Еліміздің министрлері қайда оқыған?

15237
Adyrna.kz Telegram

Жақында ғана Үкіметтің жаңа құрамы белгілі болды. Осыған орай «Адырна» тілшісі билік басында отырған шенділердің қай жоғары оқу орындарында білім алғандығы туралы материал дайындады.

Асқар Мамин – ҚР Премьер-Министрі

 1965 жылы Целиноград қаласында дүние есігін ашқан. 1987 жылы Целиноград инженер құрылысы институтын, 2003 жылы Г. В. Плеханов атындағы Ресей экономикалық академиясын инженер-құрылысшы, экономист мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын «Целинтяжстрой» тресінде монтаждаушы болып бастады.

Әлихан Смайылов – ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары

1972 жылы Алматыда туған. 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ  ұлттық университетін «қолданбалы математика» мамандығы бойынша бітірген. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақ менеджмент, экономика және болжау институтын тамамдап, мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алған. Мансабын «А-Инвест» инвестициялық-жекешелендіру қорының бас маманы болып бастаған.

Роман Скляр — ҚР Премьер-Министрінің орынбасары

1971 жылы Павлодар қаласында өмірге келген. Мәскеу қазіргі замандық бизнес институтының «қаржы және несие» факультетінде экономист мамандығы бойынша; Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтында заң ғылымдарының бакалавры мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын «Екібастұз- көміравтоматика» монтаждық жөндеу басқармасының монтажшы слесарі болып бастаған.

Ералы Тоғжанов – ҚР Премьер- Министрінің орынбасары

1963 жылы Батыс Қазақстан облысында туған. Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.  1991 жылы ҚР ҒА Мемлекет және құқық институтының аспиранты атанды. Қызметін Октябрь орман шаруашылығының жұмысшысы ретінде бастаған.

Ғалымжан Қойшыбаев — Премьер-Министр Кеңсесінің басшысы

1968 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1991 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университететін тәмамдап, философия факультетінің аспиранты атанады. Оқу бітіргеннен соң елге оралып, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің атташесі, үшінші хатшысы қызметін атқарды.

Тілеуберді Мұхтар – ҚР Премьер-министрінің орынбасары,  Сыртқы істер министрі

1968 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетін бітірген. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Азия және Африка институтында және Йенсе Университеті (Корей Республикасы) жанындағы Тілдер институтында тәжірибе алған.  Университетті бітіргеннен кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің философия тарихы және қытай филологиясы кафедраларында жұмыс істеген.

Нұрлан Ермекбаев –  Қорғаныс министрі

1963 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. 1986 жылы КСРО Қорғаныс министрлігінің Әскери Қызыл ту институтын қытай және ағылшын тілдерін меңгерген офицер мамандығы бойынша үздік бітірген. 1996 жылы Қазақ сәулет және құрылыс академиясын инженер-экономист мамандығы бойынша тәмамдаған. Түрлі жылдары коммерциялық кәсіпорындарда, Сыртқы істер министрлігі құрылымында, ҚР Президентінің Әкімшілігінде қызмет еткен.

Ерлан Тұрғынбаев - Ішкі істер министрі

1962 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1984 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде заңгер мамандығы бойынша білім алған. Кейін қаржы және несие факультетін экономист мамандығы бойынша бітірді. Мансабын Қарағанды облыстық ІІБ Саран ауданы ІІБ қылмыстық іздестіру бөлімшесінің жедел өкілі болып бастаған.

Аида Балаева — Ақпарат және қоғамдық даму министрі

1974 жылы Алматы облысында өмірге келген. 2000 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. 2007 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін «құқықтану» мамандығы бойынша аяқтаған. Қызметін Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Алматы облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының қоғамдық-саяси процестерді талдау және үйлестіру бөлімінің жетекші маманы болып бастаған.

Әсет Ерғалиев – Ұлттық экономика министрі

1986 жылы  Қостанай қаласында дүниеге келген. Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтын, сондай-ақ Йорк университетін тәмамдаған, экономика ғылымдарының магистрі дәрежесі бар. Еңбек жолын 2013 жылы «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Кәсіпкерлікті дамыту орталығының директоры болып бастады.

Сапархан Омаров – Ауыл шаруашылығы министрі

1968 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.  Г.В. Плеханов атындағы Ресей экономикалық академиясында экономика және әлеуметтік жоспарлау мамандығы бойынша,  Қазақ мемлекеттік заң университетінде құқықтану мамандығы бойынша оқыған. Мансабын 1985 жылы Түркістан құрылыс және жол машиналарын жөндеу зауытында жұмысшы болып бастады.

Марат Бекетаев – Әділет министрі

1977 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1998 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін, 2000 жылы Лондон экономика және сасяи ғылымдар мектебін тамамдаған. Еңбек жолын 2001 жылы «ҚР СІМ дипломатиялық өкілдіктермен жұмыс департаменті» РМК ұйымдық - хаттамалық бөлімінің ақпаратты өңдеу секторының меңгерушісі болып бастады.

Асхат Аймағамбетов – Білім және ғылым министрі

1982 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. 2003 жылы Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ тарих факультетін «тарихшы, тарих мұғалімі» біліктілігі бойынша, 2006 жылы Қарағанды «Болашақ» актуалды білім беру институтының заң факультетін «құқықтану» мамандығы бойынша аяқтаған. Еңбек жолын 2002 жылы Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ-ден бастады.

Алексей Цой – Денсаулық сақтау министрі

1977 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Sells College (Лондон), Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының аспирантурасын, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын, "Дәнекер" халықаралық құқық және халықаралық бизнес институтын, РФ президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының корпоративтік басқару жоғары мектебін тәмамдаған. 1998-2001 жылдары «Аспан Шымкент» ЖШС бас бухгалтері, коммерциялық директоры болып қызмет еткен.

Серік Шапкенов – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі

1979 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетін жоғарғы кәсіби білімді экономист-математик мамандығы бойынша тәмамдаған. Мансабын Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде оқытушы ретінде бастады.

Бейбіт Атамқұлов – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі

1964 жылы Алматы облысында дүниеге келген. В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институты мен Санкт-Петербург қаласындағы экономика және қаржы мемлекеттік университетінде оқыған. Еңбек жолын 1985 жылы А.П. Завенягин атындағы Норильск тау-кен металлургия комбинатының жез балқыту зауытында балқытушы ретінде бастады.

Ерұлан Жамаубаев – Қаржы министрі

1974 жылы Алматы облысында туған. 1995 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, «Қаржы және кредит», 2009 жылы Қазақ экономикалық университетін бітірген. Мансабын Қазақ мемлекеттік басқару академиясының оқытушысы болып бастады.

Ақтоты Райымқұлова – Мәдениет және спорт министрі

1964 жылы Алматы қаласында туған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының "композиция" және "фортепиано" мамандықтарын, "композиция" мамандығының асистентурасын бітірді. Халықаралық Бизнес академиясының "Менеджмент" мамандығының магистратурасын тәмамдаған. Еңбек жолын оқытушы ретінде бастады.

Бақыт Сұлтанов – ҚР Сауда және интеграция министрі

1971 жылы Алматыда дүниеге келген. 1994 жылы Қазақ ұлттық техникалық университетін инженер-электрик мамандығы бойынша, ал 1995 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын экономист мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолын 1994 жылы ҚР Қаржы министрлігінде қаржы нарығының құнды қағаздары басқармасы акционерлеу және лицензиялау бөлімінің жетекші экономисі болып бастады.

Юрий Ильин – Төтенше жағдайлар министрі

1968 жылғы Ресейдің Куйбышев қаласында туған. 1989 жылы Алматыдағы И.С.Конев атындағы Жоғары қарулы командалық училищесін "Шынжырлы және доңғалақты көлік құралдарын пайдалану инженері" мамандығы бойынша бітірді, 2006 жылы - Қырғыз мемлекеттік заң академиясын бітірген. Еңбек жолын Украинаның Сумск облысының 390 азаматтық қорғаныс курсының оқытушысы болып бастаған.

Бағдат Мусин – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі

1983 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Сүлеймен Демирел атындағы университетті және Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын бітірген. Еңбек жолын инженер-бағдарламашы болып бастады.

Мағзұм Мырзағалиев – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі

1978 жылы Алматыда дүниеге келген.  1999 жылы «Тұран» университетін экономист мамандығы бойынша, 2003 жылы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын халықаралық қатынастар экономисті мамандығы бойынша тәмамдаған. Мансабын Ақмола облыстық орман басқармасының қаржы және экономикалық талдау бөлімінің бас маманы ретінде бастады.

Нұрлан Ноғаев – Энергетика министрі

1967 жылы Ақтөбе облысында туған.  И.Губкин атындағы Мәскеу мемлекеттік мұнай және газ академиясы, Қазақ мемлекеттік басқару академиясы, Ресей Сыртқы істер министрлігі жанындағы "Халықаралық қатынастар университеті" Мәскеу мемлекеттік институтын, тау-кен инженері, экономист, халықаралық қатынастар маманы, әкімшілік іскерлік жөніндегі шебер мамандықтары бойынша бітіріп шыққан. Еңбек жолын Ақтөбе облысы, Қандыағаш станциясында электр шебері болып бастады.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер