БҚО-да көз жұмған жас полицей ісіне қатысты тергеу басталды

2000
Adyrna.kz Telegram

Орал-Ақсай тас жолында 28 жастағы полиция қызметкері жол апатынан мерт болды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.

БҚО полиция департаментінің ақпаратынша, қайғылы оқиға 9 мамыр кешкі сегіздер шамасында болды.
Орал-Ақсай тас жолының 25 шақырымында ВАЗ-2110 маркалы автокөлік аударылған.

«Облыстық патрульдік полиция батальонының 28 жастағы қызметкері рөлге ие бола алмай, аударылды. Салдарынан полицей ауруханада көз жұмды. Оның қасында екі жолаушы отырған, олар аман», - деді департаменттің баспасөз қызметіндегілер.

Полицей жол апаты кезінде сау болған.

Бұл фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-тармағы «Автокөлік басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бірқатар сараптама тағайындалды.

Бұған дейін Орал-Тасқала тас жолында осыған ұқсас трагедия болған еді. Қаланың полиция басқармасының қызметкері рөлге ие бола алмай, жол апатына түсті. Салдарынан оқиға орнында қаза болды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер