Норвегтердің ұлттық қоры $1 трлн. Қазақстанда неге қор азаюда?

2714
Норвегия деген ел бар. Білесіз ғой. 1990-жылы сол норвегтер Ұлттық қор дегенді құрды. Сөйтіп мұнайдан, туризмнен және басқа саладан түскен қаржының бір бөлігін сонда салып отырды. Қазір викингтердің қоры 1 трлн доллардан асты. 1 трлн доллар!
Мұндай қаржыны біз түсімізде де көрмейтін елміз ғой. Норвегтер қордағы қаржыны түрлі банктерге, құнды қағаздарға, акцияларға салып, пайыздық өсім алып отыр. Қараңызшы, жылдық өсім 10% ғана делік. Демек, жыл сайын олар жай ғана 100 млрд доллар пайда табады. Таза пайда. Қордағы қаржы жата береді. Сұмдық қаржы ғой. 6 млн норвег балқып-шалқып күн кешіп жатыр.
Енді бізге келейік. Біз осы норвегтерге қарап ұлттық қорды құрдық. Алғашқы қаржыны 2001 жылы "Шеврон" компаниясынан түскен пайда негізінде құйдық. Сөйтіп жыл сайын құйып отырдық. 2014-жылы ашық деректер бойынша қорда 80 млрд долларға жуық ақша жатыпты. Артынша девальвация болды, одақсымаққа кірдік (2015-те) қысқасы құлдырай бастадық. Теңгені ұстап тұруға 2 жылда 28 млрд доллар жұмсадық. Кейін бюджет тапшылығына салу басталды. Былтыр коронавирус кезінде бірнеше мәрте қорға қол салдық. Қысқасы қор молаймады, ортайды. Соңғы дерек бойынша Ұлттық қорда 58 млрд доллар жатыр-мыс.
Солай дейді, анық көре алмаған соң, 100% сенімім жоқ.
Ойлаңызшы. Қорымызда норвегтердей 1 трлн жатпаса да, 100 млрд доллар жатса. Соны түрлі акцияларға, құнды қағаздар мен пайызы жоғары банктерге салсақ. Сөйтіп жылына 10%-бен табыс тауып отырсақ. Жылдық табыс 10 млрд доллар болады. 10 млрд долларға қанша аурухана, спорт кешендері, тұрғын үйлер, мектеп салып, көпір мен жол жөндеуге болады. Мықты университеттер салып, зертханалар ашуға, ғылыми жобаларды кең ауқымда қаржыландыруға, газдандыруды жылдамдатып, су мәселесін шешуге болар еді. Қазақстан гүлденіп кетеді ғой. Бірақ бұл арман ғана.
Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,
«Адырна» ұлттық порталы
Пікірлер
Редакция таңдауы