Мәшһүр Жүсіп кесенесі

3856
Adyrna.kz Telegram

«Жетпіс үшке келгенше балталасаң да өлмеймін, жетпіс үштен асқан соң майға бөлеп қойсаң да әрі өмір сүрмеймін» деп дәл елу жасында өзінің бұл фәниден қашан кететінін болжаған ғұлама, данагөй тұлға Мәшһүр Жүсіп Көпеевті ұлы ойшыл, философ ретінде танимыз.

Мәшһүр Жүсіп атамыз 1858 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданы Қызылтау болысында дүниеге келген. Шын аты – Жүсіп, ал Мәшһүр арабтың «белгілі» деген сөзі. Өз жазғандарының кейбірі жарияланып, елге атағы жайылған шақты, жүсіп есіміне «Мәшһүр» сөзі тіркеледі де «Мәшһүр Жүсіп» атымен кетеді.

«Ғұлама ғұмыры» атты еңбекте: «Қазақ әдебиеті тарихында өзі өмір сүрген дәуірдегі бірден-бір көрнекті тұлға танылатын бұл жанның атқарған қызметіне, зерттеушлік, ақындық жұмысына бір сәтке зер салар болсақ, онда оның өмірбаяны біздің көз алдымызға мынадай жайларды әкелері анық. Жүсіптің әкесі Көпей Сермағамбетұлы қазаққа обадай тиетін жұт жылдарының бірінде ата-анадан ерте айырылған қара қасқа атты кедейдің бірі болған. Ауыл қариялары ауыл әкесі есімінің Көпей аталуының себебін: «Жоқ, жетімді көп көрген ол уызына жарымаған қозыдай шипая өскендіктен оның атын солай атап кеткен»,- деп түсіндіреді. Десе де, қиындық пен ауыртпалықтың дәмін ерте татқан ол марғау тіршілікті «мансұқ» еткен ауылдастарындай болмаған. Уақыт өте келе Көпей Сермағамбетұлы пысық та, ширақ, еті тірі адамдар санатына қосылып, Алтай-Қуандық еліндегі Шотаяқ байдың Қараөткел, Атбасар, Омбы, Қызылжар төңірегінде жүріп тұратын жүк керуеніне төреші болып жұмыс істейді. Ел көріп, жер көріп көзі ашылады. Сонда жүріп үйлі-баранды болған соң өзінің кіндік кесіп, кір жуған жері Қызылтауға келеді. Бірақ мезгіл-мезгіл қайталанып отыратын жұт жылының ауыртпалығынан ақынның әке-шешесі өз ата мекенінен дуан орталығы – Баянауылға қоныс аударып, көп жатақтардың бірі болып тұрмыс кешеді», - деген дерек кездеседі.

Осы аталған «Ғұлама ғұмыры» атты еңбекте өмір тауқыметінің ащы-тұщысын көріп өскен Көпей Сермағамбетұлы балаларының үлкені – болашақ ақын Жүсіпті оқытуды мақсат еткендігі жазылады. Ол туралы: «Өзінің бұл ойын жүзеге асыру үшін ол сондағы Қамар қазіреттің медресесіне күзетші болып орналасып, еңбек төлеуіне Жүсыпті оқуға алуға өтініш білдіреді. Осы арада айта кететін бір жайт, ақынның ата-анасының сол кездері баспанасы болған мешіт жанындағы бір бөлмелі үй қазірге дейін бар», - деп жазады автор.

Қамар қазірет медресесінде 15 жасына дейін білім алып, мұсылманша хат таныған Жүсіп 1872 жылы тұңғыш рет Қараөткел, Атбасар, Қаражар маңын жайлайтын Алтай-Қуандық, Тоқа елдерін аралауға шығады. Ондағы ойы – өзінің жас кезінен бері қиялына қиял қосқан халық қазынасы – ауыз әдебеті үлгілерін жинауға деген алғашқы талпыныс. Шоқтықты келген атандай қарала атқа мінген (бұл мініс көлігі өзіне кейін көп жылдар бойы серік болған) балаң жігіт, қанжығасына қағаз толы қоржынын бөктеріп ап бүкіл жаз, одан күз бойына Солтүстік өңірін шарлаған алғашқы сапарында көп жайлардың куәсі болады. Ол ел мен ел, ру мен ру арсындағы бақталас-бақастықтың, қарапайым жандардың қараңғылығын пайдаланып, оларды сүліктей сорған бай, молдалардың, қожалардың қатыгездік қылықтарын, бұдан басқа да теңсіздік, әділетсіздік көріністеріне енжар қарап қалмаған. Мұндай жәйттер оның қолына қалам алып, үстем тап өкілдеріне деген қарсылыққа толы алғашқы өлең жолдарын жазуға түрткі болды.

Халықтың ауыз әдебиетін жинауға деген әуесқойлық бірте-бірте өмірлік мақсат-мұратына айналады. Ел арасынан өзінің бала күнгі естіген ертегілері, қисса-жырлары, жаңылтпаштар, жұмбақтары жас жігіт санасында есей келе олардың туу тарихымен, әртүрлі нұсқалармен ұштасып, қағаз бетіне түсе береді, түсе береді. Міне, Мәшһүр Жүсып Көпеевтің XIX ғасырдың аяқ кезіндегі өмірі осындай зерттеушілік, шежірешілік, оған қоса әлеуметтік теңсіздікті сынайтын ақындық жастарымен сипатталады. Халық ауыз әдебиеті қамқоршысының қолжазба еңбектері 1931 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының қолжазба қорына тапсырылады. Кейінгі ұрпақ үшін рухани мол олжа саналатын «Мес» атты жинағына одан кейін де ширек ғасырдан астам уақыт ішінде ақын аталмыш жинағына қаншама халық даналығын қосты.

«Ғұлама ғұмыры» кітабында Мәшһү атаның шежірешілік қасиеті туралы келесідей дерек бар: «Әрине, қазақта Мәшһүрден басқа шежіре жинаушылараз емес. Олар қазір де бірталай. Мысалы, бір ғана Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында тұратын қарапайым еңбекші Құсайынның Бекісі, Нұртазаның Шардамбайы, көп жыл мұғалім болған, Бекмағамбет Серкебаев тағы да сондай Қазақстанның кең өлкесінің әр жерінен табылады. Бірақ Мәшһүр Жүсіп Көпеев шежіресінің өзге шежірелерден бір ерекшелігі сол әрбір ру аталарын баяндағанда, солардың өз кезінде, өз тұсында болған оқиғалар туралы ел ауызында қалған ертегі, аңызды қоса айтуы. Сондықтан ол жазған шежіре өте қызықты. Мәселен, атақты Бұқар жыраудың ата-тегін, оның қашан туып, қашан қайтыс болғаынын айтумен бірге Мәшһүр өз шежіресінде: «Ол замандағы жұрттар Бұқарды көмекей әулиесі дейді екен. Ол кісі қара сөзді білмей, тек, сөйлесе, көмекейі бүлкілдеп, жырлай бастайды екен» деген образды сөз тіркестерін қоса жаза кетуі сөзімізге дәлел».

Мәшһүр Жүсіп бір кіндіктен үш ағайынды. Бірақ бауыры мен қарындасы (Хасен, Әмина) оның жас кезінде қайтыс болыпты. Әкесі Көпей болса 73 жасында дүние салған. Ақынның өз отбасы туралы сөз етер болсақ, жұбайы Рабиға үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, 1915 жылы Баянауыл дуанының Ақкелін болысына қарасты Айдос ауылында қайтыс болған деген дерек бар.

Мәшһүр Жүсіптің ұлдарының үлкені – Шарапи, ортаншысы – Әмен, кенжесі – Фазыл. Ал қыздарының аттары – Бәтима, Әмина.

Үлкен ұлы Шарапи 1936 жылы 12 наурызда әке қазасынан 5 өткен соң қайтыс болған. Одан кейінгі баласы Әмен Республика Халық Комиссарлар Советінің елдегі қалың мал, сауатсыздықты жою туралы декретіне алғаш рет үн қосқан жастардың бірі. Осы міндетті орындау барысында ол Сара Есова сияқты жалындаған жастармен бірге алдымен ауылдық жерлерде, сосын арнайы жолдамамен Ташкент қаласындағы №14 мектепте мұғалім болып жұмыс істеген. Әмен 1921 жылы 33 жасында ата-анасы қалың малға бермекші болған 14 жасар мектеп оқушысын қорғау жолында, тап жауларының қолынан қаза тапқан. Баласының өлімін «Ақжол» газетіндегі қазанамадан оқыған Мәшһүр қарт оған арнап:

«Қан түсті алпыс үште аяғыма,

Оқ тиді түзде жүрген саяғыма»,- деп 13 шумақ жоқтау жазған екен.

Кенже ұлы Фазыл әкесінің өмір сүрген жері Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Жаңа жол совхозындағы ұзақ жыл мұғалім болып қызмет еткен.

Мәшһүр атаның әулиелігі жөнінде Сүйіндік Көпеев «Ғұлама ғұмыры» кітабына енген  «Мәшһүр Жүсіп өз бейітін өзі салдырды» атты естелігінде: «Әуелі жатар орынын дайындатады. Үлкен келіні Зейнептің Дұсжан деген інісіне қаздырып, өзі үнемі басында отырады. Енін, ұзындығын, биіктігін екі жарым кез етіп алдырады да, ол біткен соң, көңілі әлде бірдемеге дауаламағандай тағы да біраз тереңдеу керектігін айтады. Күндегі әдетінше, ертеңгілік тағы да басына келіп отырады да дұға етеді. Бұл кез Дұсжан бірыңғай қиыршық тас жер үйіндісінің астынан тұтасқан бір ақ күлгін түсті тастың белгі бере бастағанын байқайды.

– Моллеке, мына жердің тасының түсі өзгере бастады, әрі тұтас жатқанға ұқсайды, енді не істейін, бөлектеп уақтайын ба? – деп жоғарыға қарайды.

– Жоқ, Дұсжан. Менің де күткенім сол болса керек. Сындырмай тұтас ал да жоғарыға шығар,- деп тағы дұға оқиды. Биіктігі бір жарым, ені бір кезге таяу, қалыңдығы 20-30 сантиметр бұл тасты аты-жөнін жазып, басына белгі етіп қойғызған екен көзі тірісінде.

– Қысы бар, жазы бар, әрі-бері өткен жолаушылар келіп түнеп қалса, барлық мүлкімді пайдалансын. Қорықпасын, мен көрден тұрып ешкімге де бас салмаймын,- деп тапсырады. Бұл жерде Мәшһүр:

– Мен өлгеннен кейін қырық жылға дейін денем бұзылмайды. Тірі адам көзі көреді, серт етем. Тек жаздың ыстық айлары ақыретімді айырбастап отырыңдар, қыс керегі жоқ. Сонда көздерің жететін болады,- деп үлкен баласы Шәрәпиденге шырақшылықты өсиет етеді. Сөйтіп, Мәшһүр 1931 жылдың күз айында дүние салды. Одан бұрын тірісінде өзіне-өзі дұға оқытқан. «Көпейұлы Жүсіпке құдай рахмет ойласын» - деп, сақ-сақ күледі екен де: «Маған келіп бата жасамақ түгілі әркімнің басына туар «тұрымтай тұсына» заман болады. Мен көрмеймін, сендер көресіңдер, көресіздер де көнесіздер», - дейді екен. Бұл қазақ еліне 1923 жылғы дүрбелең болп басталып, 1931-1932 жылға адам қырғынымен, аштықпен аяқталған кез еді ғой. 1952 жылы көрін ақтарып, үйін талқандап бұзып тастағанға дейін Мәшһүрдің денесі бұзылмады. Оны кезінде көзбен көрген адамадар болды. 1946 жылы Сәбит мұқанов та зират басына барып, ішіне түскен еді. Мен де 1950 жылдың жазында ішіне түсіп, денесін сипаған едім. Сонда, жадағай жерде жатса да, бір түрлі хош иіс шығып тұратын», - жазады.

Мәшһүрдің соңғы үш өсиеті

«Жетпіс үшке келгенше балталасаң да өлмеймін, жетпіс үштен асқан соң майға бөлеп қойсаң да әрі өмір сүрмеймін» деп елу жасында айтқан сөзі екен. Мәшһүр атаның үлкен баласы Шәрәпиден соңғы жылдары ешқайда ұзап жолға шықпай үнемі әкесінің қас-қабағын бағуда болды. Бірақ, Мәшһүр атада ешқандай науқас белгісі жоқ, әрі көңілі де сергек еді. Мәшһүрдің өмірінен хабардар болғысы келген көрші ауылдас ақсақалдар, тіпті алыстағы жекжат ағайындары да жиі келіп-кетісіп жатты.

– Қимайсыңдар, білемін. Құдай аламын дейді, ал Шәрәпиден мен Зейнеп бермеймін деп әлек, әй қайдам, – деп күліп қояды екен.

