Семейліктер лайланған су ішіп отыр

2620
Adyrna.kz Telegram

Семейдегі Юность шағын ауданының тұрғындары екі аптадан бері лайланған ауыз су ішіп отыр деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап.

Тіршілік көзінен әбден тарыққан жұрт суды сүзіп, керегіне жаратып, өлместің күнін кешуде. Олар суды тұндырып ішіп отыр. Судың құрамындағы қиыршық тастар мен зиянды заттар сүзгіден өту үшін кемі 1 тәулік тұнып тұруы тиіс. Тұрғындар қазір лай суды ішіп жүрген балалардың денсаулығына алаңдайды.

"Расында да екі жұма болды құм араласқан су ағып тұр. Қайта-қайта сантехник шақырамыз, құбырлар бітеліп қалады. Ауызсуды дүкеннен сатып алып ішіп отырмыз. Ақшасын бәрін өзіміз төлейміз", — дейді қала тұрғыны Айтбала Жансұлтанова.

Сапасыз судан тұрғындардың денсаулығы ғана емес, техникалар да шетінен бүлініп жатыр. Мәселен, тұрғын үйлердегі бірнеше адамның кір жуатын және ыдыс жуатын машиналары жарамсыз жағдайға түскен. Ал енді бірінің жаңадан орнатқан су колонкалары істен шығыпты.

Жергілікті әкімдік өкілдерінің сөзінше, Юность шағын ауданындағы түйткілге әбден тозығы жеткен коммуналдық жүйелер себеп. Тот басқан құбырдан дәл осындай лайланған су ағады.

"Құбырлар тозған себебінен біз суды тоқтатуға мәжбүр болдық. Өйткені, жарылыстар болды. Сол себепті су қайтадан берілген кезде осылай құм шықты. Біз қазір жаңа құбырлар салуға облыстық және республикалық бюджеттен қаражат сұрап отырмыз", — дейді  Семей қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Елдос Есентай.

Мамандардың сөзінше, жергілікті қазынада қаржы жоқ. Ендігі үміт — облыстық немесе республикалық бюджетте. Ал ол қаржы қашан бөлінетіні белгісіз.

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер