ТӨРЕГЕЛДІ ШАРМАНОВ: Тамақ адамның мінезіне әсер етеді

4845
Adyrna.kz Telegram

Тамақ адамның мінезіне, генофондына әсер етеді. Мысалы, сырт елдің кока-кола, пепси-кола және де фасфудтарымен тамақтансақ, геніміз жақсармайды. Бұрындары шетелге барғанымда «бұл қандай тағам, біздің елде неге жоқ?» деп қызығып, ондай өнімдерді жеп көргенім рас. Кейін оның зиянын білген соң, мұндай тағамдарға жоламайтын болдым.

Жалпы, сырттан келетін өнімдердің халық денсаулығына келтірер кеселі өте көп. Мәселен, біз қымыз, шұбат, қымыран, бауырсақ, ірімшік, ет сияқты ұлттық тағамдарымызды жеуге тыйым салмаймыз. Себебі оның адам денсаулығына пайдалылығы баяғыда-ақ дәлелденіп қойған. Оларды тексеруден өткізбей-ақ тұтына беруге болады.

Ал, энергетикалық сусынға түбегейлі қарсымын. Оның ағзаға пайдасы бар деген пікірмен келіспеймін. Себебі адамның орталық жүйке жүйесін белсендендіріп, жұмыс істеу қабілетін арттыруға бағытталған бұл сусындардың құрамында кофеин, таурин сияқты қоспалар бар. Оларды белгілі мөлшерден көп қолданса, адамның энергиясы немесе бұрын байқалмаған қандай да бір ауруы қозады. Қозудың әсерінен адам әлсірейді. Ол бірден байқалмағанымен, уақыт өте келе тұрақты тұтынушының денсаулығы күрт нашарлауы мүмкін. Өнім адамға қосымша қуат береді деу – қате пікір. Аты «энергетик» болғанымен, заты оған сай емес. Керісінше, бойдағы бар энергияны артығымен жұмсап, түгелімен шығарады. Былайша айтқанда, адамның энергиясын өзінен «қарызға алады».

Денсаулық сақтау мамандарының мәлімдеуінше энергетикалық сусындарды жүйелі түрде қолдану жүрек-қан тамырлары жүйесі қызметінің бұзылуына, ұйқысыздық дертіне, адам ағзасының уақытынан бұрын әлсіреуіне, қан қысымының көтерілуіне әкеліп соғады. Оны жүйкесі сыр берген, гипертония, глаукомамен ауыратын адамдарға және аяғы ауыр әйелдер мен 18 жасқа дейінгі жастарға қолдануға болмайды. Мұндай ас-ауқатты сырт айналып жүргеніміз дұрыс.

Пікірлер