Уақытыңызды үнемдеуді үйреніңіз

1133

1878 жылы француз офтальмологы Эмиль Джавал әлемге жаңа бағыт алып келді. Ол адам көзінің бір уақытта бірнеше таңбаны көріп, оқи алатынын анықтап, жылдам оқу жүйесін енгізуге тырысты. Сәйкесінше, бұл бағыт дамып, 1925 жылы алғаш рет жылдам оқу курсы Сиракуза университетінде өткізілген. Сол уақыттан бері жылдам оқу үлгісі қалыптасып, қазіргі таңда елімізде бұл саланы меңгеретін адам саны күннен-күнге артып келуде. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, «Жылдам оқу» курстарының білікті оқытушысы, тайм менеджмент  маманы- Кәусария Сағадатқызы. Ол жылдам оқудың қыр-сырымен, есте сақтау қабілетін арттырудың жолдарымен бөлісті.

 - Осы уақытқа дейін өзіңіз кітапты жылдам оқуға, есте сақтау қабілетін жақсартуға арналған курстарға қатыстыңыз ба? Өзіңізді қалай дамыттыңыз?

-Әрине, қазақша-орысша 10-ға жуық курсқа қатыстым. Осы күнгі нәтижеге жету үшін алған біліміме шамамен 400 мыңдай қаражат жұмсалды. Алғашында көп болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, білім алу үшін ақшаны аямау керек. Бір күнде бір кітапты оқып, тіпті жаттап алатын деңгейге жеткеніме өкінбеймін. Түрлі курсқа қатысып, сапалы білім алғанымның нәтижесінде бүгінгі күні бірнеше адамды осы қабілетке дағдыландырып келемін.

-Қазіргі таңда жылдам оқуға қатысты курстар саны көбеюде. Жалпы адамға жылдам оқи білу қаншалықты қажет?

-Осы секілді курстардың көбейгені қуантады. Себебі, көптеген адамдар өзін, интеллектуалдық қабілетін дамытуға мүмкіндік алды.Кейбір кәсіп иелері үшін жылдам оқи білу қажет. Мысалы, қағазбен көп жұмыс істейтін мұғалімдерге, сан түрлі мәліметпен алмасатын журналистерге, қосымша жұмыс істеп, жан-жақты дамығысы келетін студенттерге керек. Бұл сарындағы курстар адамдарға уақытын тиімді пайдалануға, кітап оқып, ойын сергітуге септігін тигізеді.

-Есте сақтау қабілетінің нашарлауы неден пайда болады?

- Ең алдымен, бұл проблема ұялы телефонды шектен тыс көп ұстағанның салдарынан туындайды. Қазіргі таңда көптеген адамдар қанша сағат бойы телефоннан көз алмай отыруды әдетке айналдырды. Бұл – есте сақтауды әлсірететін ең басты себеп. Екінші себебі- ми қызметін қадағаламау. Миыңызды жұмыс істетпесеңіз, оның нейрондары өз қызметін тоқтатады.  Көп адамдар ми жаттығуларына мән бермейді, кітаптың ми қызметінің дұрысталуына септігі тиетінін ескермейді. Есте сақтау қабілетін жақсарту үшін күн сайын кітап оқып, ойландыратын бейнематериалдарды көріп, есеп шығарып, шахмат секілді қиын үстел ойындарын ойнау керек. Есте сақтау адамның дұрыс зер салуына байланысты. Мысалы, өзіңізге ұнаған заттарды, күлген, қиналған сәттерді есіңізден шығармайсыз. Яғни, бұл сәтте сіз бар назарыңызды өзіңізге керекті дүниеге салдыңыз. Осыған қатысты 20 минуттық жаттығу бар. Сіз 20 минут нақты бір ғана іспен айналысып, 5 минут демаласыз. 20 минут бойы кітап оқып немесе музыка тыңдап, 5 минут үзіліс жасауды дағдыға айналдырсаңыз, ден қою қабілетіңіз шыңдалып, есте сақтауыңыз да жақсара түседі.

-Жеке сабағыңызға қатысқан оқушының ерекше проблемасын айта аласыз ба? Мәселен, белгілі бір себептерге байланысты есте сақтау қабілеті нашарлаған немесе кітап оқитын кезде ұйқысы келетін оқушылар болды ма?

- Ең алдымен, менің курсыма адамдардың не себепті қатысатынын айтып өтсем. Көптеген адамдар өз қабілеттерін шыңдау үшін, миын толықтай игеру үшін, жылдам оқып ақпаратпен тез жұмыс жасай алу үшін бар ынта-ықыластарымен қатысып жатады. Сонымен қоса, қиындықтары бар, өзімен күрескісі келетін оқушылар да болады. Басты проблемалары- тым жай, минутына тек 100 сөзден оқу, кітап оқыған уақытта ойы бөлініп кету, есте сақтау қабілетінің нашарлауы. Олардың қатарында кітап оқыған кезде тез шаршап, ұйқысы келетіндер, Ұлттық Бірыңғай тестілеуге дайындалып жүрген талапкерлер, университетте оқуға көп уақыт бөлгісі келмейтін студенттер бар. Сонымен қоса, өзі де осы сала бойынша оқытушы болғысы келетін адамдар да қатысып жатады.

-Парақшаңызда “Жылдам оқудың минустары” атты жазба жариялапсыз. Аталған кемшіліктер барлық оқушының бойында пайда болуы мүмкін бе?

- Жылдам оқудың да кемшіліктері бар. Мысалы, миыңыз тез жұмыс жасауды әдетке айналдырғандықтан, Youtube желісіндегі видеоларды қарағыңыз келмей қалады. Тек 2 есе жылдам уақытта қарай алатын деңгейге жетесіз. Ең басты кемшілігі- сенімсіздік. Яғни, басқа адамдар сізге «өтірік оқып жатырсың» деген секілді сенімсіздікпен қарайтын болады. Аталған  екі минуспен курста білім алған қатысушылар бөліскен болатын. Бұл кемшіліктер барлық оқушының бойында міндетті түрде кездеседі.

-Кітап оқуға деген мотивацияны неден алуымыз керек? Мидың қалыпты, балғын , жылдам болуына байланысты қандай да бір жаттығулар бар ма?

- Біріншіден, өз мақсатыңызды құру керек. Екіншіден, кітап оқуды ұнататын жандардан үлгі алған дұрыс. Өзіңіздің армандарыңызбен байланысты кітапты оқыған жөн. Ол сіздің миыңызды дамытады және арманыңыздың орындалуына көмектеседі. Сонымен қоса, кітапты жиі оқитын адамдармен дос болуға кеңес беремін,себебі олармен бірге өзара челлендж ұйымдастырып, нәтижеге қол жеткізуге болады. Мен екі тәсілді де іс жүзінде байқап көрдім. Ең алдымен, өз қызығушылықтарыма сай кітаптар оқи бастадым. Одан соң «30 күнде 30 кітап» челленджін ұйымдастырдым. Бұл- өте ауыр тәжірибе болды. Бір күнде бір кітапты оқып шығу миға салмақ салғанын, уақытымды алғанын жасыра алмаймын. Алайда, өз армандарыңыз арқылы мотивация алу ең тиімді тәсіл деп ойлаймын. Екінші сұрағыңызға келер болсам, әрине, мидың қызметін арттыратын жаттығулар өте көп және оның пайдасы да мол. Мен қатысушыларға үнемі жаттығулар ұсынамын және нәтижені де байқап отырамын.

 

-Жеке рекордыңыз қандай? 1 кітапты қанша күнде немесе қанша сағатта оқып бітіресіз?

- Менің рекордым- 1 кітапты 1 сағатта оқып бітіруім. Менің рекордым осындай көрсеткіште болғанына қарамастан өз оқушыларым арасында 3 минутта 1 кітапты оқып бітіргендер болды.

-Осы уақытқа дейін өзіңіз қанша кітап оқыдыңыз?

- Шамамен 100-ге жуық кітапты оқып бітірдім.

-Қандай жанрдағы кітаптарды жиі оқуға кеңес бересіз?

- Мен психологиялық, ғылыми бағыттағы кітаптарды оқығанды жақсы көремін. Бірақ әр адамның талғамы әртүрлі. Сонымен қоса, мен көркем әдебиетті оқығанда өзгеше әсерде боламын. Бұл сарындағы кітаптарды қиялымды, ой-өрісімді дамтыту және сөздік қорымды көбейту  үшін оқимын. Қандай жанр болмасын сіз үшін пайдалы болатын, кәсіби шеберлігіңізді арттыратын кітаптарды оқуға кеңес берер едім.

