Аида Балаева: Балалар басылымдарының ресми таралымы көңіл қуантпайды

1562

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Парламент Мәжілісінің сәрсенбі күні өткен отырысында депутат Мақпал Тәжмағамбетованың балалар басылымдарына қатысты қойған сауалына жауап берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Депутат сауалымен мұқият танысып шықтым. Бұл мәселе баспасөз беттерінде, жекелеген азаматтар тарапынан да үнемі айтылып жүрген тақырып. Расында, бүгінгі таңда «Қазақ газеттері» бірыңғай бренді аясында бірнеше отандық басылымдарды біріктіруді бастадық. Бұндай шешім қабылдаудағы басты мақсат – қазіргі қаржылық және басқа да қиын жағдайларда тұрған қазақ баспасөзін, соның ішінде – «Балдырған», «Ақжелкен» журналдары мен «Дружные ребята», «Ұлан» газеттері сынды балалар басылымдарын сақтап қалу»,-деді ол.

Министр бірнеше басылымды біріктірудің газет-журналды жабу деген сөз емес екенін атап өтті.

«Бірнеше басылымды біріктіру – ол газет-журналды жабу деген сөз емес. Біріншіден, ешқандай басылым жұмысын тоқтатпайды. Екіншіден, олардың медиа кеңістікте қалыптасқан брендтік атаулары өзгермейді. Үшіншіден, басылымдарды мемлекеттік ақпарат тапсырысы аясында қаржылық қолдау тоқтамайды.

Біріктіру арқылы тек әкімшілік-шаруашылық ресурстар қысқарады. Яғни, барлық басылымға ортақ – бір қаржылық бөлім, бір заң бөлімі, бір кеңсе бөлімі сияқты оңтайлантыру жұмыстары жүреді. Нәтижесінде, бірінші кезекте әрине қаржы үнемделеді. Ол үнемделген қаржыны шығармашылық ұжымға бақыттауға мүмкіндік туады»,-деп мәлімдеді Аида Балаева.

Алдағы уақытта елімізде басылымдарды дамытудың арнайы әзірленген стратегиясы жүзеге асырылмақ.

«Сондай-ақ, басылымдарды дамытудың, оның бәсекеге қабілеттін арттырудың арнайы әзірленген стратегиясы жүзеге асырылады. Оның аясында басылымдардың контенті ғана емес, өндірістік-шығармашылық процестері, жарнама және маркетинг қызметтерін жетілдіру жұмыстары да қамтылады. Әрине балалар басылымының ұлттық идеологиялық тәрбие берудегі мәні мен маңызын жақсы түсінеміз. Соның ішінде, жас ұрпақтың тілін – қазақ тілінде қалыптастыру бүгінгі күнде ең өзекті мәселе. Бүгінгі балалардың тілін қалыптастыратын құрал – әрине бірінші кезекте – телеарналардағы мультипликациялық фильмдер мен балалар әдебиеті. Бұл ретте, «Balapan» арнасының мазмұндық контентін, бағдарламалар сапасын күшейтуді үнемі қадағалап отырмыз.

Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында балаларға арналған қазақ тілді теле-өнімдердің ауқымын кеңейту мақсатында шет елдік балалар телеарналарын (Nickelodeon, TiJi, Карусель) қазақ тіліне аударып, таратуды қолға алып отырмыз. Сондай-ақ, биылғы жылы балалар әдебиетінің әлемдік бестселлерлерін, атап айтқанда, Е.Х.Гомбрихтің «Әлемнің қысқаша тарихы», Лбюис Кэрролдің «Алиса ғажайыптар елінде», Джордж Оруэллдің «Хайуанаттар бағы», Ева Ибботсон «Теңіз өзеніне саяхат» сынды барлығы 20 кітапты қазақ тіліне аударып, балалар аудиториясына ұсынуды көздеп отырмыз.

Бұдан өзге, «Қазақ радиосының» типтік кестесінде балаларға арналған арнайы уақыт пен хабарлар желісі бар. «Балаларға базарлық», «Балапан саз», «Тапқыр бала» хабарлары бүгінде өзіндік аудиториясы бар, радио танымал бағдарламаларға айналды.

Сондай-ақ, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанынан құрылған «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі арқылы еліміздегі өзге этнос өкілдерінің ертегілерін қазақ тіліне аударып, мектепке дейінгі және бастауыш сынып балаларының назарына ұсынуды қолға алып отырмыз»,-деді министр.

Аида Балаева сауалға жауап беру барысында балалар басылымдарының ресми таралымына көңілі толмайтынын айтты.

«Расында да бүгінгі таңда, балалар басылымдарының ресми таралым саны көңіл қуантарлық емес. Өкінішке қарай, бұл мәселе «Қазақ газеттері» құрамындағы басқа газет-журналдарға да қатысты жайт. Әрине бірінші кезекте, бұл мәселе қазіргі интернет пен технологияның қарқынды дамуына байланысты екені түсінікті. Және бұл бүкіл әлемдегі медиа саласына ортақ құбылыс.

Сондықтан қазіргі баспасөз басылымдары ең алдымен стратегиялық даму жоспарларын қайта айқындаулары қажет. Яғни, әрбір басылымдар мазмұн-контентті сұранысқа сай бейімдеп, сапасын арттыру, оқырманға тартымды ету арқылы бәсекеге қабілеттілігін күшейту қажет деп санаймын»,-деп сөзін қорытындылады ол.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket