Қостанай облысындағы құрылыс қарқыны

551
фото ашық ақпарат көзінен алынған
фото ашық ақпарат көзінен алынған

Жұмыс сапары аясында аймақ басшысы Михайловка орта мектебінің жөндеу жұмыстарына баға беріп қайтты. Оған шамамен 300 миллион теңге жұмсалды. Одан кейін қала әкімі Архимед Мұхамбетов Қарабаев атындағы облыстық оңалту орталығында болды. Жұмыстар өткен жылы басталып, ағымдағы жылдың наурыз айында аяқталған болатын. Қазір орталықта облыстың түрлі аудандарынан келген науқастар ем алуда.

-Мемлекеттік сатып алу бойынша бірнеше конкурс өткізуі қажет. Себебі лифтіні жаңартып, тиісті медициналық аппараттар мен жиһаз сатып алу керек. Биылғы жылы осы мәселелердің барлығы шешілетін болады, - деп атап өтті оңалту орталығы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Нұрхан Өтегенов.

Сондай-ақ, өңір басшысы 16 пәтерлі тұрғын үйді де аралап шықты. Ол "Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020" бағдарламасы бойынша жөндеуден өткен болатын. Ол үшін бюджеттен 88,9 млн теңге бөлінді.

- Бұл үйде көпбалалы аналар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері тұрады. Қалған пәтерлер кезекте тұрғандарға берілді. Біздің ауданда әлі де ескі ғимараттар бар. Егер олар тексеруден өтсе, біз оларды да қайта жаңғыртамыз, - дейді Меңдіқара ауданының әкімі Нұрлан Қатарбеков.

Естеріңізге сала кетейік, "Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020" бағдарламасы аясында өткен жылы Меңдіқара ауданы 1 892 313,3 мың теңге сомасына 18 жобаны іске асырды.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жаңа қонақ үй салынатын аумақты қарап шықты. Нысан барлық талаптарға толық сәйкес келеді, ғимарат бес қабатты болады және бюджеттік деңгейдегі қонақ үй түріне жатады.

-Accor Group қонақ үй бизнесі саласындағы жоғары біліктілігін және БК-Строй отандық құрылыс салушының тәжірибесін ескере отырып, француз және Қазақстан тараптарының ынтымақтастығы біздің облыс үшін түбегейлі жаңа жоба болады, - деп атап өтті облыс әкімі.

Бұған дейін аймақ басшысы француз қонақ үй корпорациясының қонақ үй құрылысы туралы кеңес өткізген болатын. Кездесуге Қостанай әкімі Қайрат Ахметов, Құрылыс және кәсіпкерлік басқармасының өкілдері, сондай-ақ "БК-Строй" ЖШС құрылтайшысы Игорь Ким қатысты. Қонақ үй желісіне Азия, Африка, Еуропа және Латын Америкасындағы 700-ден астам қонақ үй кіреді. Инвесторлар Қазақстанның солтүстік өңіріне, атап айтқанда, Қостанай облысындағы құрылысқа қызығушылық танытып отыр.

 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар