Электр энергиясының тарифтері қол жетімді болуы керек — Тоқаев

3281
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Президенті электр энергетикасын дамыту бойынша кеңес өткізді. Онда ол электр энергиясының тарифтерін қалыптастыру мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қасым-Жомарт Тоқаев тарифтердің әділдігі мен қолжетімділігін маңызды экономикалық және әлеуметтік мәселе деп санайды. Пандемияның кері әсерін төмендету мақсатында осы жылдың 1-тоқсанының соңына дейін барлық тариф түрлері кейінге шегерілді. Сонымен қатар тарифтерді үнемі бір деңгейде ұстап тұру мүмкін емес. Тарифтер дәйекті шығындарды жабуға және саланың дамуына мүмкіндік туғызуы тиіс, деп хабарлады Ақорда сайты.

"Әдетте тарифтерді қымбаттату мәселесі бастапқыда бизнес пен бюджеттік ұйымдарға жүктелетіні жасырын емес. Жекелеген аймақтарда оның айырмашылығы 400 пайызға жетеді. Мұның нарықтың дамуына кесірі тиіп қана қоймайды, энергияны үнемдеп тұтынуға да еш пайдасын тигізбейді. Энергияны тиімді пайдалану және оны көп тұтынуды төмендету міндеті орындалмай отыр. Егер электр қуаты босқа ысырап болса, онда өте қымбат энергиялық тиімді материалдар мен құрал-жабдықтарды пайдаланудың не қажеті бар. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің басты қағидаты сақталмауда. Осындай келеңсіздіктің нәтижесінде, шын мәнінде, көмекке мұқтаж санатына жататын азаматтар қажетті көлемде жеңілдік алмайды", – деді Президент.

Ол әрі қарай жеткізілімнің тұрақтылығы, тарифтердің қол жетімділігі ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің негізгі компоненттері екенін атап өтті.

"Тұрақты жабдықтау, тарифтердің қолжетімділігі – ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің басты компоненттері. Сондықтан электр энергиясының құнын әділетті нарық құнына негіздеу маңызды болып отыр. Бүгінде электр қуатының көтерме нарығында үш-ақ компания озық тұр. Олар нарықтың 70 пайызын қамтиды. Мұны соншалықты дұрыс деуге келмейді. Электр қуатының көтерме саудасындағы екіжақты шарттар жаңадан ашылған сатып алушы компанияларға кедергі келтіріп, электрмен қамтудың бөлшек сауда нарығындағы бәсекенің дамуына тосқауыл болып отыр. Бұл тұтынушылар үшін бағаның қымбаттауына алып келеді", – деп атап өтті Президент.

Энергетика министрлігіне Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірге бұл мәселені мұқият зерделеу тапсырылды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер