Алаш үкіметінің қазынашысы (Қазіргі тілмен Қаржы министрі)

2789
Adyrna.kz Telegram

Еліміздің ұлт-азаттық жолындағы күресінде ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы жаңа толқын «Алаш» қозғалысы пайда болып, «Алашорда» партиясы мен үкіметі құрылды.

Алашорда өз алдымызға ел боламыз деген мұратпен тәуелсіздік туын көтерді. Осы ұлы мұрат жолында күрескен жүздеген, мыңдаған ұлтшыл, мемлекетшіл тұлғалардың бәрін әлі де болса толық танып, біле алмай келеміз. Осынау Алаш қозғалысының қызметіне араласқан тұлғалардың бірі Әнияр Қожабайұлы МОЛДАБАЕВ. (1850-1934) Әниярдың әкесі Қожабай Шегірұлы сүйектен, ағаштан өрнекті бұйымдар жасайтын шебер, ісімер адам болған. Қожабай 1858 жылы дүние салады да, Сүндетбай, Үмбетбай, Әнияр атты балалары әкесінің інісі Молдабайдың қолында тәрбиеленеді.
1865 жылы 15 жасар Әниярды Абай Молдабайдан сұрап алып, Семей шаһарындағы орыс-қазақ училищесіне оқуға береді. Оны бітірген соң Әнияр Ташкентке барып жоғары білім алады. Заң қызметкері болып шығып, жолдамамен Әндіжанда, кейінде Марғұланда кіші чиновник болып қызмет істейді. Сондағы өзбектің бай саудагерінің қызына үйленеді. 1890 жылдары Семейдегі мемлекеттік банктің қызметкері, кейінде оның менгерушісі, уездік сот болады.
Әнияр Молдабаев Семейге келіп қызмет жасап жүргенде Абай өзінің әулетінен мал жиғызып , 30 бестінің қаржысына Семейдегі Москвин деген орыстың үйін Әниярға сатып әпереді.
Әнияр өзінің жалғыз ұлы Сапарғалиға (1890-1974) Кәкітайдың қызы Кәкішті айттырып алып береді де, Ысқақ, Абай тұқымдарымен құдандалы, сүйек болады. Кейін де сүйек жаңғыртысады. Әнияр Абайдың тұңғыш жинағын бастырып шығаруға көп қызмет еткен адам.
Әниярдың үйі Семейге келетін Тобықты елінің игі жақсылары ғана емес, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Әлімхан Ермекұлы, Халел Ғаппасұлы, Рақымжан Мәрсекұлы, Сыдық Дүйсенбайұлы, Мұстақым Малдыбайұлы, Биахмет Сәрсенұлы сияқты азаматтар жиі бас қосатын орынға айналған. [Тобықты-Шыңғыстау шежіресі. Жанболатұлы М. 2004. 70-б]

2
Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» атты тарихи еңбегінде – «Семейде областной «Алаш» партиясының ашылған хабарын жазған едік. «Сарыарқаның» соңғы нөмірінде бұл туралы мынандай мақала басылды дей келе, Семей уезінде Алаш партиясының уақытша облыстық комитетінің мәжілісі өткенін, комитеттің председателі Халел Ғаппасұлы, жолдасы Ахметжан Қозыбағарұлы, секретары Сыдық Дүйсенбайұлы, қазынашысы Әнияр Молдабайұлы, құрметті председателі Әлихан Бөкейхан болғанын жазады. [Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» 1960 жылы басылған]

