Атамның Алматыдағы көпірі

10606
Adyrna.kz Telegram

Көрнекті жазушы, профессор Кәкен ҚАМЗИН ағамыздың "Қазақ әдебиеті" газетінде жарық көрген су жаңа әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз. 

(Әңгіме)

Теңселе басқан көкшіл троллейбус, терезе жібегін жұлмалай қақпағылдаған ызың жел. Желкілдеген желбірді жалмап қоя жаздайды. Демікпе әуе сұрғылт саңырауқұлағының тозаңын сыздықтата бүркіп тұр. Тымырсық. Анау Калифорния орманын ойда-қоқта өрт шалса. мынау Алматы өстіп алқынып, апшысы қуырылып қалады. Тәңірім жаратқан бұлжымас ғалами заңдылық. Ғаламшарың жұқпалы індет илеуіндей құж-құж қайнайды. Айфоныңның мәлімі жымын білдірмей миллиардтап-триллиондап қаптайды, өн-бойыңа жайлы сылаудай тарайды. Адамзат баласының маңдайына жазылған ағыл-тегіл тауқыметі сықылды. Қайсының қай тұстан із тартқаны да бимәлім, азын-аулақ мәулітін де тоспайды. Дедекті жетекке алған аумалы-төкпелі дүние. Өзеурей омыраулайды, өз-өзімен ата жауындай жағаласады. Алақандай ақпарат бүткім арғы-бергіні қаңғалақ қаққызады. Жұмыр жердің өзі тірек таппай тайсақтайды. Мұндайда көліктегі добал діңгек те сеп. Әйтпесе ғаламды да, пендесін де шыркөбелек айналдырған падиша пәлсапа жазатайым сені де ұзыннан түсіруі кәдік. Сана тербелісі, ой вибрациясы деймісің. Кімге сүйенеміз енді, «менің ойым ғалам үйлесімділігін тас-талқан қылады», - деген қай данышпан еді? Осы дүлейің уақыт пен кеңістік, ендік пен бойлық дегенді әсте білмейді, әлем әлеуетіне де бой бермейді. Әлгі Америка асып кетіп көз жұмған жойыт ақынның: «Сендерде, америкалықтарда жағырапия туралы түсінік жоқ, сол себептен кеңістікті сезінбейсіңдер; сендерде тауарих туралы түсінік жоқ, сондықтан уақытты сезуінуден қалғансыңдар», - деген сөзі бекер емес-ау. Соларға тете алшаң басып, қамсыз жүру де бір ғанибет шығар. Шіркін, планеталар аялдамасы болса, қара жерден қазір-ақ түсіп қалар едім...

- Қадірлі жолаушылар! «Оңай» карталарыңызды валидаторға басып отыру-
ды ұмытпаңыздар! Жол бойында тексеру бар.
- Сіз келесі аялдамадан түспейсіз бе?
Сөзінің түрін, сұрағының дүдамалын. Тырс етпедім. Теңіз лайнері палубасындай мына троллейбуста сығылысқан, иін тірескен халық жоқ. Өте бермей ме. Жол ашық.
- Молодой человек, любезнейший, вы сходите на следующей? – құлағын-
дағы Headfones-ін алып, жедел мүлтіксіз орысшаға жалт бұрылды. Жетіскен екенбіз, енді не қытайша, не ағылшынша сайрап кетпесін. Іле-шала қырсыға шырт ете түстім::
- Сходят с ума, милая, а я, как видите, выхожу.
Лып ете түстім де жалт бұрылдым. Шұғыл қайырылдым. Рюкзагы иығын имитіп, дөңгелегі қиралаңдаған чемоданын әзер сүйретіп келе жатқан әлгіндегі қызыл шляпалы қызға көзім түсті де күліп жібердім. Барби қуыршағына емес, «Рахат» фабрикасының «Қызыл телпек» шоколадына ұқсайды. Жүзі әбден тотыққан. Аяп кеттім. Осы дүңк етпе, доғал мінезім-ай.
- Жәрдемдесіп жіберейін. Түһ, алтын толтырып алғансыз ба? – Манағы өрес-
кел қылығымды жуып-шайып жатырмын.
- Рахмет. Апорт артып алдым.
- Не дейд? Алматыға апорт тасыған... қазақты, кешіріңіз, бірінші рет
көріп тұрмын.
Ішімнен қазақ па, татар ма, орыс па деген күдігім де жоқ емес.
- Алматыдан қазір дені дұрыс апорт таппайсыз. Үйгентас жақтан алып келе
жатырмын. Сол өңірде археологиялық қазба жұмыстарын жүргіздік. - Іркілмейді, бейтаныс адам деп қымсынбайды. Сөз жоқ, қаланың қызы, ойын еш жатырқаусыз, бек жалма-жан ақтарып салады.
- Иә, хабардармын. Құлақдармын. «Қазақстан» мен «Хабар» колумнистері
жарыса сайрап жатқан. Және бір Алтын адам жер астынан шыға келді деп.
- Қайдағы... Қалжыңыңыз ба? Ол Берелдегі экспедиция ғой.
- Солай ма? Қайдан білейін. Ана жерді түртіп қалсаң – бір Алтын адам, мына
жерді түртіп қаласаң – бір Алтын адам. Қазақстанды ел қорғаған батыр мен алтын адамның көмбесі ме дерсің. Қай жаққа барасың, үйің осы маңда ма?
- Тиіп тұр. Университет жатақханасына жеткізіп салсаңыз болғаны.

Әлгіндегі ойым бекер екен. Өзіміздің Алматының төл қызы деген жорамалым жоққа шықты. Дегенмен апарып салайын.
- Жарайды, қош. Тиіп тұрған жеріңізбен түйістірейін, Маритана ханым!
- Қайдағы Маритана? Елмира десеңізші.
- Солай ма еді? Өстіп жаңылыса береміз, жас та келіп қалды, алжиын деген
шығармын. Сіздің қасыңызда біз антикварлық бұйым емеспіз бе.
Елмираның күлкісі түзу екен. Тұп-тура ботаникалық бақтың раушанындай жұпар шашады. Таңғы шықтай тұп-тұнық. Осы мұнтаз сыңғырды суретке түсіріп алғысы келгендей әр жапырақ жықпылынан фотоаппарат ксенонындай күн сәулесі жарқ-жұрқ ете қалады.
- Мына көше өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Диқаншы деп аталған,
ана шолағын Астрономдар көшесі дейді екен. Мына тұста №70 почта бөлімшесі бопты.
- Оны қайдан білесіз? Сіз ол кезде тумаған да шығарсыз?
- Ақпарат заманының қыздары адамның аузын ашырмайды, ең болмаса өстіп
бір білгішсінейін, шаһардың кәнігі тұрғыны есебінде бөртейін, көкірек керейін десең, шалып түседі. Сақалды сыйлағанды да білмейді. Бәлкім, мен ақы-пұл сұрамайтын гид шығармын.
- Қайдағы... Иә, сақал-мұртыңыз қауғадай болғанымен, зейнетке жасына дей-
ін сізге әлі қырық жылдай бар болар, ә? Сәл аялдайықшы. Әжем телефон соғып жатыр. Иә, әже, жеттім. Сіздің ретро редикюліңіз чемоданымда. Иә, көзімдей көріп жүрем. Иә-иә. Жетінші троллейбустан түстім, мінеки. Таксиді қайтем ақша шығындап. Қойыңызшы, маған кім тиседі, түс мезгілі. Жүгімді бір инабатты қазақ жігіті көтеріп келеді. Иә, қазақ жігіті, иә, өзіміздің қазақ жігіті дейім. - Менің қазақ екеніме және бір көз жеткізіп алғысы келгендей тілдесіп тұрып, бас-аяғымды бір шолып шықты. - Иә, сіздің көпірдің тұсынан өтіп барамыз. Қазір, қазір шырт еткізем де сізге көзді ашып, жұмғанша жіберем.

Елмира қыз жіңішке өзеннің үстіндегі мысықбел көктемір көпірді смартфонымен көздеп алды да екі-үш ракурста суретке түсірді. Уатсаппен іле-шала адресатына жолдап жатып, жымиып-жымиып қояды.
- Менен осы қайқыбел көпірдің суретін сұрайды да отырады. Сағынышы ма,
ностальгиясы ма егделердің. Бір сыр бар мен білмейтін. Ал, білгіш болсаңыз, гид болсаңыз, айтыңышы, мына университет қалашығы тұрған жерде бұрын не бар еді?
Мен маңдайымды тыржиттым, бағзының бақсыларындай көзімді тарс жұмып, екі қолымды жалбарына көкке создым. Шыркөбелек айналдым. Шарт жүгіне отыра кеттім. Атып тұрып өзенге қарай ұмтылдым. Алақтай ауа қармадым.
- Ал, ақ пірім, көк пірім, қолдай гөр құлай сүйер құлыңды , қос құлағыма
сыбырлай гөр, мына қыздың қиын сынағынан сүріндірмей өткізе гөр.
- Меди-меди-тация ма?
- Жо-о-о, үнді зары. Нирвана. – деймін мен.
Екі көзі бақырайып кеткен Елмира не күлерін, не жыларын білмей тас мүсіндей қатты да қалды. Күмілжіген күндей.
- Айтайын, мен айтайын. Бұл алаң – микроғарыш. Байқасаңыз, бүйрек бұлт
жықпылынан әппақ сәуле себездейді. Самырсын, шырша, қара өрік, алма ағашы, жөке, үйеңкі, қарағаш, күміс терек. Стегозавр, птеродактиль, бұтаққа асылып тұрған приматтар, бегемот, зіл мен піл, мүйізі айдай жарқылдаған ақбоз ат, мойыны он құлаш керік, табанын жанған түйеқұс, тасқа жабысқан сілеусін. Ілбіс, жолбарыс, арыстан, құралай. Ақбөкен, марал. Бұл жерде біздің дәуірімізге дейін гүндер, сақтар, көк түркілер жосылды. Жібек жолы керуені көсілді... - деп шұбырта жөнелдім. - Мына өзен өз ашуымен өзі алысып жатты. Бақтақ балық толқын сапырды... Одан кейін кеудесін қағып тарихи материализм заманы жетіп келді. Табиғи сұрыптау сүрінді, рухани мутанттар дүние есігін теуіп ашты. Талай заман өтті, талай ғасыр көшті, көлгірсіген кеңес кезеңінде колхоздың жүгері егістігі, құлпынай өсірген танабы еді. Ал қазір сол өткен-кеткеннің бәрі химиялық элементке, тыңайтқышқа, қара топыраққа айналып осы жерде жатыр.
Атамның бала кезімде құлағыма құйған ертегілерін айна-қатесіз қайталап шықтым. Әрине, өзімдікін де үстемеледім.
- Мені қуып кеткен біреу деп қалған жоқсың ба?
- Қайдағы... Бастабында... Сайқымазақ сияқтандыңыз. Сіздің көзіңізде бір
пәле бар, жарқ-жұрқ ете қалады. Өзіңіз байқамайтын шығарсыз, үздік-создық көгілдір микротолқын тасып жатқандай. Сіздің мына көпірде неңіз бар, неге суретке түсіріп алып жатырсыз?..
- Жәй, сен түсіріп алғаннан кейін. Ешкімнің зияткерлік меншігі емес қой.
Сонан соң, жақсыны көрмек үшін демей ме? Бір тылсымы бар шығар. Айтқандай, енді есіме түсіп отыр. Мен мектепке барғанша, атам мен әжемнің қолында өстім. Атам әліппені ежіктетті, сурет салуды үйретті. Альбомыма акварельмен дәл осыған ұқсас кішкене көпірді салып қоятын. - Осы мен несін елпілдеп кеттім. Несін аңқылдап кеттім? Жан баласына бүйтіп шешіле қоймашы едім. - Атам құлағыңның пернесі нәзік екен деп скрипка класына берді. Бардым. Бір күні шет елдің сұмдық скрипкашсының әуезін құлағым шалды. Өзімнің ондай биікке жете алмайтынымды сездім. Сонан кейін қойдым. Бірақ көкірегімде музыка шарапаты, әдемі таным қалды. Мен бұтақтан бұтаққа секірген тиіннің сумаңын, үзіліп түскен жапырақтың сыбдырын анық сеземін. Үп еткен лептің де. Айналаң әуен, төңірегің толықсыған сүйкімді мелос. Дәп қазір Вивальдиді құйқылжыта орындап бере алам. Бірақ Паганини қайда, мен қайда! А-а, ана өзіміздің шөпжелке музыканттарды айтасың ба? Олар өзімізде мығым, басқа елде сығым. Мен саған онанда ана күмістерек жапырақтарының не деп сыбдырлап тұрғанын айтайын ба?
Превратила всё в шутку сначала,
Поняла – принялась укорять,
Головою красивой качала,
Стала слезы платком вытирать.
И, зубами дразня, хохотала,
Неожиданно всё позабыв.
Вдруг припомнила всё – зарыдала,
Десять шпилек на стол уронив.
Подурнела, пошла, обернулась,
Воротилась, чего-то ждала,
Проклинала, спиной повернулась
И, должно быть, навеки ушла…
Что ж, пора приниматься за дело,
За старинное дело свое. –
Неужели и жизнь отшумела,
Отшумела, как платье твое?
- Ол Populus Lombardiae терегіңіз қазақша білмей ме?
- Біледі. Білгенде қандай.Тіпті ана ақ қайыңдар оркестрі «Ерке сылқымды»
төгіп-төгіп тастайды құлақ салсаң. Мен он шақты жыл Сан-Петербургте тұрдым. Әке-шешем әлі сонда. Орыс боп кетесің деп атам шақырып алды. - Расында, осы мен несін төгіліп тұрмын. Дуанбек тұқымына ұқсамай барамын. - Атам осы өлеңді кереметика жақсы көреді. Блок. Ақсүйек ақын. Жалғыздың күнін кешкен. Жалғыз немересімін. Жоқ, күлме, Блоктың емес. Оны қойшы, ана сиқырлы теректің жуан бұтағында, өзіңе сол ағашты көрсетейін, руна өрнегіне ұқсас әдемі бір жазу бар. Сонау жылдары атам сол ағаштың басына мені шығарып, қазақша минусқа «А»-ны қостырды. Әзер шықтым, құлап қала жаздадым. Зәрем ұшты. Сол жолы ұшып кетсем, бүгін саған жолықпас едім...
- Қайдағы, онда-онда, бар ғой, білгіш гидім! Мына жасанды көлді біздің
студенттер Мүттәйім көл дейді. Неге?
- Оны мен қайдан білейін. Жағалай қонған студенттер – өздерің білмесеңдер.
Дегенмен гәбін ашып бер десең, оның жарасы жеңіл. Отыр ғой әне данышпандар. Сұрайын солардан.
Мүттәйім көл дейді, ә? Мұның біздің үйдегі аквариумнан не айырмасы бар. Бала кезімде сол шыны құрсаудан көк балық, жасыл балық, қызыл балық, ала балық менің өзіме, скрипкамның бебеуіне, мөлдірі алдамшы, шетсіз-шексіз бимәлім кеңістікке сұқтана қарайтындай көрінетін. Малта тас, жасыл балдыр, мейірі қанған су шөбі Айдын көлдің көшірмесі, имитациясы. Сырттай қарасаң – идилия, ғажап. Егер әйнек ішіндегі мылқаулар үйірі жарқыраған қапаста өмір сүріп жатқанын білсе қайтер еді? Шалқып жатқан көк теңізге, бұла-бұлғаққа ұмтылар ма еді? Әй, қайдам, жылтыраған будан жәндік ұшан дарияға бір минут та шыдамас... Мына көкпен қақталған жасанды көлге жапонның сары краны төніп тұр. Су табанында төрт-бес жұмысшы жүр күйбеңдеп. Не іздеп жүр екен? Жағалауды аял қылған студенттерден сұрай салып ем, ішек-сілелері қатып күлді. Ішіндегі қуланшақтау біреуі:
- Миллиард жұтқан мұртты балықты іздеп жүр... - деп қасындағыларын да,
Елмираны да күлкіге қарық қылды.
Алматы шағын қала ғой, жарты қадам бассаң алдыңнан бір емес, екі білісің шыға келеді. Электросамокатпен зырыдап бара жатқан жыға таныстың бірі:
- О, сәлем, Ерден мачо, біз жақта қайдан жүрсің? Шайба шерткен маңдай
қалай? IQ-ің құлдырап кеткен жоқ па? – деп қасымнан зу ете түсті.
- Коэффицент өз орнында. Қарындасымды шығарып салып бара жатырмын.
Ертеңдер аренада жолығармыз. – деп мен қалдым.

* * *

Атам баяғысынша лоджияда кітап аударып отырған шығар. Әне, есік алдындағы қара-
ағаш бұтағына жайылған өрмекші торы қырық құбылып, жылт-жылт ете қалды. Болар-болмас діріл бар.Тербеліп тұр ма, самал лебі әлпештеп тұр ма. Үндістердің гамагы секілді. Өрмекшінің ауына бармақтай көк шыбын ілініпті. Бұлқынысын, жанталасын, ызыңын сезіп тұрмын. Әйнектің бергі бетіндегі арпалыстың қайыры белгілі. Атам қаннен-қаперсіз кітабына шұқшиып қалыпты. Есікті шиқылдатып, көне паркеті сықырлатып табалдырықтан аттаған мені де сезбей қалды. Қызыл жолақ дастархан үстіндегі жарты тәлеңке ақ ірімшігі де кеберсіп, стақандағы сарғыш шабдалы шырыны да жылып кеткендей.
- Ата, мен ғой. Оқудан көзіңіз талмай ма. Бір уақ мына тұрған Ботаника
бағына, баяғыда раушан гүлін жұлған, құлпынай бармыталаған жеріңізге барып, сейіл құрып қайтпайсыз ба? Өзіңіз оқыған мектепке де көз сала кетесіз.
- Оның да жөн. Бірақ мен келгенше Борхестің мына жолдарын итальян,
француз тіліне аудара саларсың. Интернеттен дыбысталуын да тауып қой. Міне, былай депті орысшасында: «Замечаю, как я постепенно дряхлею. Признаком этого служит то, что меня не волнуют и не тревожат новости, может быть, потому, что я не вижу в них ничего существенного нового, такого, что не было бы слегка измененным старым. Когда я был молод, меня привлекали сумерки, пригороды Буэнос-Айреса и трагедийность. Теперь же – утро в центре города и спокойствие. Я уже не играю в Гамлета». Маған аналардың әуезі мен сөз мақамы керек.
- Ой, ата-ай. Шатырды қисайтпаңызшы. Бұны әжем-ақ түпнұсқадан сауып
бере салмай ма. Әжем қайда, тағы базарға кетті ме?.
- Саған қашанғы айтам сленгті қой деп. Шалбар киген феминистка әжең де,
сенен жұққан ба, әнеу күні біреуге телефонмен миымды үтіктемеші, құлақтан теппеші деп сайрап тұр. Әжеңнің Facebook-тің жұлдызы әмбе асқан полиглот екені маған ғұн дәуірінен бері аян. Баламысың деген. Жеті мен нөлді тауысқан, өнертапқыш Дуанбек, саған шет тілі неме керек бола қалды деп әмірқан шерифтеріндей тықақтап тұрып алар. Әнеу күні Бекен ағамның «Махаббат вальсіне» балбырап, сыртқа көз салып, шәй ішіп отырғанмын. Құй, сен, құй, сенбе, аяқ астынан құйып отырған шәйі сұйылып кетті. Одан соң смартфонымды амалсыз Дассеннің «Et si tu n'existais pas» әніне аудара қойдым. Бәрібір. Нөлім-ақ. Кейінгі кезде отбасылық демократияны белден басатын боп жүр. Сұйық шәй – әжеңнің сигналы. Жақтырмағандағысы. Адамның көңіліне келеді деп ойламайды. Сен маған буфер болар деп үміттеніп жүрмін ғой.
- Ой, ата-ай, попса тыңдасаңыз өйтпес еді, соған да ақылыңыз жетпей ме?
Және де. Сізді әлі күнге дейін қызғанады. Құдай біледі, өзіңізде бір кілтипан бар? Кілтипан демекші, сіздің көпірдің қасында бір қызбен селфи жасадым. Суретке түстім дегенім ғой.Телефон лақтырыстым. Нөмір алмастым дегенім ғой. Әбден жарылдым.
- Мынауың енді кереметика жаңалық. Бір көргеннен құлап түстің бе? Біздің
тұқымға жұғысты қылық емес. Бұрын сыр шашпаушы ең. Иә, жиырма беске аяқ бастың, бас құрайтын мезгілің өтіп барады.
- Әлі бір-екі жыл сіздерге еркелеп жүре тұрсам ба дейім. Өзіңіз де тұп-тура
отызыңызда үйленген жоқпысыз.
- Саған кәрі-құртаңнан үлгісі мәңгілік қағида деп кім айтты? Соңғы арбаның
алдыңғысының ізімен жүруі міндет емес. Сезім шіркін жас ұлғайған сайын желкілдей түсер деймісің. Жақсыны көрмек үшін. Бере тұршы әлгі суретіңді... Әй, шырақ, мынау, мынау... Ұқсап-ақ тұр, сірә... Ұқсамайды-ау, сірә...
- Не ұқсайды, не ұқсамайды, ата?
- Жәй... Өзіміздің көпірді айтам...

* * *

«Алатау аңғарынан саумал самал аңқылдап тұр. Көк жүзінде – желмаясын қақпайлаған Асан Қайғыдай ақкөбік бұлттар. Ақшамға қарай мына дөп-дөңгелек гүлзарлардың шоқ-шоқ райханы рахаттана, еріне, керіле бас шайқайды. Әлгінде ғана Тимирязев көшесіне қатарласқан екі мәшине су шашып кеткен. Жұпар аңқиды. Анда-санда анан бір, мынан бір қылт ете қалатын «Победа», «Волга», «Москвичтер». Қала тіршілігіне жан бітіретін, сызылған кестеден бір минут жаңылмайтын троллейбус пен автобус.
- Дуанбек дейм, пломбир жегім келеді. Анау тұр ғой. Жиырма тиындығын
ал. Эскимоның керегі жоқ.
Троллейбус тоқтар-тоқтамастан зып ете түстім. Қандай тәтті. Қағаз қалбырының өзі сатушының крахмалданған халатындай сытырлайды. Жұқа қалақшаның өзі бал татиды. Жалай бергің келеді. Жарлауыт шымына жайғаса аяғымызбен су шалпылдатқан бізге жыпырлаған құба тал сұқтана қарайды. Сылқылдаған өзен тілі табаныңды қытықтайды.
- Дуанбек дейм, шөлдеп кеттім. Газировка әкеп берші. Үш тиындығын.
Қандай тіл үйірер сусын. Мейірің қанады. Тас төбеңнен бір-ақ шығады. Енді таныс сатушыға екі стақанын жедел қайтармасам, ертеңдер маңына жуытпайды. Вакх құдайының нөкеріне қосып қояды.
- Дуанбек дейм, ана қыз гүл ұстап бара жатыр. Гүл әкеп берші. Ақ раушан
ше?
Құптан басқа сөз бар ма? Мен білсем, Ботаника бағының күзетшісі қазір ас ішіп отыр. Байқамайды, сезбейді. Бетон шарбағынан ырғып түсіп, үлпілдеген үш аппақ раушанның сөлін тамшылата тамағыма қыса шықпаймын ба. Мен емес, төңірегім емес, ақ гүл қауашағы дір-дір қағады.
- Дуанбек дейм, құлпынай жегім кеп тұр.
Білемін, иті жоқ, аттылы қарауыл ғана. Екі кештің арасында бізді кім бағып отырар дейсің... Жылқы пысқырынды, тасырлатып кеп қалды. Мен де зуылдап келем.
- Дуан, Дуан! Зымыра! Ағаш арасымен! Көк көпірді бетке ал! Қарғы! Қарау-
ыл өте алмайды... Бері секір... - Екеуміз де мәзбіз, иісі бұрқыраған қара құлпынай қандай тәтті. - Дуанбек, құлағанбысың, шекеңнен қан шыпылдап тұр. Редикюлім қайда еді, орамалым қайда еді? Мінеки, сүртіп тастадым...
- Дуанбек дейм, ана теректің басына шығып менің атымды ойып жаза ала-
сың ба? Қорықпа. Құласаң, жер көтереді. Не істеп жатыр екен деп төбеңнен самсаған жұлдыз сыбырласа қарап тұрады.
Немен жазам деп айту жоқ. Тас ғасырының тәсілі бар емес пе. Құдай оңдағанда, ұшар басының қабығы қатпаған екен. Жұлдыздар жымыңдаған түнде үш әріп қана ойылды, үшкір тасым қолымнан сусып кетті.
- Дуанбек дейм, мына түн қандай биязы. Мен сенің сол иығыңа басымды
сүйеп отырайын. Дуан дейім, енді бар ғой, енді Солтүстік Пальмираны түсімде көргім келеді. Ақ түнін елестетші маған...
- Ақ түн, ақ түн
Алып бір ақ сауыт.
Ақбоз аттың
Жалындай ақша бұлт.
Ақ түн – ақ гүл
Айнала тұтасқан.
Төгілмей шақ тұр.
Ақ мұхит – сүт аспан.
Ақ түн – ақ жалын,
Ақ түстер жаймасы.
Дүниенің пәк жанын
Түсірген
Ақ түн –
Рентген айнасы...» –Атам көк көпірдің ар жағындағы орын-
дықты емін-еркін иемденіп алыпты. Жас бала сықылды суға тас атып ойнап отыр. Бергі тұстан екі рет жөткіріндім, естімеді ме, үн қатпады. Үшінші рет қаттырақ дабыстадым:
- Ата-ау, бірер сағат қыдыра ма десем, үш сағаттан асып кетті. Телефоның-
ызда үн жоқ.
Атам мені енді байқады, маған қарап қол бұлғады. Көк көпірден өтіп бері кел, қасыма жақында дегендегісі. Жақындап келем, жақындап келем...

* * *

- Монтажшы қайда?
- Микшерде отыр, Ерден аға.
- Кешегі видеофильмді монтаждаған сол данышпан ба? Шақыршы...
- «Біз бүгін Үйгентас ауданы, Үшқайың елді мекенінің тұрғыны, ауыл шаруа-
шылығы саласына еңбек сіңірген агроном Алуа Қазанғапқызының ауласында әңгіме-дүкен құрып отырмыз. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты анамыздың жарасымды шаңырағы. Көл-көсір пейілі. Табиғаттың өзі тамсанып тұрғандай. Қақ төбеңнен төніп тұрған көгілдір тау анау, апорты, алқорысы, мойылы майысқан бағы мынау. Бәрін айт та, бірін айт дегендей, тәтеміздің өткен күндер, жастық шақ туралы пікіріне құлақ түрейік»... – Мы-мы-мынау не мәтін? Әбден жауыр болған осындай логостың керегі не, көріністің өзі сөйлеп тұрған жоқ па? Натураны лиризммен үйлестіру қайда?! Ірі планмен беріңдер. Сендер кейіпкердің бастапқы дәмді лебізін бекер қиып тастағансыңдар. Қайта дыбыстаңдаршы. Жылтырақ сөз емес. Күлкісі де келісті. Кім айтты фильмнің табиғатына сай келмейді деп? Келгенде қандай! Скрипка өңін ашпайды, фонға домбыраның дыңылы керек. Қанеки, жүгіртіңдерші дыбыс жолын...
- «Жастық шақ... Тағдырдың да өз таңдауы бар. Алатау баурайындағы гүлге
оранған әсем шәр. Кеше мен бүгін осы қалада есендесе ме екен, кім білсін? Ізімізді басып келе жатқан жас ұрпақты айтам. Солар аман болсын. Қазір Алматыда өзімнен аумайтын немерем оқиды. Қыз бала. Соған тапсырғам. Теректің ұшар басына атыңды ойып жаза алар жігітке ғана көз сал деп. Ұшып кетсе қайтем деп бадырақ көзін жыпылық-жыпылық еткізеді. Ұшса – өз обалы өзіне... Қайран, қайырлы қалам, сенің жөнің бөлек қой. Сол Алматыда өмірі есімнен кетпейтін бір керемет көпір бар. Жіп-жіңішке, жалғыз аяқ. Жо-жо, Медеудегі емес, №9 мектеп-интернаттың, қазіргі университет қалашығының қақ қасында. Әлі де ежелгі ескерткіштей міз бақпай тұрған көрінеді. Бері жүріңдер. Көрдіңдер ме? Мына арықтан немерелерім әрі-бері өтіп жүрсін деп тап сондай кішкене көпір жасатып қойдым. Келіндерім кейде қалжыңдап: «Апа-ау, қайта оралмас, келмеске кеткен күндерді несін аңсайсыз?. Бәрібір қарасын көрсетпейді ғой...» - дейді. Қарағым-ау, соның өзі керемет емес пе?! Келмес күндер сол көк көпірден өтіп, әне-міне жайраңдай жетіп келердей алаңдайсың... Келмей-ақ қойсын, бәлсінбей-ақ қойсын, бәрібір күткен жақсы...»

Алматы, 23 наурыз, 2021

Кәкен ҚАМЗИН

Пікірлер