Алаяқтардың құрбанына айналғандар: Жамбыл облысында 11 адам әділдік іздеуде

1097

Жамбыл облысында алаяқтардың қармағына ілініп несиені бонусымен аламыз деп 11 адам бірдей тақырға отырған. Осыдан тура бір жыл бұрын болған оқиғадан зардап шеккендердің ісі әлі аяқталмаған. Ал алданып миллиондаған қарызға батқан адамдар банктен бөлек белгісіз адамдардың қоқан-лоққы жасап, хабарласатын адамдар көбейгенін айтады. Редакциямызға шағымданған Жамбыл облысы, Аса ауылының тұрғыны Мейрамкүл Заттыбекова болған жайды бастан-аяқ әңгімелеп берді.

         Тұрмыстың тауқыметі әбден қажытқан бұл тұрғындар алаяқтардың арбауына түсеміз деп еш ойламаған. Алайда, іші-бауырына кіріп, өлердегі сөзін айтқандар «Аңқау елге арамза молданың» тірлігін жасапты.

         «Оқиға 2019 жылғы қаңтарда басталды. Маған 150 мың теңге шамасында қаражат қажет болды. Содан бір бауырымның көршісінің үйінде несие алып беріп жатқан Маржан Әділова туралы есіттім. Бір хабарласып едім. Содан маған одан балаларыма дейін күніне жүз мәрте қоңырау шалып маза бермей қойды. «Бізді бонус аласыңдар» деп алдап осы пәлеге душар етті. Содан Тараз қаласындағы «Эврика» дүкенінен алмаған заттарымызды алған етіп бірнеше банктің клиенті етіп жіберіпті. Ешқандай зат алмасам да «Еуразиялық Банк» АҚ және «Банк Хоум Кредит» АҚ-нан 2 миллион теңге тауарлық несие рәсімдетіп жіберіпті. Қазір сол алмаған несиелерімді төлеуге мәжбүр болдық. Әбден қиналып кеттім, - дейді Аса ауылының тұрғыны Мейрамкүл Заттыбекова.

Іс насырға шауып қарызға белшеден батқан соң Мейрамкүл барлық қоңырауларды жазып алатын болыпты. Айтуынша, банкке төлеген барлық түбіртектер мен жазылып қалған телефон әңгімелеріне дейін бар.

«Алғашқыда Раушан Әділова бізбен бірге жүгіріп, арыз жазып, жәбірленушінің кейпіне енген. Кейін іспен айналысқан тергеушілер де, тіпті бізді осы іске тартқан Әділованың өзі де бізді алдағанын мойнына алды. Маргарита Герман деген бізге несие алдырған қашып кетіпі. Кейін табылды дегенді естідік. Барлық айғақ дәлелдеріміз бар. Бірақ, әлі күнге дейін айыптылар жазасын алған жоқ. Іс №2 Тараз қалалық сотында көптен бері қаралып жатыр. Дәл мен сияқты жалпы 11 адам осы алаяқтың құрбаны болдық. Әбден жүйкеміз жұқарып, шаршап кеттік, - дейді Мейрамкүл Заттыбекова.

Екі миллион теңгеден астам қарызға батқан Мейрамкүл апаның  қазір үй ішінен маза кеткен. Отбасындағы жағдайдан бөлек қазір белгісіз нөмірлерден телефон шалынып, қоқан-лоққы көрсетететіндер де табылыпты.

         «Біз өз еркімізбен төлемдердің бәрін ай сайын жасап жатырмыз. Чектері мен түбіртектерінің бәрі бар. Ешқайда қашып, көшіп кеткен жоқпыз. Аталған мәселені айтып шағымданбаған жеріміз қалмады. Қалалық, облыстық прокуратураға, сотқа, полиция департаментіне бірнеше мәрте бардық. Біз сияқты алданған адамдар адамдар өте көп екен. Кейбіреуі тіпті хат танымай, арыздарын біреулерге жазғызып жатқандар да болды. Арада екі жылдан астам уақыт өтсе де іс шешімін таппай жатыр. Бұл аздай енді жан-жақтан күніне бірнеше мәрте телефон шалып, қоқан-лоққы жасап жатыр. Олардың кім екендерін де білмеймін. «Балаңыз Айдос бізбен кездессін, қағаздарға қол қойсын. Егер айтқанды орындамасаңыздар өздеріңізді сотқа тартамыз» деп қорқытып-үркітеді. Тіпті жұмыс жасауыма да кедергісін тигізіп жатыр. Тұрмысқа шыққан қызыма да телефон шалып, ажырастыруға дейін барды. Бірде «қалалық әкімдіктенбіз барлық материалдарыңызды бізге беріңіз» деп таныс емес нөмірлер хабарласады. Бірде бөтен нөмірлерден хабарласып өзімді тергеуге алып, айтқандарын орындамасам сотқа арызданатындарын айтып қорқытады. Олардың бәрінің телефондары мен аудио жазбалары сақтаулы, - дейді Мейрамкүл Заттыбекова.

Мейрамкүлдің айтуынша, іс бойынша материалдар тергеушілердің қолына тиіп, №2 Тараз қалалық сотында қаралған. Бірақ істің қалай болып жатқаны туралы ешкім тіс жарып айтпаған.

         «Біз мән-жайды сұрап істің қашан шешімін табатынын сұрадық. Бірақ не полиция департаменті, не прокуратура, не сот еш жөндеп жауап бермейді. Істің не болып жатқанынан хабарымыз жоқ, - дейді Мейрамкүл Заттыбекова.

Біз мәселенің анық-қанығын анықтау мақсатында №2 Тараз қалалық сотына хабарластық.

         «Бұл қылмыстық іс көптен бері қаралып жатыр. Халықты алдап кетті деп күдікке ілінген Маргарита Герман қашып кеткен. Оны тауып алдырдық. Істі біріктіру үшін жаңадан арыз қабылданды. Қазір судьялар істі толығымен қарастырып жатыр. Жақын арада шамамен 1 ай шамасында аяқталып қалуы тиіс, - дейді №2 Тараз қалалық сотының төрағасы Низамеддин Жамашов.

Жәбірленуші Мейрамкүл Заттыбекова сот және құқық қорғау органдарының істі тым созбақтатып жібергеніне алаңдаулы. Ол іс шешімін таппаса Жоғары Сотқа және Бас Прокуратураға арыз беруге ниетті.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы