Шыңғыс хан жосығынан тайған хандар

3056
Adyrna.kz Telegram

Ұлы тұлғалар салған сара жол қашанда өз маңыздылығын жоймақ емес. Шыңғыс хан қара күшпен ғана емес, ақыл-парасатымен, ел мүмкіндігін сарқа пайдаланатын саралығымен әлемді бағындырды. Ал оның ұрпақтары ата жолын ұстана алмады. Сафарғалиевтің «Алтын Орданың ыдырауы» атты еңбек арқылы оған біз нақты мысалдар келтіре аламыз. Түркиядағы Ататүрік жасап кеткен зайырлы даму қоғамы кейінгі басшылар кезінде басқа арнаға бұрылғанын, оның зардабын қарапайым халық тартып отырғанын күнделікті көріп отырмыз. Шыңғыс хан ұрпақтары жасаған «реформалар» да өз мүдделерін халық мүддесінен жоғары қою байқалатын, ақырында, оның батпан ауыртпалығын қарапайым халық көрді.  

Орта Азияда ислам діні VIII-IX ғасырларда келсе, Дешті-Қыпшаққа XIII-XIV ғасырларда келгенін тарихи деректерден бағамдаймыз. Оның өзінде бұл бастапқыда билік басындағылардың ұстанымы еді. Ал енді Сафарғалиевтің жазғанына назар аударсақ:

«Беркенің жеңіп шығуын оның кандидатурасын мұсылман көпестерінің қолдауы едәуір жеңілдеткен еді. Бұларды Алтын Орда әкімшілігі Батыйдың тірі кезінде-ақ алымды төлеп алушылар ретінде таратқан болатын. Бұлармен бірге Беркені таққа пұтқа табынушыны емес (тәңіршілдік), мұсылман дінін жақтайтын адамды отырғызуды көздеген Хорезім мен Бұлғардың мұсылман дінбасылары қолдады. Берке ханның таққа отыруынан кейін мұсылман көпестері шын мәнінде мемлекеттік мекемелердің бәріне көптеп енді, ал мұсылман дінбасыларының миссионерлік қарекетіне кең өріс ашылды. Берке таққа отырғаннан кейін көп ұзамай билік басындағы ақсүйектердің шамандықтан мұсылманшылыққа жаппай өтуі басталды.

Исламның қабылдануының үстем тап үшін саяси және мәдени маңызы зор болғаны күмәнсіз. Алтын Ордада ислам қабылданғаннан кейін Дешті Қыпшақта біршама жоғары араб мәдениеті кеңінен тарады. Алайда жаңа дінге кіру кезінде моңғол ақсүйектері ең алдымен саяси тиімділік жағын көздеген еді, өйткені жаңа дін моңғол феодалдарына өздерінің жағдайын орнықтыруға көмектесті. Халық бұқарасын «Құдайға және билік басындағыларға бағынуға» үндейтін ислам моңғол феодалдарының тәуелді халықты қанауын ақтап, қорғайтындай еді. Мұсылман дінбасылары Құдайға және қолында билігі барлардың бәріне бағыну қажеттігі туралы өздерінің уағыздарын үстем таптардың және ең алдымен ханның өзінің билігінің нығаюуына септесті». (Сафарғалиев М.Г. «Алтын Орданың ыдырауы» кітабынан, 57 бет.).

Қазіргі таңда да кейбір діни ұстанымдағы ағымдар «Патша – құдайдың жердегі көлеңкесі» деп халық мүддесін аяққа таптап, ұлттық мүддеге қарсы шығып, билік алдында ұпай жинап, жағынып қалуға тырысады. Бұның өзі олардың шын билікке берілгендігінен емес, жәй ғана уақытша ойын ойнап, билік алдында жақсы көрінуге, сөйтіп өз позицияларын нығайтуды көздейтіндігі анық.

Біз тура осы тұста Шыңғыс хан ұстанған зайырлы тәңірлік-түркілік дүниетаным мен араб мәдениетін жақтаушылар арасында толассыз саяси бәсеке жүргенін көреміз. Беркеден кейін Меңгу-Темір, одан соң Туда-Меңгу билікке келеді. Тізгіні бос Туда-Меңгу тұсында хан тағына отыруға құқығы жоқ болса да ықпалды тұлғаға айналған Ноғайдың беделі арта түседі. Туда-Меңгу ағасының ұлы Төле-Бұғаның пайдасына хан тағынан бас тартады. Осы тұста Шыңғыс ханның сара жолын ұстанатын Ноғай Тоқай ханзаданы қолдап, оның билікке бекітіп кетеді. Тағы да Сафарғалиевтің әйгілі еңбегіне назар аударсақ:

«Тоқтай билік жүргізген соңғы жылдары Орданың билеуші табы қандай да бір жеңілдіктер жасау арқылы мемлекеттегі жөн-жосықты біршама қалпына келтіре алды. Мовалдың үлестік иеліктері Орданың құрамына қайта қосылды, Көк Ордадағы бұлғақтар тыйылды. Алайда, моңғолдардың өз ішіндегі алауыздықтар тоқтаған жоқ. Тоқтай өлгеннен кейін (1312 ж.) ол қайта өршіді. Өлген ханның өсиеті бойынша таққа оның ұлы Елбасар (Елбасмыш) отыруға тиіс еді. Оны шаман дінін ұстанатын қырдағы ақсүйектер қолдайтын. Феодал ақсүйектердің ислам дінін ұстанатын және мұсылман дінбасыларымен қарым-қатынасы бар басқа бір бөлігі Меңгу-Темірдің немересі Өзбек ханзаданың (Тоғұрылдың ұлы) кандидатурасын ұсынды. Әмір Құтлық-Темір мен Хорезм діндарларының басшысы Имам-ад-дин Әл-Мискари Елбасар ханзаданың жақтастарын алдын ала өлтіріп, Өзбекті таққа отырғызды. Таққа орныққаннан кейін Өзбек қарауындағылардың исламға бойсұнуын талап етіп, шаманшыларға (дәстүрлі түрік дүниетанымына) қарсы күрес жүргізді.

«Жылнамалар жинағын» беймәлім жалғастырушы Өзбектің қарсыласынан пиғылын сипаттай келіп, исламға қарсы шығушылардың Өзбекке айтқан мына сөздерін келтіреді: «Сен бізден бойұсынып,  бағынушылықты талап ет, ал біздің сеніміміз бен дінімізде шаруаң қанша, біз Шыңғыс ханның заңы (тура) мен жарғысынан (жасақ) қайтіп бас тартып, арабтардың дініне кіреміз?». «Ол (Өзбек) өз дегенінен қайтпады, – деп жазады одан әрі автор, – осы себепті олар оны жек көріп, дұшпандық сезімде болды да, оны тайдыруға тырысты. Осындай ниетпен олар оның көзін жою үшін той ұйымдастырды. Өзбек тойға келген кезде Құтлық Темір оған әмірлердің құпия ниеті туралы хабарлап, көзімен белгі берді». Өзбек «дереу атына мініп шауып кетті де, әскерін жинап келіп оларды жеңді. Шыңғыс хан руынан 120 ханзадасымен Тоқайдың ұлын өлтіріп, өзін ескертіп үлгерген әмірге көп көңіл бөліп, қамқорлық жасады. Араб деректемелері қастандықты басу кезінде «Өзбек бірнеше әмір мен білікті адамдарды өлтірді, көптеген бақшилар (бақсылар) мен сиқыршыларды қырды» хабарлайды». (Сафарғалиев М.Г. «Алтын Орданың ыдырауы» кітабынан, 76 бет.).

Өзбек ханның "Мәңгі Тәңірінің күші-дүр Ұлы сұсты, еркін халыққа Өзбек ханның жарлығы кім еш табынбаса, (сол) кісі жойылсын, өлтірілсін" жарлықты алтын пайзысы (герегесі) бүгінге жетіп отыр (Сарайшық тиындары / З. Самашев, Р. Бурнашева, Н. Базылхан, В. Плахов. Алматы, 2006. — 184 бет).

 

a2d65143a0c36218622163e6e7dd27f4.jpg

Билік үшін Хорезм билеушілерімен ымыраға келіп, өз мемлекетінің шаңырағын ойрандаған, Шыңғыс ханның билеуші әулет үшін заңмен бекіткен дәстүрлі сенімін сатқан, өз бауырларын қанға бөккен Өзбек ханның іс-әрекеті Алтын Орда тарихында жағымсыз бейне ретінде мәңгі сақталады.

Ұлы даланың қағандары кемінде жылына бір немесе екі мәрте құрылтай өткізіп, барлық ру-тайпалардың өкілдерін қатыстырып, мемлекеттік мәселелерді талқылайтын. Өзбек ханнан бастап бұл үрдіс жойылады. Мұның өзі көшпелі халықтың хандарын қолдамауға, ру-тайпа билері бастап жиі-жиі наразылық отын тұтатуға, сөйтіп, Алтын Орданың өз ішінен ыдырауына әкеліп соққанға ұқсайды.

«Жеке ұлыстар – ордаларды басқарған ханзадалар оның тұсында (Өзбек ханның) ханның және хан әкімшілігінің тілалғыш құралдары болды. Деректемелер бұдан әрі құрылтайлардың шақырылмағаны туралы хабарлайды. Олардың орнына енді ханның жанындағы кеңестер (диуан) шақырылып, бұл кеңестерге оның жақын туыстары, әйелдері мен ықпалды түменбасылар қатысатын болды» делінеді «Алтын Орданың ыдырауы» атты ғылыми еңбекте (Сафарғалиев М.Г. «Алтын Орданың ыдырауы» кітабынан, 80 бет.).

Әрбір халықтың өз тұрмыс-тіршілігі мен мәдениеті, салт-дәстүрі, ел басқару жоралғысы бар. Бұл – тікелей сол елдің табиғаты мен болмысына, ұлттық ерекшеліктеріне орайластырылған тәжірибелік негіздегі ілім болып саналады. Өзінің жеке мүддесін ойлап шетелдің мәдениетін өз еліне сіңіруге тырысқан хандардың қияс әрекеті алып империяның құлдырауына, тіпті біржолата құлауына алып келді. Рас, Алтын Орда уақытша күшейді, хандар елді сол тұста білікпен емес, күшпен, зорлықпен басқаруды көздеді, бас көтерген көтерілістерді басып тастап отырды. Бірақ, мұның ақыры өзара қырқыс пен толассыз бұлғақтарға, кіші-гірім хандықтар мен ұлыстарға бөлінуге әкеліп соқты. Жоғарыда біз айтып өткен ұлттық құндылықтар әрдайым мемлекеттің тірегі, діңгегі, халықтық білімі. Пальма ағашы Орталық Азияда өспейтіні тәрізді араб мәдениеті де қазақ тұрмысына сәйкес келмейді. Мұны ескермеген Алтын Орданың кейбір хандарын әлі талай ұрпақ тарихтың таразысына салып таразылайтын болады.


Арман ӘУБӘКІР,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

Шығыстану факультеті, ТүркСОЙ кафедрасының

 PhD докторанты 

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер