Қазақ терминологиясының атасы

677

Тәуелсіздіктің табалдырығынан аттап, бәсекеге қабілетті жаңа ғасырдың есігінен енгелі тарихымызды, қазақтың тағдырын жасаған азаматтарды тани түскендейміз. «Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді» деп тән азығынан жан азығын жоғары қойған, қазақ жазуының атасы болған, лингвист, ақын, Алаш партиясының белсендісі ретінде ұлт тағдыры үшін жанын салған Ахмет Байтұрсынұлын да Кеңестік дәуірдің жалған айыптарынан ақтап, қайтадан халқына қауыштырдық.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінің студенттері өндірістік тәжірибе барысында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Тіл-Құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу мұражайына барып, ұлы ағартушы, әдебиеттанушы Ахмет Байтұрсынұлының өмірбянымен, шығармаларымен жете таныстық.
Ұлтымыздың абзал азаматының өмірі мен шығармашылығы студент жастарға үлгі. Ұлағатты ұстаз өмір жолында кездескен қиындықтарға қарамастан елі үшін еңбек етті. Ағартушы-ғалымның қазақ тілі мен әдеиетіне сіңірген еңбегі зор. Сонымен қоса, терминлогия саласына да серпін әкелді. Қай ғылымды болсын үйрену үшін алдымен терминін білу керек. Әрбір ғылыми ұғым мағынасына сай әрі ұлттық танымымызға сәйкес аталғаны абзал. Ахмет Байтұрсынұлы құлаққа жағымды, сіңімді терминдерді тауып, ғылымға қосқан алғашқы ғалым. «Оқу құралы» кітабында қазақ тіліне тән сызықша, дәйекше, үтір, нүкте секілді терминдерді қолданған. Ол қазақ тілінің терминдер жүйесін жасады.

Ахмет Байтұрсынұлы әдебиеттану біліміне де жаңа серпін берді. Ол тұңғыш әдебиет теориясын жасады. Ғалымның «Әдебиет танытқышы» қазақ әдебиетіне шумақ, бунақ, буын, тармақ секілді терминдерді әкелді. Өлең құрылысына сатылай талдау жасады. Өлеңнің шумақтан, шумақтың бунақтан, бунақтың буыннан тұратынын айқын көрсетті. Оның ұсынған жүйесі әдебиетте әлі күнге қолданылып келеді. Жыл сайын терминология саласы жаңа ұғымдармен толығып отырады. Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми жұмыстары қазақ тілі әдебиеті мен қоса, әдістеме, тарих, этнография салаларын да қамтыды. Ол тек терминдер жүйесін құрып қана қоймай, терминжасам, сөзжасам әдістерін де көрсетті. Терминдік семантикалық, морфологиялық, синтаксистік тәсілдермен жасады. Кейбірін орыс тілінен калькалау әдісі арқылы аударды. Бұл ғалымның орыс тілін де жетік білгенін байқатады. Ғалымның бұл жұмыстары қазақ тілі мен әдебиетінің, терминология саласының дамуына тiкелей әсер етті.

Ұлы ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлы туралы 1923 жылы Мұхтар Әуезов «Қазақ әдебиеті Ахаңды өзінің басшысы деп санайды» деген болатын.

​ Ахмет Байтұрсынұлын қазақ терминологиясының атасы десек артық болмайды. Қазіргі қазақ тілі мен әдебиетінің дамуына ұшан теңіз еңбек сіңірген абзал жандарды дәріптеуіміз керек. Жастарымызға Ахмет Байтұрсынұлының мұраларын насихаттап, әдістемелерін басшылыққа алуды үйретілгені құба-құп. Ахмет Байтұрсынұлының мол мұрасы бүгінімізге азық. Оның ғылыми шығармалырын көпшілікке таныту шаралары жүргізілсе жақсы болар еді. Тәуелсіз Қазақстанымыздың тарихы мен тарихи тұлғаларды дәріптеу – ұрпақ алдындағы міндет. Ана тілімізді қадірлеп, ұлыларымызды ұлықтайық.

Бекайдар Асылзат
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
филология факультеті,
қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4-курс студенті

Пікірлер
Редакция таңдауы