсақ, Ғабит Мүсіреповтің жауабында:  – Байқайсың ба, патшалық құрылыс тұсында қазақ даласы өзінің мәдениеті, әдебиеті, тұрмысы жағынан оқшаулықта болды. Вельяминов-Зернов, Алекторовтардың материалдарын оқығанда, өзгені былай қойғанда, солардың өздерінде үстірттік аңғарылады. Демек, бұл елдің ішкі дүниесінің жасырынып жатқан жері болған. Сонан соң Алтынсарин, Шоқан сияқты адамдар бұл елдің ішкі дүниесін ашып, бәрін жарқыратып береді. Олай емес, былай деп ашады [1, 250].

Осы жолдар Алекторов нені қате тұжырымдапты, неге үстірттік танытыпты, бұл қазақ әдебиеті, мәдениеті, тұрмысына қатысты қандай материалдары туралы айтылған деген ойға жетелейді. Жалпы Алекторов туралы әртүрлі автор еңбектерінде айтылды, жазылды да. Бірақ, дәл автордың көзқарасы бойынша емес, дәл автордың тұжырымы бойынша емес. Бұл туралы автор 1977 жылы 18 наурызда «Қазақ әдебиеті» газетінде де жазған. Бірақ ол мақала кейін ескерусіз қалды деу артық айтқандық болмас.

Т. Кәкішұлына берген осы «Ғабеңмен құпия сұхбат» атты сұхбатында «Ал алғашқы қолжазбаларыңыз сақтала ма?» деген сауалға: « – Қалады жыртылып-жыртылып. – Расымен жыртып тастайсыз ба? – Жыртып тастаймын. – Апыр-ай көп байлық қой ол. Оның ішінде талай дүниелер кетеді ғой. – Соны жинайын деп талап етіп едім» деген екен. Осы орайда бізді қуантқаны – дәл осы мақаланың машинамен терілген алғашқы нұсқасымен (4-5 жеріне түзету енгізілген)  танысу болды. Бұл мақала Ғ. Мүсіреповтің мемориалды музей-үйінің қорында сақтаулы екен.

Т. Кәкішұлынша айтсақ, «Ғ.Мүсірепов өзінің әр шығармасы түгіл, әрбір сөзіне жауапты қарайтын қаламгер екені аян. Әр туындының түр-тұлғасы, келешек тағдыры, өнегелік сипаты қатты ойландырады авторды». Демек, осы мақала атауына да бей-жай қарамаған деген сөз. «Қазақ халқы А.Е. Алекторовқа үлкен қарыздар» [2] атты мақала атауының өзі оқырманды тарта түседі. Қызықтырады. Әрі әрбір сөзіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын сөз зергерінің қанша мақала, қанша еңбек, қанша туындысы болса да, дәл осы сынды эмоцияны көрсетуі аз-кем.

«Бір адам бір халықтың тұтас бір ғасыр бойындағы өмірі туралы дүниелік баспасөз бетінде қандай мәлімет басылған болса, соның бәрін тізіп берсе, сол адамға сол халықтың айтар алғысы, көрсетер құрмет-қошеметі қандай болу керек? Біздің ойымызша ол алғыстың шегі-шетіне көз жетпесе керек.

Сол адамның аты – Александр Ефимович Алекторов, алғыс айтар халықтың аты – қазақ.

Алекторовтың дүниежүзілік баспасөз бетінде қазақ халқы жайында не жазылса да соның бәрін тізіп берген кітабы /указатель/ 1900 жылы Қазанда басылып шықты /одан бері қайталанғанын кездестірген емеспін/. 984 беттік кітапта қазақ халқының тарихы, мәдениеті, тұрмыс салты, шаруашылығы, мінез-құлқы, еркек-әйелі жайында дүниежүзілік шыққан кітаптарда, газет-журналдарда төрт мыңға таяу мақала, очерктер басылғаны көрсетілген.

Егер осы 984 бет кітапта көрсетілген материалдарды жинап, екшеп-елеп, бастырып шығара алсақ он-он бес том болатын шамасы бар. Мұның өзі үлкен мәдени қазына емес пе? Нағыз мағынасындағы энциклопедия деп осындай еңбекті айтады» [2, 1].

Енді кітаптан бірнеше үзінділер келтірейік. Алекторовтың өзі қазақ халқы туралы былай дейді: «Қазақ халқы реңі бұзылмаған жас та күшті халық ретінде маған аса жақсы әсер етті».

... «Қазақтармен қанша кездессем де ылғи жақсы әсер алып отырдым. Олар маған түп-түгел қайырымдылық көрсетті, қонақжай, адал халық екен. Мен олардың арасында артық-кемі жоқ бір ай болдым. Өздерімен бірге киіз үйлеріне қонып жүрдім. Менің ақшам да, атым да, қаруым да болатын, қызығарлықтай нәрселерім де бар еді. Бірақ, қазақтардан жақсылықтан басқа ешнәрсе көргенім жоқ. Ешнәрсем тоналған жоқ. Болмашы бірдемем ұмыт қалса, қазақ 5-6 шақырым жер шауып келіп, қуып жетіп әкеліп беріп жүрді. Міне, бұл қазақтың қара бұқарасын өз көзімен көрген көлденең куәнің әділ пікірі» [2, 3].

Мақалада орта ғасырларда күллі Орта Азия халықтары қолданған Күн қайыру жүйесі, яғни Қазыбек наурызы туралы деректер бар. Көбіне Қазақстанның Батыс бөлігі тойлайтын көрісу күні туралы сирек кездесетін мағұлматтар да жазылған.

Ол туралы Ғ. Мүсірепов: «Алекторовтың тізбесінде ғылымдық, тарихтық, поэзиялық, этнографиялық толып жатқан қызғылықты материалдар бар. Солардың бірі – «Қазыбек наурызы». Қазақ астрономы Қазыбек деген адам жылдың басы саналатын «Наурыз» күнін 12-13 күнге алға қарай жылжытыпты. Бұрын «наурыз» март айының 8-9-дарында басталса Қазыбектің есебінше 12-13 күн соң басталады. Бірақ, мақалада не ілгері, не кейін жылжытқаны атап айтылмайды. Тек сөйлем құрылысын ғана аңғарасын. Егер осы факті зерттеліп анықтала қалса, Қазыбек астрономның есебі осы күнгі қабылданған 13 күндік айырмамен қабыса кетеді» [2, 3-4].

Әрі Алекторовтың «Қолдан істелген екі ішекті домбырадан мұндай нәзік, мұндай әсем дыбыстар шығады дегенге мен еш уақытта сенбеген болар едім! Егер де мына қарапайым жаныңа тиетін әнді өз құлағыммен естімеген болсам, мен оның ызыңдаған жаратылыс үнімен ұласатын күшіне де сенбес едім!» деген таңданысын тамсанып оқуға да болады.

А.Алекторовтың көп жылдар бойы білім саласындағы қызметінде сол уақытта ұлт қамын жеген Алаш азаматтары –  А.Байтұрсынов, О.Әлжанов, М.Сералин, С.Көбеев, Г.Балғымбаев, М.Сәрсенбаевтармен етене араласқанын бірі білсе, бірі білмейді. Сонымен бірге, «Қырғыз есімдері», «Қырғыздар өмірінің бейнесі», «Қырғыздар», «Бақсы», «Қырғыздардың халық әдебиеті», «Қырғыздардың мал шаруашылығы» «Қырғыздардың жер бөлісуі» т.б. барлығы 100-ден аса еңбек жазып қалдырған. «Қырғыздар туралы кітаптар, журналдар мен газеттердегі мақалалар мен хабарлардың көрсеткішінде» (Қазан, 1900) қазақ елінің тарихы, этнографиясы, тілі, әдебиеті, шаруашылығы жөніндегі еңбектердің мазмұны, олар жайлы айтылған сын-пікірлер, қосымша ретінде 50-ге тарта қазақ кітаптарының мазмұндалған тізімі берілген. Биыл «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласы аясында көп дүниені түгендеу, жаңғырту қолға алынып отыр. Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Бірі – ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту болса, екіншісі – ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту.

Сондықтан да, өз ұлтымызға, өз халқымызға қатысты әртүрлі авторлар жазған, түгендеген, тарихи еңбектерді, біріншіден – жинақтап жариялау, екіншіден – ары қарай насихаттау, дамыту – бізге жүктелген міндет, бізге қалған өсиет. Атқарылған, атқарылып жатқан жұмыстар көп, әрине. Дегенмен де, атқарылатын  жұмыстар легі бар және ол – уақыт күттірмейтін іс, уақыт оздырмайтын жұмыс.

Біз де мақаламызды сөз зергерінше қорытындылайтын болсақ, саф туындылар мен еңбектерді дүниеге әкелгендерге, халық тарихының жинақталуына, насихатталуына атсалысқан тұлғаларға рақмет айту ләзім. Осы мақалада көрсетілген сол тұлғалардың аты – Ғабит Мүсірепов пен Тұрсынбек Кәкішұлы, алғыс айтар – қазақ ұрпағы (өз халқы). Ғ.Мүсірепов қазақ халқы, оның әдебиеті мен мәдениеті туралы шығармаларында, баяндамаларында, мақалаларында көп жазса, ел арасында көп айтса, көп насихаттаса, Т. Кәкішұлының қазақ әдебиеті тарихы мен ұлттық сын өнерінің жанрлық қалыптасуы, «Қазақ әдебиеті сыны» пәнін енгізуі, «Қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны» кафедрасын ұйымдастыруы, «Қазақ фольклоры және әдебиет тарихы» ғылыми лабораториясын құруы, оның құрамды бір бөлігі «Қазақ диаспорасының рухани әлемі» тобы шет елдегі қазақтардың фольклорлық, этнографиялық, музыкалық, материалдық байлықтарын зерттеуі секілді қосқан үлесі орасан зор.


Шынар Жеңісқызы,

І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің 

1 курс магистранты


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

  1. Кәкішев Т. Көптомдық шығармалар жинағы. 5-том. Алматы: «Қазығұрт», 2013.
  2. Мүсірепов Ғ. Қазақ халқы А.Е. Алекторовқа үлкен қарыздар, 10 наурыз, 1977.

 

 

Пікірлер