Қазақ киносының майталманы (Видео)

13569
Adyrna.kz Telegram

Осыдан тура 107 жыл бұрын, яғни, 1914 жылы 15-ші ақпанда  Павлодар облысының Баянауыл ауданында актер, кинорежиссер, Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шәкен Кенжетайұлы Айманов дүниеге келді. "Адырна" ұлттық порталы қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның өмірі жайлы деректерді оқырман назарына ұсынады.  

Болашақ актер Семей мұғалімдер техникумында оқып жүргенде, Алматыдағы Қазақ драма театрына шақырылды. Ш.Айманов 1933 жылдың маусым айында театрға жұмысқа қабылданды. Ол алғашында Грамофонов (К.Погодин «Менің досым»), Қодар, Алдар көсе (Ш.Құсайынов «Алдар Көсе»), Исатай (I.Жансүгіров «Исатай – Махамбет»), Кассио (У.Шекспир «Отелло») рөлдерін ойнады. Көп ұзамай Тихон, Великанов (А.Островский «Таланттар мен табынушылар», «Найзағай»), Шадрин (К.Погодин «Мылтықшы адам»), Кидд (Б.Лавренов «Америка дауысы»), Бретт (Дж.Гоу, А.Дюссон «Терең тамырлар»), Хлестаков (Н.Гоголь «Ревизор»), Казанцев (М.Әуезов «Түнгі сарын») сияқты классикалық рөлдерді сомдады.

Бұл тұлғалар ұлттық сахнамыздың сүбелі табыстарына жатады. Оның актерлік болмысы тұлғалы, іргелі, көшелі кейіпкерлерді кескіндеуге бейім. Ол қазақ сахнасында романтикалық театр мектебін калыптастырды. Ақан сері, Қобыланды, Сатин, Петруччо, Отелло бейнелерін аса зор актерлік машықпен зерледі. «Мылтықты адам», «Таланттар мен табынушылар», «Намыс соты» атты аударма пьесаларды сахнаға шығарып, режиссерлық жасады. 1947-1951 жылдары Қазақ драма театрының бас режиссері болды. «Абай әні», «Жамбыл» фильмдеріне түсу арқылы кино өнерінің де қыр-сырын меңгеріп, осы саладағы жемісті жолын бастады. 1953-1970 жылдары «Қазақфильм» студиясының көркемдік жағын басқарып, қазақ кино өнерінің өркендеуіне үлес қосты. 1953-1966 жылдары аралығында ол түсірген «Махаббат туралы аңыз», «Алдар көсе», «Атамекен», «Найзатас баурайында» фильмдерінің бәрінен де ұлттық бояу сезіледі. Жұртты қыран-топан күлкіге батырған әндері, екінің бірінің аузынан түспейтін «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште» фильмдеріндегі әзіл-күлкілі көріністер мен қисындардың да табиғаты ұлттық дәстүрлермен тамырласып жатыр.

Көп ізденістің нәтижесінде Ш.Айманов қазақ кино өнерінде де романтикалық-патриоттық мектептің негізін қалады. Оның соңғы еңбегі «Атаманның ақыры» фильмі талантының шарықтау шоқтығы болды. Бұл фильм таза іріктелген актерлік құрамы, режиссерлік сапасы, техникалық орындалу деңгейі жағынан да әлемдік талапқа сай шыққан туынды еді. Ш.Айманов Қазақстан Кинематографистер одағын ұйымдастыруға қатысып, одақ басқармасының бірінші хатшысы қызметін атқарды. 1963 жылы Каир қаласындағы Азия мен Африка елдері Халықаралық және Мәскеу қаласында өткен үшінші халықаралық кинофестивальдердің қазылар алқасы мүшесі болды.

Оның есімі Алматының бір көшесіне, «Қазақфильм» студиясына берілді. Ол тұрған үй мен студия ғимаратына мемориалдық тақта орнатылып, мұражай кабинеті ұйымдастырылды. «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», т.б. ордендермен марапатталған.

Ұлттық киномыздың дамуына еселі еңбек сіңірген тұлға 1970 жылы Алматы қаласында қайтыс болды.

 

Пікірлер