Бекболат ҚАРЖАН: Өзгерді әлем, қазағым өзгермеді...

3540
Adyrna.kz Telegram
Планетаның өркениетті көші соңғы кезде мүлдем жаңарған моделге өтіп жатыр. Өркениетті ғылым мен технологияның қожайындары адамзат баласының игілігі үшін қай жерге болса да барып келуді жеңілдететін тамаша технологияларды өмірге алып келуде. Осындай ғылым мен технологияның салтанат құрған дәуірінде қазақ баласы өзінің мұнайы мен байлығының рахатын көрмей кетті. Мұнай дәуірі көп ұзамай құлайды.
Әйгілі Илон Маск мұнай дәуірін көп ұзамай құтатады. Илон Маск экологиялық таза электромобилдердің кардинальді эрасының есігін ашты. Жаһанның келбеті күн санап емес, сағат санап өзгеріп жатыр. Өзгермей жатқан тек қана Ресейдің тегеурініндегі диктаторлар басқарған мешеу елдер ғана. Оның ішінде біз де бармыз. Қазір әлемнің көш бастаған Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Германия сияқты елдерінде Мерседес, Тойота, Хондай, Шевролет, ең үздік моделдегі көліктер өз халықтарына мақтаныш емес. Олар үшін жәй зат.
Жаныңды оттай күйдіріп, ішіңді удай ашытатыны - аталған елдер осыншалықты деңгейге жетіп отырғанда, қазақ баласы жемқор лоббисттердің құрып тастаған утильсбордың қақпаны не екенін әлі білмей, өркениетті елдер мақтаныш ретінде көрмейтін көліктерге қолы жете алмай, орыстың қоқыстарын еліне тасып жүр. Оның үстіне экологиялық таза көліктер саналатын электромобильдерге де бізде утилизациялық алым енгізген.
Заман қайда, өркениет қайда барады? Қазақтың баласы қайда барады?
Біздің халық жаңашылдықтан үнемі артта жүретін халық. Елең етіп ізденбейді. Ғасырлар боданынан санасы мен рухына өте ауыр соққылар қабылдағандықтан, осы уақытқа дейін есімізді жинай алмай келеміз. Қазіргі заманның ағымы, талабы, қоятын шарты - тек қана адами капиталды жетілдіру екенін бәрі біледі. Бірақ ол бізде іске аспайды. Айтылады. Бізде айтылмайтын нәрсе жоқ, бәрі айтылады. Біз енді аталған ірі державалардың көшіне ілесе алмаймыз. Бірақ, бірақ біз адам ретінде, тұрмысқа қажетті дүниелермен қолжетімді деңгейде өмір сүре алсақ, соның өзі біз үшін жетістік болғаны тұр. Бұл реализм.
Қазақта технократтар көп. Бағасы жоқ. Қолдауы жоқ. Ел менікі деген ішкі құлшыныс та жоқ. 30 жыл алдын ұлттық идеологиямызды, тілімізді түзеп алғанымызда, дәл қазір осындай рухани жұтаңдыққа тап болмас едік.
Қазақты басқарудың тетіктері заманауи өркениетті жолмен өзінің менталитетіне, діліне, құндылықтарына сай жүруі керек. Бізге қазақты тығырықтан алып шығып, күрең белдерден жетектеп өтетін азаматтарды басшылыққа алып келу керек. Ол азаматтар біздің арамызда жүр. Әйтпесе, қалғанымыз қалған, қақсағанымыз сол қақсаған болып қала береді. Біз бұл өнбес тірліктен шаршадық. Қазақты ананың адал сүтін емген текті азаматтар ғана басқарса ел болады. Соңғы меже - жемқор арамтамақтардан билікті алып, сол тектілердің қолына тапсыру ғана қалды.
Бекболат ҚАРЖАН,
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер