Қытай консулдығына келген аналарға полиция бөгет жасауда

2417
Adyrna.kz Telegram

Алматыда 36 күннен бері наразылық акциясын өткізіп жатқан белсенділерді полиция Қытай консулдығына жібермеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Malim.kz сайтына сілтеме жасап. 

Наурыздың 15-і күні Алматыдағы Қытай консулдығы алдына қарсылық акциясына шықпақ болған бір топ белсендіні полиция консулдыққа жібермеді. Белсенді Байболат Күнболаттың сөзінше, полиция қызметкерлері наразылыққа шыққан аналарға ешнәрсе деп түсіндірместен жолдарын бөгеп, акция орнына жібермеген.

«36 күннен бері Қытайда қамауда отырған туыстарды босатуды талап етіп келе жатқан аналарды полиция бөгеп, консулдыққа жібермеді. Полиция қызметкерлері ешқандай себепсіз, карантинді сылтауратып жолды бөгеді. Бұл кісілер әлеуметтік арақашықты сақтай отырып, өздерінің наразылығын білдіруге келген. Полиция бөгет жасаған кезде Халида апамыздың қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдем келді», – дейді Күнболат.

Белсенділер бір айдан астам уақыттан бері Алматыдағы Қытай консулдығы алдына наразылық акциясына шығып, Қытайда қамауда отырған туыстарын босатуды, хабарсыз кеткен жақындарымен тілдестіруді талап кетуде. Бұған дейін, Сыртқы істер министрлігі консулдық алдындағы қарсылыққа байланысты туыстарын іздеген адамдардың арызын қарау бойынша Қытай тарабына өтініш айтылғанын мәлімдеген.

Наурыздың 12-і күні «Отандастар» қорының вице-президенті Мағауия Сарбасов консулдық алдындағы наразылықты «саяси мәселе» деп атап, «қор оған араласа алмайтынын» айтқан.

8 наурызда Алматыдағы «Salut Hotel Almaty» қонақүйінде Оспан батыр ұрпақтары бастаған бір топ азамат баспасөз мәслихатын өткізіп, Қытайда қамауға алынып, қудаланып, сотталған туыстарына Қазақстан билігінен араша сұраған.

Пікірлер