Еліміздің жоғары оқу орындарындағы журналистика факультеттерінің оқу бағдарламалары зерделенеді. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева inbusiness.kz сайтына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Министрдің айтуынша, қоғамдық пікірдің қалыптасуына блогерлердің ықпалы болатындығы түсінікті. Дегенмен, кез келген жағдайда көрермен кәсіби журналистердің нақтылауын іздейді.
«Меніңше, кәсіби журналистиканың рөлі артады және біз оған жәрдем беретін боламыз», - деді министр.
Сонымен қатар ол кәсіби журналистиканың рөлін арттыру үшін министрлік тарапынан қандай жәрдем көрсетілетіндігіне егжей-тегжейлі тоқталып өтті.
«Кадрларды оқыту, қайта дайындау көзделген жоспарымыз бар. Осы жылдың ақпанынан бастап салалық журналистиканы дамыту үшін жұмыс бастап кеттік. Жекелеген жоғары оқу орындарымен меморандумдарға қол қойдық. Медицина, ауыл шаруашылығы, экология, дін сынды салаларда журналистер дайындаймыз. Олар кәсіби дәрігер немесе эколог болмайтындығы түсінікті. Бірақ, белгілі бір саланың ерекшеліктерін түсінетін болады. Қазірдің өзінде шамамен 300 журналист сертификат алды және бұл жұмыс жалғасады. Мемлекеттік, сонымен қатар жеке бұқаралық ақпарат құралдары журналистерінің біліктілік деңгейін арттыру үшін шетелдік медиамектептермен де жұмыс істейміз. Министрлік журналистиканы дамытуға мүдделі. Бұл ретте негізгі фактор – журналистика факультетінде қалай оқытылатындығында. Биыл оқу жоспарларын зерделеу және белгілі бір ЖОО-ның, факультеттердің бағдарламасы заманауи талаптарға сай келмесе Білім және ғылым министрлігіне ұсынымдар беру міндеті тұр», - деді Аида Балаева.