Бүгін Естай Беркімбайұлының туған күні

3883
Adyrna.kz Telegram

Бүгін талайдың жүрегінен орын алған, көптің көкейінде сақталған «Құсни-Қорлан» әнінің авторы, сазгер Естай Беркімбайұлының туған күні (1874-1946).

Ақындық, әншілік қабілет Естайға ана сүтімен дарыған. Естайдың анасы Күлипа, нағашысы Байтұлым ауыл арасында ғана емес, кезінде бүкіл Кереку өңіріне аттары әйгілі әншілер болған. Естай ат жалын тартып мінуге жарағаннан бастап қолына домбырасын алып, ән айтуға талаптанады. Жиын-тойларға жиі барып, ақындар мен әнші-жыршылардың өнерлерін бойына сіңіріп өседі. Ол мұнымен қоса ауылдағы Жақып деген молдадан арабша сауатын ашып, ара-тұра өлең жаттап, құрбы-құрдастарының арасында айтып жүреді.

16 жасында Біржан салды тыңдап, ұмтылмастай әсер алады. Сондай-ақ, ол Жарылғапберді, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Шашубай сынды әнші-ақындармен бірге үлкен жиындарда ән салып, халыққа танымал болады. Естай ақындық, орындаушылық өнерімен қатар шебер композитор ретінде те белгілі. Оның «Майда қоңыр», «Жүректе», «Мәлике», «Өмір», «Қоңыр жел», «Дүние», «Шоққара ағаш» сияқты әндері көп. Ал классикалық «Қорлан», «Құсни-Қорлан» әндері оның есімін аңызға айналдырды.

Естай әндерін А.Затаевич тұңғыш рет нотаға түсірген. Әнші 1939 жылы Алматыға келіп, музыка зерттеушісі әрі композитор Б.Ерзаковичке өз әндерін нотаға түсіртеді. 1945 жылы ұлы Абайдың туғанына 100 жыл толу тойына қатысып, Нұрлыбек, Төлеу, Сапарғали және Нартай ақындармен өнер сайысына түседі. А.Жұбанов пен Б.Ерзакович  Естайдың өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеу еңбектер жазды. Ақын М.Әлімбаев «Естай - Қорлан» поэмасын, И.Оразбаев «Естайдың Қорланы» драмасын әнші өміріне арнады.

Осыдан көп жыл бұрын Естайдың Қорланы туралы мына бір мәліметтер жарияланды.  Оның  бейіті оқиға болып, ән туған Павлодар өңіріндегі Маралды маңайында емес екен. Ол сонау Ресей Федерациясындағы Алтай өлкесінің Славгород төңірегінде болып шықты. Міне, сол жерде бүкіл бір халықтың сүйіспеншілігіне бөленген, ұлт махаббатына айналған қазақтың хас сұлуы 30-жылдардың аяғында мәңгілік сапарға аттаныпты. Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын бейіт басына көк тас-белгі қойылып, ас берілген.

Сол жиынға Қорлан апамыздың туған немересі Қанат Назымбекұлы атты қария келген. Ол апалы-сіңлілі Құсни мен Қорланның әкелері Сұлтан би, ал ағасы Сұңқарбек Қаранай аймағының болысы болғанын айтыпты. Қорлан кәмелеттік жасқа жеткен кезде бойжеткенді іргелес ауылдағы Қуат байдың ұрпағы Нұрмұханбетке ұзатады. Алланың жазуы, аталарының ұйғаруы бойынша отау құрған жұбайлар өмірде сыйластықпен ғұмыр кешеді. Нәсифолла, Ғабдыжаппар, Ғабдұлхамит, Зейнелғабиден, Назымбек есімді бес баланың әке-шешесі атанып, 30-жылдарға дейін бақытты өмір сүреді. Содан кейінгі тәркілеу мен ашаршылық Қуат байдың әулетін қатты есеңгіретеді. Ал 1937 жылдың зобалаңы тіпті сұмдық еді. Жергілікті билік қазақ ауылдарындағы оқыған азаматтарды атып-асып болған соң, араларында Нұрмұханбет бар топты шахта мен темір жол жұмысына апарып салу үшін Приморьеге айдайды. Сол аласапыран уақытта Қорлан анада бір ғана үміт болған дейді білетіндер. Ол өзінің шиеттей бала-шағасы – бес ұл, бір қызын қалай да аман алып қалу үшін 60 шақырым жердегі нағашыларына жету еді. Жетеді де. Бірақ перзенттерін өзі іздеп келген отбасына табыстап бола беріп, күзгі қара суықтағы азапты жолдан қалжыраған ғазиз жан үзіліп кетеді. Ал оның ері Нұрмұханбеттің тағдыры басқаша өрбиді. Ол кісі кейін лагерьден босап, елге келіп, ұл-қыздарының тілеуін тілеген күйі 1966 жылы өмірден озған.

— Ресейдегі Славгород, Құлынды өңірі мен Қазақстандағы Маралдының арасы жақын. Үлкендерден ес­туіміз бойынша, бір жазда апалы-сіңлілі Құсни мен Қорлан сол ел жақтағы тойға барады. Онда Естай ақын да болыпты. Жастарға арналып тігілген киіз үйдегі ойын-сауықта атақты әнші өздері де, киімдері де өзгеше екі сұлу қызды көріп қалады. Сөйтеді де бір сәттік көріністі ұмыта алмай, терең толғанысқа беріледі. Ал Қорлан ше? Тойдан келген бойжеткенді бұрынғы атастырып қойған жеріне ұзатылу күтіп тұрған еді. Оны естіген Естай ақын түрлі ойға беріледі. Ақыры соның, яғни сан түрлі сезімнің әсерінен кейін ол «Құсни-Қорлан» әнін тудырады. Апамыз көрші ауылға келін болып түскен соң, Маралды, Кереку жаққа қайтып бармаған. Бүкіл өмірі осы төңіректе өткен. Естайдың да бұл жаққа жолы түспеген. Осылайша тойдағы бір сәттік көрініс әсерінен ақын артында аңызға айналған ғажайып ән қалған. Ал Құсниға келсек, ол кісіні ешкім білмейді. Қайда, кімге ұзатылған? Тағдыры қалай болған? Қашан өмірден өткен? Міне, мұның бәрі сол замандағы жөн білетін аталарымызға да, одан кейінгі біздерге де жұмбақ? Еш жерде ешқандай дерек қалмаған, — депті қария.

Бізге белгілі деректерде жазылғандай, Естай көзі жұмылғанша Қорланды ұмыта алмапты. Өзінің өмірлік қайғысы мен орындалмаған арманын әніне қосады.

«...Жігіттер қапы қалма бұл жалғаннан,

Жігіттің арманы не сүйгенді алған,

Сірә, сіздей жан тумас,

Туса туар артылмас.

Бұл ғаламды шарықтап,

О, дариға ләуліктас,

Бағдат, Мысыр, Шынмашын,

Іздесем Хорлан табылмас», — деген жолдары бар Естайдың бұл әнін бүгінде қазақ жастары ерекше сүйіп тыңдайды.

«Адырна» ұлттық порталы. 

Пікірлер