Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері

7326
Adyrna.kz Telegram

Мұқағали Мақатаев – «Мен сені сағынғанда»

Мен сені сағынғанда,
Қарамай жауындарға, дауылдарга,
Қарсы қарап жүземін ағындарға,
Кеудемде қимылдаған жаным барда,
Мен сені сағынғанда,
Бір минут та қақым жоқ дамылдарға.
Мен сені қызғанамын,
Қызғаныштан мұз шайнап,
Тұз жаладым.
Шаңқылдап алдымнан шық,
Ана-қыран,
Алыстан келеді ұшып мұзбалағың.
Тәкаппар ең, өрлікке бола туған,
Жет тездеп,
Дауыл тұрғыз қанатыңнан.
Сен - мендік, мен - сендікпін, ана-қыран,
Қыранбыз, қырандардан жаратылған!
Сағыныштың сағымын жамылғанда,
Қарамай қара нөсер қағынғанға,
Саған ұшам,
Қалмайды сабыр жанда,
Мен сені сағынғанда, сағынғанда...

Мұқағали Мақатаев – «Әйелдер-ай»

Әйелдер-ай!
Әйелдер!
Қандайсың?!
Әдемі боп кетіпсің ғой әрқайсың.
Біреу жеріп тұрса-дағы қалмайсың,
Біреу сүйіп тұрса-дағы бармайсың.
Әйелдер-ай!
Әйәйлар-ай, қандайсың?!
Әйелдер-ай!
Әйәйлар-ай, қулар-ай,
Жанарлардың жауын алып тұрғаны-ай!
Біле тұра бүйректерің бүлк етіп,
Кетесіңдер тыңдай тұра, тыңдамай.
Әйелдер-ай!
Әйәйлар-ай, қулар-ай!
...Әйелдерді еркектерден көп дейді.
Ойбай,
Ойбай!..
Бола берсін көп, мейлі!
Әйел деген әдемі ғой, әдемі,
Әдемілік бізге көптік етпейді...

Мұқағали Мақатаев – «Байқа, қалқам!»

Қалай ?!!
Қалай?!
Қалқам, маған не дедің?!
Meн өзімді зерттей алмай келемін.
Өзім жайлы жалғыз ғана дерегім -
Өзгелерге түсініксіз өлеңім.
Өмірім бар, өкпем де бар, наз-мұң да.
(Аңдап көргей, өзім жайлы жаздым ба?!
Қаршадайдан өмір кешіп саз, құмда,
Ақылымды ат тепті ме, аздым ба?!
Түсінбеймін неге келдім?!
Heгe өттім?
Мына өмірде нені жойдым, нені ектім?!
Байқа, қалқам!
Мен де саған керекпін!
(...Қазір қыс қой, жапырақсыз терекпін.)

Мұқағали Мақатаев — «Ғашықпын»

Ғашықпын! Шын ғашықпын сол адамға!

Мен болмасам, болмайын. Сол аман ба?!

О, тәңірім! Неткен жан қайрылмайтын!

Жүрегі еттен бе әлде қоладан ба?!

Ғашықпын. Қайтіп оны жасыра алам,

Бір алтын оның әр тал шашы маған.

Сағынайын, таусыла сағынайын,

Сағынышқа жаралған ғашық адам.

Шарықтап, қолым жетпес көкте Күнге,

Ақ қанат құсым менің кеткенің бе?

Шарқ ұрып бар ғаламды шыр айналып,

Мәңгілік сені іздеумен өткенім бе?

Сарғайған сағынышты басып толық

Бар үміт, бар сенімді шашып болып

Өтермін сірә да мен бұл өмірден

Мәңгілік қалармын мен ғашық болып.

Пікірлер