Қоғам ішіндегі көптеген адамдар үйсіз жандарды "алаяқтар", "ұсақ ұрылар" - деп санап, барлығына біржақты қарайды. Бекер-ақ! Себебі, адамның адалдығы мен әдептілігі оның "әлеуметтік мәртебесімен" анықталмайды. Оған - үйсіз американдық Глен Джеймс дәлел. Ол күндердің бір күнінде Дорчестердегі South Bay Mall сауда орталығынан 40 мың АҚШ доллары бар рюкзакты тауып алады. Алайда, көп ұзамай ол табылған олжаның бір тиынын да жымқырмай полицияға тапсырған көрінеді.
Көптің қолыңан келе бермейтін ұлы істің себепкері атанған Глен Джеймс 1959 жылы Бостонда дүниеге келген. Кезінде Гленнің үйі де, сот алқасында беделді қызметі де болған.
Бірақ, 2005 жылы Гленнің көк тиынсыз далада қалуына қиын жағдайлар туындап, осындай келеңсіздікке ұшыраған... Ол көбіне үйсіздерге арналған баспанада түнейді екен. Денсаулығына байланысты Глен жаңа жұмыс таба алмай, біраз қиналған. Бірақ, «көше өмірі» 62 жастағы американдықты өзінің адалдығы мен қадір-қасиетін тонай алмағандығына көзіміз жетіп отыр...
Табылған рюкзакта төлқұжаттың болуы иесінің жеке басын тез анықтауға ықпал етеді. Рюкзактың иесі Бостондағы досына қонаққа келген Қытайдан келген студент болып шығады. Ол Джеймске де, полицияға да разы болып, әлі де жақсы адамдардың бар екендігіне таңқалып, өз алғысын білдіреді.
Глен Джеймстің бұл әрекеті Америка жұртшылығын дүр сілкіндірді. Оның адалдығына қуанған адамдар Гленге қандай да бір жолмен көмектескілері келді. Осылайша, Вирджиниядан келген Итан Уиттингтон Глен Джеймске қаражат жинау акциясын ұйымдастырады.
Ақша жинау ғаламторда іске қосылған "GoFundMe" қайырымдылық жобасы аясында жүзеге асырылды. Қайырымдылықтан жиналған сома таңқаларлықтай үлкен қаражатты қамтыды және ең қызығы, Джеймстің қытайлық студенттің рюкзагынан тапқанынан да асып түсті.
Алғашқы күні 50 мың доллардан астам қаражат жиналды, кейінірек қайырымдылық саны 100 мың долларға жетті. Сонымен қатар, адамдар Гленге тамақ, киім, баспана ұсынды. Ал, стоматологтар қауымдастығы – оған өмір бойы тегін стоматологиялық көмек көрсетті. Ақшаға толы рюкзакты иесіне қайтарған, Глен Джеймс "байлық сынағынан" сәтті өтті деп айта аламыз, сол үшін ол лайықты марапатталды.
Салтанатты түрде Бостон полициясының комиссары Гленге "таңғажайып әдептілігі мен адалдығы үшін" диплом табыс етті. Гленнің өзі мұндай назар аударуға үйренбеген және оны камера алдында, өте ұялшақ дейді. Ол өзінің іс-әрекеті туралы "байлыққа мүлдем мұқтаж емеспін" - деп түсіндірді, өйткені, Құдай оны әрдайым қорғайды, және егер ол ең шарасыз жағдайда қалғанның өзінде, ешуақытта ешкімнің нәрсесін иемденбейтінін айтты. Неткен жомарттылық... Неткен адалдық...
Зарина ӘШІРБЕК,
"Адырна" ұлттық порталы