Сондай күндердің бірінде, яғни 1931 жылдың жаз ортасынан қарай: – Мәшһүрмен қоштаса берулеріңе болады, тіршілігімде бата жасаңдар, қолымнан келіп дәм татыңдар. «Тұрымтай тұсында» деген заман болды, кімнің қандай жағдайда болары белгісіз, өз көзіммен көріп, батаға қатысайын» деп құлақтандырып та жіберді елді. Алғашында қадама-қадама болып келген адамдар легі кейін үлкен ас беру рәсіміне айналып кетеді. Мәшһүр әр ас соңынан кейін бата жасап, қолын жайып: – Көпейұлы Мәшһүрдің ол дүниеде бетінен жарылқасын, – деп қарқ-қарқ күледі екен. Міне, бұл Мәшһүр көзі тірісінде жасап кеткен өсиетінің бірі еді.

Мәшһүр өмірден өтерінен бірер жұма бұрын сол кездегі өзіне көңілдес-ауылдас серіктері болған Еламан-Есмағанбет ұрпағынан тараған Жүсіпті, Құдияр атасынан ұста Мәшірапты, Түлкі молланы, Құлшәріп дуананы шақыртып алдырған болатын. Ақ жуып, арулап қоюды да соларға тапсырған. Тек дәрет суын тіршілігімдегідей келінім Ақзейнеп баптап тұрсын, өлі денеге де бап керек, – деген екен. Ол аманаты да орындалды.

Абай мен Мәшһүр Жүсіп

Ел аузына тараған Абай мен Мәшһүр Жүсіптің сәлемдесуі туралы келесі бір аңызды Ақселеу Сейдімбек ағамыз қағаз бетіне түсірген екен.

Абай мен Мәшһүр Жүсіп екеуі бір-бірін сырттай білсе де, әлі жүздесе  қоймаған кезі екен. Бірде, тобықты еліне жолы түскен Мәшһүр Жүсіп амандасу үшін Абай ақынның үйіне түседі. Табалдырық аттап үйге енгені сол Абай тосыннан сауал қойып: «Ақылдының өзінен бұрын айтқаны жетеді деген. Атың құлағымды сарсылтып еді, шынымен Мәшһүр болсаң айтшы кәне. Құдай қайда? Жұмақ пен тозақ қайда?!» – депті. Сонда Мәшһүр Жүсіп еш кідірместен: «Абайдың құдайының қайда екенін білмедім. Менің құдайым жүрегімде. Ал, жұмақ пен тозақ әркімнің өз үйінде, қатының ақылды болса – жұмақ, ақымақ болса – тозақ!» – деген екен. Абай есті сөзді естігеніне риза болып: «Мәшһүр десе дегендей екенсің!» – деп, қолын алып, төрін ұсыныпты.

Тағзым

Ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіп бабамыздың кесенесі 2006 жылы қайта жаңартылып, бой көтерді. Құрылысы көне түркі стильінде жасалған кесененің жобасын дайындауға С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің мамандары мұрындық болған. Сол кездері Ерлан Арын басқарған білім мекемесінің ғалымдары қолға алған жоба ежелгі түркі тайпаларының сәулет ерекшелігі, ислам дінінің өзіндік өрнектерімен ерекшеленеді. Кесене зиратхана және көрхана атты екі бөліктен тұрады. Көрханада әулие бабамыз жатыр, сондай-ақ сандықтасы, құлпытасы қойылып, шамшырағы орнатылған. Әрбір бөліктің көлемі – 8/8 шаршы метр, ал кесененің биіктігі 14 метр. Салмағы 9,5 тонна болатын құлпытасы мен сандықтасы мәрмәр тастан жасалған. Айшық темірлері әрленіп, алтынмен жалатылған. Кесененің кіреберісінде Құраннан аяттар жазылған.

Мәшһүр Жүсіп атамыздың кесенесінің асты – кең көр, ғұламаның мәңгілік мекені. Екінші қабатында, едені тақтайланған әп-әдемі бөлмеде жалған дүниеге лайық жиһаз-мүлік. Кітапханасы да сонда орныққан.

Ойшыл, ғұлама Мәшһүр Жүсіп атамыздың басына тәу етіп, дұға жасауға баратын қарашаның қарасы қашан да көп. Кейінгі жылдары жаңа жол төселіп, зиярат етем деушілерге жағдай жасалды.

Мәшһүр бабамыз жатқан кесене жанынан «Ескелді» мәдени-қонақүй кешені ашылды. 40 адамға лайықталған екіқабатты ғимарат баба рухына тағзым етіп келушілерге қызмет көрсетеді.  Қонақүй кешенін салуға демеушілік көрсеткен «Kazenergy» ассоциациясы 30 миллион теңге қаржы жұмсаған екен.


Асыл АЙДАР, "ЕЛ.КЗ"

 

Пікірлер