Арзан әрі сапалы смартфондар топтамасы

3733
Adyrna.kz Telegram
фото ашық ақпарат көзінен алынды
фото ашық ақпарат көзінен алынды

Смартфондар әлдеқашан сіз бен біздің өміріміздің бір бөлігіне айналып кеткендігі белгілі. Тұтынушының көптігі өндірушілер арасында үлкен бәсекелестік тудыратындығы тағы бар. Смартфондар мен гаджеттердің жаңа модельдері жыл санап емес, күн санап артуда. Жаңа үлгілердің көптігі тұтынушылардың басын айналдырып жібереді десек артық айтқандығымыз емес. Сол себепті сіздерге смартфон таңдауда сәл де болса пайдамыз тисін деген ниетпен биылғы жылдың үздік бюджеттік үлгілерінің алғашқы топтамасын назарларыңызға ұсынамыз. Қолжетімді бағадағы ақылды телефондардың үлгісін бірге саралап көрейік.

Honor 30i

OLED экран қазіргі уақытта тек флагмандық үлгілерде ғана емес, қарапайым қалтафондарда да кездесуде. Бұл экрандарға сұраныстың артуына байланысты Honor 30i қалтафоны сатып алушылар көзінен тасада қалып қоймасы анық. Оның үстіне дисплейдің пішімінің 2400×1080 пиксельде болуы тұтынушының талғамын толықтай қанағаттандырады.

Бұдан бөлек Honor 30i ақылды телефоны бізді немен таң қалдыра алады? Сәнді дизайны, корпусының ашық, жарқын түстермен боялуы, тәуір сападағы HiSilicon Kirin 710F жүйелік платформасы, 4 Гб жүйелік жады мен 128 Гб-тан тұратын негізгі жады. Өз бағасы үшін таптырмас модельдердің бірі саналатын бұл қалтафонның батареясы 4000 мА болса, негізгі камерасы 3 түрлі модульден тұрады. Смартфонның орташа бағасы-105 000 тг.

Xiaomi Poco M3 4/64GB

Биылғы жылдың бюджеттік брендіне айналған Poco M3 үлгісі қалың көпшілікті өзінің көптеген қырларымен баурап алды. Басты артықшылығы, нарықтағы бәсекелестеріне қарағанда бағасының арзандығында. Одан кейінгі маңызды тұстарының бірі телефонның батареясы 6000 мА-ды құрайды, бұл дегеніміз, телефонның батареясы сізге 24 сағаттан артық қызмет көрсете алады.

Өзге де артықшылықтарына көз салсақ, телефонның жүйелік платформасы Qualcomm Snapdragon 662 чипі болса, жүйелік жады 4 Гб-ты құрайды. Смартфонның орташа бағасы шамамен 75-80 000тг көлемінде.

Nokia 5.3 3/64GB Dual Sim

Нокия телефонының атауының өзі көпшілігіміздің құлағымызға жылы естілері ақиқат. Өз заманында атағынан ат үркетін бұл компанияны смартфондар арасындағы бәсекелестікке төтеп бере алмады деп жатады көпшілік. Бірақ Нокиалықтар олай ойламайтын секілді. Бұған дәлел су жаңа Nokia 5.3 смартфоны.

Nokia 5.3 соңғы уақыттардағы ең бір қызық модельдердің бірі ретінде есептеледі. Дизайнына қарасақ, ең алдымен өзгеше орналасқан негізгі камераны көзіміз шалады. Анықтап айтар болсақ, бұл квадрокамера құрылғының қуатына байланысты өте сапалы өнімдердің бірі болып есептеледі.

Бұл модель тұтынушыны тағы немен қызықтыра алады? Мысалға, Google көмекшіге арналған арнайы батырма және бұғаттау батырмасының жанында орналасқан хабарламалар индикаторын атап өтсек болады.

Экран пішімі аса үлкен болмаса да, жүйелік платфорамасы Nokia өнімдерінің ішіндегі ең сапалыларының бірі болып табылады. Жүйелік платформа Qualcomm Snapdragon 665 чипі болса, жүйелік жад 3Гб-ты құрайды. Смартфонның орташа бағасы-79 000 тг.

realme C15 4/64GB

realme C15-соңғы уақыттардағы батареясы ең қуатты телефондардың бірі болып саналады. Алдын-ала жасалған сарапшылар сынағының қорытындысы бойынша, бұл модель ең тез қуатталатын, және ең шыдамды қалтафондардың санатына енді.

8 ядродан тұратын MediaTek Helio G35 чипі құрылғының жүйелік платформасы болып саналады. Бұдан бөлек телефонның басты артықшылықтарының бірі-төрт модульды негізгі камера. «Енді камера», «ультра енді камера», «портреттік» және «ретро» деп аталатын камера модульдері сіздің сапалы суреттеріңіз үшін қызмет қылуға әзір. Нарықтағы орташа бағасы-70 000 тг.

ZTE Blade 20 Smart

 «Әрі арзан, әрі сапалы» деген тіркес тура осы модельге арнап айтылғандай. Смартфон сәнді дизайнда жасалған және ішкі характеристикалары да нарықтағы бәсекелестерінен кем түспейді.

MediaTek Helio P60 чипі арқылы жұмыс істейтін жүйелік платформа, 4Гб-ты құрайтын жүйелік жад пен 128 Гб-тан тұратын негізгі жад кез-келген тұтынушыны қанағаттандырары анық. Бұдан бөлек соңғы трендтердің бірі болып саналатын NFC технологиясы да аталған смартфоннан орын тапқан. Смартфонның нарықтағы орташа бағасы 79 000 тг.

Бүгінгі кеңесіміз сіздерге сәл де болса өз септігін тигізетін болса, онда біз оқырман алдындағы үлкен миссиямыздың баспалдақтарын аттағандай күй кешер едік. Смартфон таңдау ісіне ерекше ұқыптылықпен, байыптылықпен қараңыздар. Себебі, жоғарыда айтқанымыздай ақылды телефондар - бүгінгі күнде өміріміздің бір бөлшегі. Бағасы мен сапасы дәл келіскен құрылғыларды таңдай білейік.

Көргенов Қуандық

Пікірлер