Дәл осы жолы «тар көрпені» әр тарапқа тартпайықшы

964

2016-шы жылдан бері жер үшін айтыспаған адамым, жазбаған кем-кетік тұсы қалмаған шығар. Дәл қазір не десек те, өткенді орнына келтіре алмаймыз. Бірақ, жіберген олқылықтың орнын толтыратын мүмкіндік туып тұр.

Президентіміз Қ.Тоқаев мырза қазақтың тарихындағы ең үлкен құнды жарлығының бірін жариялады.

Қазақ үшін ең басты құндылық —

1-ші Тәуелсіздіктің жариялануы болса,

2-шісі —шекарамыздың бекітілуі.

3-шісі —сол жеріміздің шетелдіктердің иемденуінен сақтап қалу.

4-інші —Тіл мәселесі.

Қайсыбір мемлекет болса да, осы төрт "тағаны" нық болса, сол мемлекеттің болашағына үлкен сеніммен қарауға болады. Енді, мемлекеттігімізді ұстап тұрған осы төрт "тағанымыз" несімен құнды екендігіне тоқталып өтсем.

1) Тәуелсіздігіміз жарияланып, осы жарлыққа қол қол қойылған күннен бастап, біз дербес мемлекет болдық. Бұл игілікке ешқандай құндылық жетпейді. Ол даусыз.

2) Шекарамыз белгіленіп, әлем картасынан ойып орын алуы —біздің еліміздің елдігінің ең үлкен символы.

Жері жоқтың— елі жоқ! Сондықтан, тәуелсіздік пен шекарамыздың белгіленуі бір-бірінен бөліп қарауға келмейтін егіз ұғым.

3) Шет мемлекеттерден жерімізді қорғау - мемлекеттігімізді қорғау. Еліміздің 80%-ы АШ жерлері екендігін ескерсек, Қ.Тоқаев мырзаның бұл жарлығы жерімізді, елдігімізді шетелдіктердің "аранынан" алып қалу(Басқа мақсаттағы жерлерді қорғайтын арнайы заңдар бар). Бұл дегеніміз соңғы 20 жылдағы жарлықтардың ең үлкені деуге болады. Сондықтан қадірін терең түсінуіміз керек!

4) Тіліміздің мәселесі де жақын болашақта шешілетініне бек сенімдімін. Осы мәселенің де шешілуіне аз ғана уақыт қалғаны күн өткен сайын көрініп те, сезіліп те келеді.

Ал, енді "төрт тағанымызды" шегелеп алудың бар мақсаты --- елдігімізді сыртқы күштерден қорғау!

Бүгінгі күнге дейін "Төрт тағанымыздың" алдыңғы екеуі шегеленіп қойылған болса, бүгіндері тағы бір "тағанымыз" шегеленеді деуге әбден болады. Сыртқы күштерден шекарамыздың ішіндегі жерлерімізді қорғайтын заңды бекітіп алу туралы заңға өзгеріс енгізуге жарлық шығару— қазақ қазақ болғалы өз жеріне тек өзі қожайындық жасауына мүмкіндік беретін жарлық!

Ұлтымыздың болашағы үшін жасалып отырған әрбір игі істің бағасын білу, бағасын әділ беру біздердің міндетіміз. Әрине, шетелдіктерге жерімізді сатқысы келіп отырған "жуан топтардың" арам пиғылдарынан, Президентіміздің жолдаған жалғыз жарлығымен қорғап қалу мүмкін емес. Өйткені, шетелдіктердің жерімізді именденуіне мүмкіндік беретін басқа да "шұрық-тесік" заңдарымыз бар. Олардың бәрін "көшеде жүріп" бітеп шығу мүмкін емес.

Сондықтан, Президентіміздің "Жер комиссиясын құру" жөнінде жолдаған тапсырмасы, төбедегі заңымыздың "жыртық-жамауын" толық бітеу үшін, осындай қажеттіліктің туындайтынын, әрі ең тиімді жолы екендігін терең түсінгендіктен, халыққа беріп отырған үлкен мүмкіндік деп қарауымыз керек.

Алдағы мораториде тұрған заңдарымызға өзгеріс енгізіп, өзге де "жыртық-жамауын" бітеу үшін, президентіміздің "ҚР-ның АШ жерлері шетел азаматтары мен заңды тұлғаларына сатылмайды, жалға да берілмейді" деген жарлығы, біздердің(халықтың) жерді сатқысы келіп отырған латифундисттерге қарсы "аяқ тірер" ең үлкен тірегіміз болмақ.

Міне,дәл сондықтан ғана, Президентіміздің осы жарлығы соңғы 20 жылда халыққа жерімізді қорғап қалуға беріп отырған ең үлкен мүмкіндіктің бірегейі! Осыны терең түсіне білейік, ұғына білейік!

Құрметті әлеумет!

"Тар көрпемізді" жан-жаққа тартқылауды доғарып, осы жарлықпен құрылатын комиссияға халықтың ішінен шыққан ең сенімді, ең принципті, ең көреген азаматтардың болуы үшін жұмылып жұмыс жасауымыз керек. Осы жолда бұған дейін орын алған басқа да мәселелермен ашу -араздыққа барған азаматтар болса, мен оларды осы жолда кешірдім! Осынау қазақ үшін "... не бел кететін, не белбеу кететін" шақта, халықты жан-жаққа тартқылау — өз халқына жасалған опасыздық болып тарихта қалатынын ұмытпасақ екен.

 

Рүстем ӘШЕТАЕВТЫҢ жазбасы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар