«Тәуелсіздік жылдары жазылған жалғыз опера»

2153
Adyrna.kz Telegram

Ауылда өскен баламыз ғой, опера, балет деген дүниелерді кейін көрдік. Ең алғаш опера театрының табалдырығын 2001 жылы Астанаға келгенде аттадым. Онда да тегін билетпен кірдім. Әйелім Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында әртіс болып жұмыс істеді. Билетті әперген де сол.
Әлі есімде, «Дон Кихот» деген балет болды. Қойылымның басталғанына 20 минут өтпей жатып, ұйқым келе бастады. Бір қарасам, мызғып кетіппін.
Спектакль өткеннен кейін «Қалай ұнады ма?» деп сұрады. Балеттің тілін түсінетін адам сияқты «Ия, керемет» деп жауап беремін ұялмай. Бірақ, не болып, не қойғанын өзім білмеймін.
Сөйтіп жүріп, ақырын-ақырын театрға келе бастадым. Қойылымдарды тастамайтын болдым. Сахнада әйелім ән айтады, мен залда отырамын.
«Біржан-Сара», «Евгений Онегин», «Сказки Гофмана», «Богема», «Свадьба Фигаро», «Травиата», «Аида», «Тоска» деген операларды екі-үш мәрте көріп, жаттап алдым.
Кейін үйге келіп, екеуміз спектакльдерді жатып алып талқылайтынбыз.
Сөйтіп жүріп, мен опера әлемінің есігін аштым.

Кеше Шымкент қаласының Опера және балет театрында «Домалақ Ана» операсының премьерасында болдым. Өмірде бәрін салыстырып қарайсың ғой. Оның үстіне «Астана Опера», Абай театры, Большой Театр, Еуропа театрларында үлкен қойылымдарды көрген мен шынымды айтайын, басында бәріне сын көзбен қарағаным рас.
Бірақ, қойылымды толық көріп шыққаннан кейін, театр ұжымына басымды идім. Керемет спектакль! Әлемдік деңгейдегі қойылым.

"Домалақ Ана" — Тәуелсіздік жылдарында жазылған, соңғы 30 жылдағы жалғыз опера!!!
Әрине, мен театр сыншысы емеспін. Жаңа премьераларды қалт жібермейтін көзі қарақты қарапайым көрермен ретінде өте жоғары баға беремін. Жарайсыздар!

Ұнаған тұстары:

1. Опера өте ықшамдалған нұсқада қойылған. ІІ актілі қойылымның ұзақтығы – шамамен 90 минуттай (1,5 сағат). Бұл қазіргідей уақыт тапшы кезеңде өте тиімді әдіс.
2. Жаңа музыкалық формат. Қойылымның музыкасын жазған жас композитор екені көрініп тұр. Тасқын Жармұқаметтің еңбегін ерекше атап өтуге болады.
3. Көрерменді жалықтырып алмас үшін шоу-элементтерді қосқан. Мысалы, балет әртісінің жалғыз өзі билейтін (сольный) номері. Шығыс биі залдағы көрермендерді бір серпілтіп тастады. Маған қатты ұнады.
4. Спектакльде интрига да бар. Марау ханымның Домалақ Ананың сәбиін жерге лақтырып жіберетін көрінісі. «Бала тірі ме, әлде өліп қалды ма?» - деп дегбірің қашып, тыпыршып отырасың.
5. Хор!!! Орындау шеберліктері өте жоғары деңгейде!
6. Әрине, Майра Мұхамедқызы! Әлемдік деңгейдегі әртісті Шымкент сахнасынан көру - үлкен ғанибет!

Шымкент халқы (бәрі емес) көбінесе той әндерін жақсы көреді. Осындай әлемдік опералардың жиі қойылуы талғамды өзгертуге үлкен әсерін берері сөзсіз.

 

Пікірлер