Ұстаз болу — жүректің батырлығы

3396
Adyrna.kz Telegram

2021 жылдың нәтижесі бойынша «ҚАЗАҚСТАН ПЕДАГОГТЕРІНІҢ 100 ЖАҢА ЕСІМІ» республикалық байқауына қатысып, Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагог – куратор – ұйымдастырушысы Фариза Тұрарова «Қазақстан педагогтерінің 100 жаңа есімі» төсбелгісімен, І дәрежелі дипломымен марапатталды.

«BILIM-ÓRKENIETI» ұлттық-инновациялық ғылыми зерттеу орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталықтың қолдауымен өткен байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен шебер ұстаздар қатысқан. Байқау жеңімпаздары білім беру саласында нәтижелі еңбек етуші, біліктілігін растайтын сертификаттары мен эсселері, еңбек өтілі бойынша атқарған қызметтері жазылған өмірбаяны, әрі еңбек нәтижелері бойынша анықталды.

Жеңімпаздардың ұстаздық етуіндегі әдіс-тәсілдері жазылған эсселер жинағы жарияланды.

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагог – куратор – ұйымдастырушысы Фариза Турарова бірнеше педагогикалық байқаулырының жеңімпазы, оның ішінде «Ұлы дала ұстазы» атты республикалық конкурсында «Үздік арнау өлеңі» номинациясы бойынша І дәрежелі диплом иегері, «Үздік педагог - 2020» байқауында үздік танылып, І орынды жеңіп алды. Сонымен қатар Фариза шығарма жазып, өлең-жырларын да жарыққа шығаруда. «Әлем сүйген қазақтың ұлы Абайы» эссесі мен өлеңі «Ұлы дала ұстазы» халықаралық журналына басылып, жарияланды.

Менің үлкен арманым шәкірттерді тәрбиелеп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар, ел болашағын ойлар білімді азамат етіп қалыптастыру. Назарбаев Зияткерлік мектебі - жетістік пен білімімді шыңдаудың жалғасы деп білемін. Үздіктер үшін дайындалған сынақтан өтіп, дарынды балаларға толы мектепте оқушыларға білім берудің өзі мен үшін жетістік, - дейді Фариза Тұрарова эсседе.

Зияткерлік мектепте педагог – куратор – ұйымдастырушысы Фариза Тұрарова Тілдік ортаға ену сыныбында өзге ұлт оқушыларды қазақ тілін жетік білуге даярлап, білім беруде.

Оқушылардың бойына білімділікпен қатар жақсы қасиеттерді, қазақ елінің салт-дәстүрі мен тағылымды тарихын түрлі жобалар арқылы бойларына тереңінен дарытып, жұмыс атқарып келеді.

Егер бүгінгі бүлдіршінді халқымыздың жарқын болашағы мен еліміздің кемел келешегі үшін еселі еңбек ететін, адалдықтың ала жібін аттамайтын атпал азамат ретінде қалыптастырсақ, онда мақсатымыздың толық жүзеге асқаны, - деп «Қазақстан педагогтерінің 100 жаңа есімі» қатарына кірген жас маман Фариза Тұрарова сұхбатын аяқтады.

Пікірлер