Әлем бойынша электр қуаты өше ме?

666

Әлем бойынша электр қуаты өшіп, тәртіпсіздік орын алады. Әлеуметтік желіде тараған бұл мәліметке stopfake сайты тексеріс жүргізді. 

Әлеуметтік желілерде «әлемдік үкіметтің» жаңа жоспары талқылануда. Пайдаланушылардың пікірінше, жақын арада бүкіл әлемде электр қуаты өшіп, тәртіпсіздік орнайды.

Бұл туралы Дүниежүзілік экономикалық форумның негізін қалаушы Клаус Шваб мәлім еткен-мыс. stopfake.kz-тің жазуынша, шын мәнінде, Шваб осы және әртүрлі елдердің үкіметтерінде мұндай жоспарлардың бар екендігі жайлы ештеңе айтпаған. Бұл теорияның «дәлелі» ретінде ұсынылатын Клаус Швабтың сөзі іс жүзінде оның Cyber Polygon 2020-да сөйлеген сөзінен алынған үзінді. Бұл түрлі саланың мамандары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері сөз сөйлейтін корпоративтік техникалық командаларға арналған киберқауіпсіздік бойынша жыл сайынғы іс-шара.

Оның басты тақырыбы «Цифрлық пандемия: дағдарыстың алдын алу және барлық деңгейдегі киберқауіпсіздікті нығайту» болды.

«Іс-шара аясында сөйлеген сөзінде Клаус Шваб әлем экономикасына айтарлықтай әсерін тигізетін кибер-шабуылға тап болуы мүмкін екендігі жайлы ой қозғайды. Бұған жол бермеу үшін адамдарға қазірдің өзінде тәуекелдерді бағалап, осындай жағдайлармен күресу үшін стратегиялар әзірлеу қажеттігі айтылды. Cyber Polygon нақ осы мақсатта ұйымдастырылды. Теорияның толық түсіндірмесін және ықтимал кибершабуылға дайын болудың неліктен маңызды екендігі жайлы Дүниежүзілік экономикалық форумның веб-сайтынан оқуға болады», - делінген сайтта.

Мәлім етілгендей, биыл Cyber Polygon іс-шарасы 9 шілдеде өтеді. Оның барысында жеткізу тізбегіне жасанды шабуыл ұйымдастырылады. Ал мамандар оған барынша тез және тиімді тойтарыс беруі керек.

«Осылайша, Cyber Polygon – бұл тек оқу-жаттығулар ғана, ал Клаус Швабтың сөздері ықтимал қауіпке жатады және қандай да бомласын үкіметтің жоспары емес. Оқу-жаттығулар аясында электр қуатын қасақана өшіру және әлемде тәртіпсіздік орнату сценарийлері қарастырылып отырған жоқ», - деп қорытынды шығарады stopfake.kz.

Пікірлер
Редакция таңдауы