-Жеке сабағыңызға қатысушылар арасында жас ерекшеліктері бар ма? Осы секілді курстарға 7-14 жас аралығындағы жасөспірімдердің қатысуын дұрыс деп санайсыз ба?

- Әрине, жас ерекшеліктері қарастырылған. Курсқа 11 жастан бастап қатысуға рұқсат етілген. Бірақ 7 жастағы балалар үшін жылдам оқып кету өте қиын. Менің 11 жасар қатысушым болды. Ол 1 минутта 60 мың сөзді оқуды меңгеріп алды. Бірақ ол баяу оқудан алыстап, сәйкесінше түсініп оқу сапасы нашарлап кетті. Тағы 11 жасар қатысушы болды. Ол тіпті 3 минутта 1 кітапты оқып шығу деңгейіне жетті. Сонымен қоса, оның түсініп оқу сапасы да жақсы болды, екеуін қатар меңгерді. Екі қатысушының айырмашылығы- кітап оқуында. Бірінші қатысушы бұрын кітапты мүлдем оқымайтын болған, алайда бірден жылдам оқуды меңгергісі келді. Нәтижесі де соған сәйкес нашар болды. Ал, екінші қатысушы 3-сыныпта оқыса да жылына 200 кітапты оқыған екен. Осы дағдысының арқасында ол осы курста жеңімпаз бола алды, өзіне қажетті білімді бойына сіңірді.  Яғни, осындай курстарға қатысу жасқа емес,адамның  қабілетіне, хоббиіне байланысты. Жалпы жылдам оқу курстарына 14 жастан асқан жасөспірімдерге қатысқан абзал.

-Аудио, электронды кітаптарды қолданасыз ба? Аудио кітаптардың қарапайым басылып шыққан кітаптардан қандай да бір айырмашылығы бар ма? Қайсысы есте көбірек сақталады?

- Екеуін де қолданамын, себебі бұл өте тиімді. Егер сіз жылдам оқу техникаларын меңгермеген болсаңыз, аудио, электронды кітаптар пайда алып келмейді, яғни есіңізде қалмайды. Ал, белгілі бір қадамдар бойынша тыңдап, оқитын болсаңыз, онда ол есіңізде қалады. Яғни, ол жүйеге байланысты. Кез келген кітапты оқымас бұрын оның мазмұнымен танысып шыққан жөн. Ал, кітапты аяқтаған соң мазмұны бойынша конспект жасау керек. Бұл әдіс аудио, электронды кітап болмасын,  жүзеге асады.

-Бос уақытыңызда кітап оқудан басқа қандай пайдалы, қажетті істермен айналысасыз?

- Бос уақытымда жоспар құрамын, маркетинг тақырыбы аясында ізденемін. Мен «6 аптада 1 дағды» методикасын ойлап тапқан едім. Соның нәтижесінде қазір 6 апта бойы бір іспен айналысып, өзімді шыңдап келемін. Қазіргі қалыптастырып жүрген дағдым- актерлік шеберлік.

-Кітапты түсінікті әрі тез оқуға арналған нақты 3 кеңеспен бөліссеңіз.  

- Біріншіден, кітапты оқымас бұрын ол жайында мағлұматтармен таныс болыңыз. Екіншіден, түсінігіңіз нашар болса да кітапты жылдам оқуға талпыныңыз. Қарандашты жүргізіп отырып, 10 минут бойы тез оқуды үйреніңіз. Осылайша миыңыз жылдамдыққа ілесе бастайды. Үшіншіден, міндетті түрде «интеллект картасын» қолданыңыз. Алғашында көп уақытыңыз кетіп, миыңыз шаршауы да мүмкін. Алайда, уақыт өте келе нәтижені байқағанда өкінбейтініңіз сөзсіз.

-Қызықты әңгімеңізге көп рақмет! Сізге шығармашылық табыстар тілейміз!

Сұхбаттасқан Айдана ШАЛҚАРОВА,

Әл-Фараби атындағы Қазақ  Ұлттық университетінің 2-курс студенті.

"Адырна" ұлттық порталы. 

Пікірлер
Редакция таңдауы