"НАМЫСЫҢДЫ ҚОРҒА, ДЕПУТАТ!" - Жарасбай Сүлейменов

722
Солтүстік Қазақстан облысынан Парламет депутаты болған, қазіргі қоғам белсенділерінің бірі  Жарасбай Сүлейменов Парламент депутаттарының қоғамдағы, әлеуметтік желілердегі  өздері жайлы айтылып жатқан пікірлерге жауап бермегені үшін сынға алды. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік парақшасына жария етті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 
Экс-депутат өзінің бұрынғы әріптестерінің жылы орындарын суытқысы келмейтінін айтты.
"Парламент Мәжілісі мен жергілікті өкілетті органдар депутаттарының кезекті сайлауы да өтті. Бұл жолы Мәжілістің де, мәслихаттардың да құрамы айтарлықтай жаңаратыны қазірдің өзінде белгілі болып отыр. Өте дұрыс. Әйтпесе, депутат мандатын қалтасына салып алған кейбіреулер одан өле-өлгенше айырылмауға бар. Бұл енді бөлек әңгіме" - деді Жарасбай Сүлейменов.
Қоғам белсендісі депутаттардың әлеуметтік желілерде айтылып жатқан пікірлерге қатысты ешбір пікір айтпайтынына қынжылыс білдірді.
"Ал менің қазір айтқалы отырғаным-осы депутаттар неге өздерін қорғамайды, неге партияның, Парламенттің қызметіне қатысты көтеріліп жатқан ашық әңгімелерге қатыспайды? Жасыратыны жоқ, әлеуметтік желілерде, былайғы жұрттың арасында да Парламент депутаттарын сынаушылар өте көп. Тіпті саясаттан алшақ , ішкі мәдениеті төмен кейбіреулер әйтеуір, "тисе- терекке, тимесе-бұтаққа" дегендей, аузына не келсе соны айтып жатады. Осы күнге дейін өзім пайдаланып отырған әлеуметтік желілерде соларға бір депутаттың жауап қатып, дәлелді сөзін айтқанын кездестірмеппін, - дейді ол.
Қоғам белсендісі депутаттардың жасап жатқан жұмыстары туралы түсіндіру қажет деп есептейді.
"Айталық, кейбіреулер депутаттарды шыбық басын сындырмайсыңдар, қазынаның ақшасын текке шашып отырсыңдар, арамтамақсыңдар деп кіналайды. Осыған жауап беруге болады ғой. Шын мәнінде Парламенттегілердің бәрі бірдей қалталарына қолдарын салып, бос селеңдеп жүрген жоқ. Онда да қайнаған жұмыс. Қабылдануға тиіс заңдардың жобалары үйіліп-төгіліп келе береді. Оларды талдау, талқылау керек. Толып жатқан комиссиялар, іс-сапарлар... Қайсын айтып тауысасың, басқа да жұмыстар бастан асып жатыр.
Соны күн сайын болмаса да халыққа ара-тұра әлеуметтік желі арқылы түсіндіріп отыруға , Парламенттің, депутаттардың қызметіне қатысты теріс пікірлерін өзгертуге болар еді ғой. Жоқ, біздің депутаттарымыз басын құмға тығып алған түйеқұс сияқты селт етпейді. Әдетте, "сен тимесең мен тимен" деуші еді, терілері сондай қалың болар ма, бұларды іреп, сойып жатсаң да қыңқ етпейді. Мұның бәрін неге айтып отырмын. Жаңадан сайланған депутаттардың құлағына алтын сырға! Ел сеніміне ие болып, саясат сахнасына шыққан екенсіздер, халықпен бірге болыңыздар, олардың аманатына, өкпе-назына әркез сергек қараңыздар! Орынды сыннан қорытынды жасаңыздар, ал сын орынсыз болса, текке күйдіріп жатса, жасымаңыздар, жасқанбаңыздар, ашық сайысқа шығыңыздар! Намысты қолдан бермеңіздер!" - деді Жарасбай Сүлейменов.
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар