Қазақстан «Роскосмос»-тың қоршаған ортаға келтірген экологиялық зияны мен шығынды өтеудің талаптарын қатайтады деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Dalanews.kz. -ке сілтеме беріп.
Байқоңырдан ғарышқа жөнелтіліп жатқан «Роскосмос» зымырандары аса улы гептилді пайдаланады. Аталған жанармай түрін қолданудан Батыс елдерінің барлығы бас тартқан. Өркениетті елдерде улы гептилге түбегейлі тыйым салынған.
Гептилдің кесірінен Байқоңыр өңіріндегі тұрғындардың көпшілігі онкологиялық аурумен алысып, жаңа туған сәбилердің ақыл-есінде ауытқулар байқалып отыр.
Мәскеу болса Байқоңыр табиғаты мен аймақ тұрғындарын қатерлі дертке ұшыратқан әрекеті үшін жауап бергісі келмейді. Кремльдің бұған өтемақы төлеуден жалтарып жүргеніне талай жылдың жүзі болды.
Қазақстанның заң шығару органдары Ресейді осы шығындардың орнын толтыруға мәжбүрлейтін заң тетіктерін қарастыруда.
Одақтасымыз “Байқоңыр” ғарыш кешенін 1994 жылдан бері жалға алып, қалауынша пайдаланып келеді. Бұл арадан әскери іс-қимыл кезіндегі зымырандар да ұшырылады.
12 мамырда Мәжіліс депутаттары Ресейге жалға берілген “Байқоңыр” ғарыш кешеніндегі ахуалды талқылаған болатын. Халық қалаулылары гептил жанармайын қолданатын зымырандардың экологияны улап жатқанын ашық айтып, тез арада шара қолдануды талап еткен.
Соңғы 20 жылда «Роскосмос» «Байқоңыр» ғарыш кешенінен «Протон-М» зымыран тасығышын 110 рет ұшырып, оның 11-і апатқа ұшырады.
Өтемақы талап ету керек
Осы мәселеге байланысты мәжілісмендер Ресейдің «Байқоңырды» пайдалану қағидаларын қатаңдатуды көздейтін заң қабылдамақ. Құжатта Ресейден шығынды талап ету шарты, яғни өтемақы төлеу, экологияға келтірген материалдық шығындар да көрсетіледі деп жатыр.Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Марат Сыздықов Мәжілістің кеңейтілген отырысында Ресейдің экологиялық шығындарды өтеуді сөз жүзінде мақұлдағанымен, іс жүзінде басын ала қашып, бюрократиялық қулыққа салып отырғанын айтты.
Ресей материалдық шығынды төлеуден бас тартып отыр
Парламент мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин Байқоңырдағы құлаған зымырандардың салдарынан зардап шеккен тұрғындарға материалдық көмек берілетінін атап өтті. «Кремль? Біздің азаматтар не үшін мұндай бюрократиядан зардап шегуі керек!» – деді Мәжіліс төрағасы. Нығматулин ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдад Мусиннен Ресейдің ғарыш кешенін пайдалануының тәртіптері бойынша жобалық құжаттарды әзірлеуді тапсырды. Онда қойылатын негізгі талаптарды да атап өтті.Қауіпті зымырандар
Сentral.asia-news порталына пікір білдерген Қарағанды экологиялық мұражайының директоры Дмитрий Калмыков қауіпті зымырандардың қалдықтары алдағы уақытта тұрғын үйлерге де құлауы мүмкін деп топшылайды. «Тез арада қауіпсіздік шараларын әзірлеп, Байқоңыр маңындағы халықты қауіпсіз территорияларға көшірудің әрекетін қамдауымыз керек. Өйтпеген жағдайда бейбіт тұрғындар зардап шегіп, қайғылы жағдай орын алуы мүмкін»,- дейді Калмыков. Эколог маман улы гептилдің тек өз орнында ғана емес, іргелес өңірлерге таралып, тұрғындар денсаулығына қауіп төндіретінін атап өтті.Ал “Байқоңыр Эко Мониторинг” экологиялық қоғамдық қорының төрағасы Марат Дәулетбаевтың айтуынша Ресей атмосфераға ондаған тонна гептил қалдықтарын тастағаны өз алдына, Қазақстаннан жалға алынған аумақтарға улы қалдықтарды көміп, жеріміздің астын да, үстін де ластауда.
Кеңестік кезден “мұраға” қалған қоршаған ортаны жою тәсілі
Ресейдің экологияға енжар қарайтыны Кеңес дәуірінде өмір сүрген қазақстандықтарға жақсы белгілі. 1949-1989 жылдары Мәскеу Семейде тұратын мыңдаған, он мыңдаған тұрғынның талап-арызына құлақ аспай осы аралықта 460-қа жуық ядролық сынақ өткізді. Жапониялық-қазақстандық бірлескен зерттеу ұйымы Семей маңында жергілікті тұрғындар арасында әртүрлі онкологиялық аурулардың, туа біткен патологиялық аурулардың және жүрек-қан тамырлары ауруларының өте жоғары деңгейін анықтаған болатын. Бұл ақпараттар EurasiaNet-тің 2016 жылғы баяндамасында хабарланды. Қазір Ресей атом электр станциясын сатып алу үшін Қазақстанға қысым көрсетіп бағуда. Ресейдің атом электр станциялары әлемде сапасыз, сенімсіз деп танылған. Ресейдің Қазақстанға жасап отырған әрекеттері кезінде Украинаның Чернобылінде іске асқан болатын. Сол уақытта Ресейде әзірленген реактордағы кернеудің күшеюі мен радиацияның мөлшерінің артуы 1986 жылғы Чернобыль апатына әкеп соқтырғаны қазіргі уақытта қазақстандықтарды да бей-жай қалдырмайды. Дәрігерлер өлім жағдайларының барлығын жарылыспен тікелей байланыстырды. Бірақ кейінгі жылдардағы ақпараттар бойынша мыңдаған адамдар Украинада, көршілес Ресей мен Беларусьте радиациялық зақымданудан қайтыс болды деген ақпараттар шығып жатыр. Сондықтан Байқоңыр мәселесінде тез арада заң шеңберінде шешім қабылдау қажет-ақ."Адырна" ұлттық порталы