Бүгін Ақтөбе облысы әкімдігіне келген көпбалалы аналар Оңдасын Оразалинмен кездесе алған жоқ. Жанайқайларын айтып шырылдаған аналарды бір топ шенеунік пен күзет қызметі күтіп алды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Arasha.kz тілшісіне сілтеме жасап.
Облыс әкімдігіне барған 50-ге жуық көпбалалы ана Оңдасын Оразалиннің кабинетіне баруға ұмтылды. Әкімнің алдына шығып, жағдайды шешуді сұраған аналар баспана мәселесін шешуді және әр балаға 42 500 теңгеден төлеуді сұрады.
«Азық-түлік бағасын неге бақыламайсыздар? Бәрінің құны ұшып тұр. Балама киім түгілі, тамақ алып бере алмай қиналып отырмын. Әкімдікке қаншама рет келдік, әкіммен кездесіп көрген емеспіз. Аналар мәселесі неге шешілмейді? Осы жерге келгендер ерігіп жүрген жоқ. Бәрі де баспана мәселесімен қиналып жүр»,- деді көпбалалы ана Гүлдана Скакова.
Бес баламды үйге қамап кеттім деп шырылдаған ана жұмыртқа сатып ала алмай отырғанын айтып, жылап жіберді.
«Мен жатақхананың бір бөлмесінде бес баламмен тұрамын. Жолдасым ғана жұмыс істейді. Өзім балалардың қасында отырамын. Сіздерге айтайын, балаларым жұмыртқа жегіміз келеді деп жылайды. Бір жұмыртқаның бағасы – 50 теңге. Он данасын алсаң, 500 теңге болады. Соны алып бере алмаймын. Қиналып кеттім. Әкімдіктегілер қымбатшылықты неге бақыламайды?! Біз, аналар әр балаға мемлекет 42 500 теңгеден төлеуін сұраймыз»,- дейді Жанар Құлманбетова.
Аналар әкім отырған кабинетке кіруге ұмтылғанымен, нәтиже шыққан жоқ. Әкімдік күзеті табалдырық алдынан әрі асырған жоқ.
Бірнеше басқарманың басшысы мен облыс әкімінің орынбасары аналарды жекелеп қабылдап, сұрақтарын тыңдады. Облыс әкімінің шықпайтынын айтты.
«Облыс басшысы мәслихат сессиясына қатысып жатыр. Аналардың сұрағын жекелеп тыңдаймыз. Шешу жолдары түсіндіріледі. Заң аясында шешу жолдары түсіндіріледі. Тұрғын үй мәселесіне қатысты заң бар, тізім бар»,- деді облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбетов.
Қала әкімінің орынбасары да баспананың тек кезекпен берілетінін түсіндірді.
«Қазір қалада 2000-нан аса көпбалалы ана баспана кезегінде тұр. Баспана заң аясында беріледі. Жоспар бойынша биыл 9 қабатты он үй тапсырылады. Аналар кезекке қарамай баспана беру жайын көтерді. Өкінішке қарай, ол мүмкін емес. Барлық сұрақ заң аясында шешіледі»,- деді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Азамат Бекет.