Ақтөбе облысындағы шошқа фермасы 7 млрд теңге төлейтін болды

2027
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе облысының экономикалық соты «Парижская коммуна-XXI» ЖШС-на 7 027 459 824 теңге көлемінде экономикалық залалды өтеуді міндеттеді деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Ақтөбе облысының экономикалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нақтырақ айтсақ, аталған шошқа фермасы мал сою цехындағы жануарлардың қалдықтарын, құрылыс қалдықтарын және тұрмыстық қатты қалдықтарды көңді араластыру арқылы ішінара кәсіпорын аумағына (буферлік аймаққа) көмген. Жүргізілген есепке сәйкес, қоршаған ортаға рұқсатсыз қалдықтарды орналастыру (көму) арқылы келтірілген залал мөлшері — 63 085 046 теңге.

«Парижская Коммуна-ХХІ» ЖШС қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алмай, 2018-2019 жылдары ағынды суларды шығарған. Келтірілген залалдың жалпы мөлшері 2 500 624 730 теңгені құраған. Сондай-ақ тазартылмаған өндірістік ағын суларды төгіп, соның салдарынан жер учаскелері ластанған. Ластанған жер учаскесінің ауданы — 26 089 шаршы метр. Келтірілген залал мөлшері — 4 334 275 231 теңге.

Осылайша аталған кәсіпорын экологиялық заңнаманың талаптарын бұзған.

Сот шешімімен экология департаментінің талап арызы қанағаттандырылып, нәтижесінде «Парижская Коммуна-ХХІ» ЖШС 7 027 459 824 теңге көлемінде айыппұл төлейтін болды. 210 823 795 теңге мемлекеттік баж өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Пікірлер