Әнияр Молдабаев сол кездегі мемлекеттік банктің қазақ арасынан шыққан тұңғыш қызметкері. Әдетте, Әнияр Молдабаевтың қоғамдық қызметі туралы айтқанда, алдымен оның банк саласындағы жұмысына ерекше тоқталып өту керек. 1915 жылғы Қазақ газетінде «Семей. 1913 жылы Семейде Общество взаймный кредит банксі ашылып еді. Сол банктің қазір 301 члені, 41 820 сом капиталы болды. Биылдан бастап бұл банкке ақша салғандарға салған сомасынан он есе артық кредит ашылатын болды. Бұл банктің учетный комитетіне 12 кісі сайланды, мұның екеуі - қазақ. Государственный банкте көп жылдан бері қызмет етуші Әнияр Молдабаев һәм Заречный слободка саудагері Ғабдулрахман Юсіпұғылы (Абдырахман Жүсіпов). Бұл екеуі де халық жайын жақсы білетін адамдар....» деп жазылыпты.
Бұл банкті қазақтар «Уақ-қарыз» серіктігі деп атаған. 1918 жылы «Абай» журналын бастырып-шығарушы «Уақ-қарыз» серіктігі екенін ескерсек Әнияр Молдабаевтың да тікелей қатысы барын айтуымыз керек. Сол заманның ірі кәсіпкерлерінің бірі Абдырахман Жүсіповтың үйінде орналасқан «Жәрдем» баспасынан «Абай» журналы мен «Сарыарқа» газеттері шығып тұрған. [Ибрагимова Қ. ХХI ғасырдағы алаштың ақ жолы. 89 бет. Астана 2015 ]
Алаш ұлт-азаттық қозғалысы жылдары Әлихан Бөкейханның басшылығымен «Алаш» партиясының Семей облыстық комитеті құрылған кезеде Әнияр Молдабаев бір ауыздан оның қазынашысы болып бекиді. Партияның мүшелік жарнасын жинау, жалпы партиялық қаржы мәселесі мен кейін Алаш ұлттық автаномиясы мен үкіметінің жүйелі жұмыс атқаруын, қаржылық мәселелердің дұрыс шешіліп отырылуын реттеген, қазіргі тілмен айтқанда Қаржы министрі қызметін атқарды.
Осы жерде бөле-жарып айтып кететін жәй, ол қазақтың ауқатты азаматтарының Алаш партиясына, Үкіметіне және көсемдері мен қызметкерлеріне демеушілік жасап отыруы. Алашорда қайраткерлері Шыңғыстау, Абыралы өңірлеріндегі және Қарқаралы маңындағы қазақ дәулеттілерінің қолдауына сүйеніп отырған. 1906 жылы Міржақып Дулатовты түрмеге қамағанда Қаражан Үкібаев оны шығарып алу үшін кепілдікке 2500 рубль төлепті. Ал Омбыда Ақайдың Хасені 5000 мың рубль берген. Әлихан Бөкейхановтың 1908 жылы сегіз ай Семей абақтысында отырғаны белгілі. Сол кезде оны ауырды деп естіген Оразбайдың баласы Медеу он құлынды бие Шағылға байлатып, күнде абақтыға бір саба қымыз бен бір бағлан сойып апа¬рып, мәжіліс құрып отырған екен.
Алашорда үкіметінің орталық басқару органы Бүкілхалықтық Кеңес пен Семей облыстық советінің Алаш қалалық думасы мен Алаш қалалық қоғамдық басқармасының, сондай-ақ Семей уездік Земство басқармасының кеңселері негізінен Алаш қаласында қоныс тепті. Семей уездік Земствосына қатысты бір құжатта оның кеңсесі Алаш қаласындағы белгілі бай-көпес Қаражан Үкібаевтың үйінде орналасқаны атап көрсетілген. Сонымен қатар, Қаражан Үкібаев өзінің көптеген үйлерінің тағы бірін Алаш қаласында қазақ балаларын оқыту үшін мектеп ғимаратына берген көрінеді.

16003043_698910296935386_4245701908838257600_n
Сол сияқты Әнияр Молдабаевтың үйінде Алашорда басшылары Әлихан Бөкейхан мен Міржақып Дулатовтың отбасылары тұрғаны туралы Гүлнар Міржақыпқызы: «Әкем 1921-1922 жылдары Семей губсотында жұмыс істейді де, біз Комиссарская көшесіндегі Әнияр Молдабаевтың екіқабатты жекеменшік үйінде тұрдық (кейін Абай музейі болды). Үстіңгі қабатында біз – Дулатовтар, біріншісінде Әлихан атаекемнің (Бөкейханов) үй-іші жайғасқан еді» деп өзінің «Алаштың сөнбес жұлдыздары» атты еңбегінде жазады.
Біз сөз етіп отырған Әнияр Қожабайұлы Әнет бабаның бесінші ұрпағы екен. Әнет Кішікұлы (1623-1723) « Жеті жарғының» құрастыруға қатысқан атақты жеті бидің бірі. Жас кезінде Бұқар Шарифте үйсін Сарышуаш жыраумен бірге медресе бітірген, ислам қағидаларына, шарығат ережелеріне жүйрік болған. Әділдігімен, білімділігімен аты шыққан – деп Қазақ Энциклопедиясында жазылыпты. [ Қазақ совет энциклопедиясы. 2-том. 42-б.] (жалғасы бар)


Ардақ БЕРКІМБАЙ

Пікірлер