Сәтті саяхаттың 12 қағидасы

3190
Adyrna.kz Telegram
фото ашық ақпарат көзінен алынды
фото ашық ақпарат көзінен алынды

Жаз – әлемге құлаш сермеп, саяхаттайтын жайдарлы мезгіл. Саяхатты сүйетіндер демалу үшін дәл осы мезгілді қолайлы көреді. Себебі жаз - жағажай жанданып, табиғат түлейтін көрікті кезең. Алайда демалыстан толықтай эмоционалды эстетикалық ләззат алу үшін өзіндік ережелерді есте тұтқан абзал. Жақын арада саяхаттауды жоспарлап жүрсеңіз, әуелі жүрек үніне құлақ асыңыз. Жаныңыз шытырманға толы топтық, актив саяхатты ұната ма, әлде, ойыңызды реттеп, мақсаттарыңызды айқындап келуге ықпал ететін пассив демалыс қажет пе? Таңдау- талғам еркіңізде.

Ендеше, шартарапты шарлап, туризм жолында толысқан фрилансерлердің саяхаттау барысында ұстанатын алғышарттарын алдыңызға ұсынамыз.

  1. Жол қамына кіріспес бұрын демалыстың әр күнін егжей-тегжейлі жоспарлаңыз! Сонда, үйіңізге оралғанда белгілеген межелерді көріп-танып, "үлгермедім" деген өкінішке орын қалмайды.
  2. Саяхат – тосын ситуацияларға толы болады. Сондықтан барлық уақытта сенімді серік етіп, интуцияңызға құлақ асыңыз.
  3. Баратын елдің, қаланың валюталық курсын, менталитетін терең зерттеп, географиялық картасын, бағыт беретін арнайы платформаларды телефоныңызға жүктеп алыңыз. (Мәселен, TravelSIM, Kaspi.kz, аударма жасайтын қосымшалар шетелдегі жұмысыңызды жеңілдетеді.)
  4. Өзіңізге бейтаныс жерге саяхаттар болсаңыз, ол орынның ерекшеліктерін екшеп, жолға күндіз шығыңыз.
  5. Жол сөмкеңізді қолданбайтын заттар мен кимейтін киімдерге толтырмаңыз.
  6. Табан тіреген еліңіздің діни сенімдеріне құрметпен қарап, жергілікті телеарналардан тұрғылықты орындағы жаңалықтардан хабардар болыңыз.
  7. Баратын еліңіздің қолданыстағы тілін жазбай тауып, саяхат аясында ең жиі қажет болатын сөздерді жаттап алғаныңыз жөн.
  8. Бастысы, жаңа ашылулар мен таныстықтарға ашық болыңыз.
  9. Әсерлі саяхатыңыздың әр сәті жадыңызда жатталғанын қаласаңыз, қарбалас саяхат кезеңінен аз саябыр тауып күнделік жүргізіңіз.
  10. Демалысыңыздың бір күнін экстримальді туризмге арнайтын болсаңыз, қонақ үй номеріне қайда, кіммен бара жатқаныңыз туралы ақпарат қалдырып кеткеніңіз дұрыс.
  11. Келеңсіз оқиғалар мен өзге туристердің кейбір қылықтарына көңіл-күйіңізді құртуға жол бермеңіз! Әрдайым позитивті ой -демалысыңыздың әсерлі өтетініне кепілдік!
  12. Жадыңызда жаттайтын соңғы ереже елдегі жақындарыңызбен байланысты үзбеңіз.

Сондай-ақ бір барған еліңіз көңіліңізден шығып, қаншалықты ұнап қалса да, келесі жолы саяхатыңыздың бағытын басқа жаққа бұрыңыз. Ел аралап, жер көрудің алтын қағидасы көңіл көкжиегін кеңітіп, таным-түсінігіңізді толыстыру. Ойлы оқырман, жоғарыда ұсынған келелі кеңестерді демалысыңыздың басты ұстанымыңыз етсеңіз, ұтылмасыңыз анық! Қашанда сапарыңыз сәтті, жолыңыз ашық болсын!

                                                                                                      Дана Жобалаева

Пікірлер